18 Қараша, 2016

Мал ұрлығы қоғамдық проблемаға айналды

605 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мал шаруашылығы – жұмыспен қамту тетігі және табыс көзі. Алайда, ауылдық жерлерде мал ұрлығының дендей түсуі – жалақысы төмен, тек маусымдық жұмыспен ғана күн көретін ауыл тұрғындарына айтарлықтай  қиындық туғызуда. Жалпы, шалғай жатқан елді мекендердегі ұрлық-қарлық, өзгенің мүлкін иелену, оны талан-таражға салу, алаяқтық, тонау, пайдакүнемдік сипатындағы қылмыстардың орын алуының басты себебі – жұмыссыздық мен тұрақты кіріс көзінің болмауы. Әсіресе, қазіргідей қаржы дағдарысы жағдайында тұрақты жұмысы жоқ ауыл тұрғындары үшін мал ұрлығы олардың әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізуде. Себебі, мал шаруашылығынан түсетін өнім – олар үшін жалғыз тіршілік көзі. Бүгінде мал ұрлығымен күрес бағытында, бәлкім, белгілі бір іс-шаралар жүргізіліп те жатқан болар. Бірақ, неге олар тіркелген қылмыстар санының көбеюіне тоқтам бола алмауда? Себебі, бүгінде мұндай қылмыстардың саны көбеймесе, азаймай отыр. Мәселен, соңғы жылдары, дәлірек айтсақ, 2012-2014 жылдар аралығында мал ұрлығына қатысты 29 мың 703 қылмыс тіркелген екен. Оның ішінде 2012 жылы – 9 мың 926, 2013 жылы – 11 мың, 2014 жылы – 8 мың 765. Алайда,  бұл мәселе қанша жерден өткір тұрса да, 2015 жылдан бастап бұл санаттағы қылмыстардың статистикалық есебі жүргізілмей келеді. Ал ол мал иелеріне залал келтірумен қатар, еліміздің санитарлық, ветеринарлық қауіпсіздігіне де қатер төндіруде, салық төлеуден жалтарушылық орын алып, мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономиканың дамуына да өз ықпалын тигізіп отыр. Әрине, мұндай жағдайлардың белең алуына себеп боларлықтай бірнеше фактор бар. Біріншіден, құқық қорғау және мемлекеттік органдар тарапынан мал ұрлығымен күрес және оның алдын алу бағытында атқарылатын шаралардың мардымсыздығы. Екіншіден, мал санын есепке алудағы дәйексіздік. Мәселен, республикамыздың өңірлерінде малды есепке алу әр шаруа қожалығына барып, тексеру жүргізілместен, тек немқұрайлы түрде ғана жү­зеге асырылады. Малды есептен шығару мен есепке қоюды уақтылы жүргізбеу факті­­лері де кездеседі. Ал мұндай жағдайда ста­тистикалық дерек пен немқұрайлы дерек ара­сында сандық жағынан үйлеспеушілік орын алатыны белгілі. Үшіншіден, жергілікті ат­қарушы органдар тарапынан жайылым орындарын бақылауда ұстауда тиісті жұмыстардың атқарылмауы да, сондай-ақ, азаматтардың өз төрт түліктерін жайылымдық жерлерде бақылаусыз қалдыруы да мал ұрлығын азайтпай отыр. Бұл жерде тағы бір мәселе бар. Мысалы, пайдакүнемдік жолымен ұрланған малдарды белгіленбеген орындарда сою көп жағдайда, санитарлық және ветеринарлық ереже талаптарына сәйкес келмей жатады. Соның әсерінен, ұрланған малдың үй жағдайында сойылған етіне «мемлекеттік стандарттың, санитарлық-эпидемиологиялық ережелері мен нормаларының талаптарына сай келеді» дейтін жалған анықта­малар алуға жол беріліп жатады. Ұрланған малдар негізінде, түн мезгілінде, мәселен, жер үйлердің аулаларында, шаруа қожалықтарында сойылады. Ал мұндай ет өнімдерінің төмен баға ұсынған мекемелер, жеткізушілер арқылы денсаулық сақтау, білім беру, қылмыстық атқару жүйесі және т.б. орындарға да өткізілетіндігін жоққа шығаруға болмас. Жалпы, құқық қорғау органдары тарапынан қолданылатын шаралардың жеткіліксіздігінің, қылмысқа қарсы тұрудағы енжарлықтың, қоғамда жүгенсіздік түсінігінің кеңінен белең алуының әсерінен мал ұрлығы үдерісіне көп адам тартылып жатыр. Бұл – кері үрдіс. Себебі, мұндай жағдай қарапайым халықтың құқық қорғау органдарына және мемлекеттік билікке деген сенімін жоғалтады. Сондықтан осы мәселені шешу үшін еліміздің ішкі істер, сондай-ақ, барлық уәкілетті және жергілікті атқарушы органдарының өкілдері өз жұмыстарын жүйелі түрде қайта үйлестіріп, дер кезінде кешенді шараларды қабылдаулары керек. Қазақтың «Мал ашуы – жан ашуы» деген сөзі осындайда еріксіз еске түседі екен... Балайым КЕСЕБАЕВА, Мәжіліс депутаты