18 Қараша, 2016

Судьялар қоғам талабына сай болуы қажет

262 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
kzh_1397-121 қараша күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысының қатысуымен Судьялардың VII съезі өтеді. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында аталған съезде көтерілетін мәселелер төңірегінде, сондай-ақ Ұлт жоспарын іске асыру шеңберіндегі сот жүйесінің дамуы жайында Судьялар одағының төрағасы Мұсабек Әлімбеков пен Жоғарғы соттың судьясы Ғалымжан Мырзаке әңгімелеп берді. Судьялар одағы төрағасының айтуынша, съезде Ұлт жоспарының орындалуы бойынша сот жүйесінің жұмысы қорытындыланады, сондай-ақ Судьялардың әдеп кодексінің жаңа нұсқасының қабылдануы күтіліп отыр. «Бұл шара 1996 жылдан бас­тап, әрбір төрт жыл сайын өткізіліп келеді. Съездерде дәстүрлі түрде сот жүйесінің дамуына арналған ең өзекті мәселелер талқыланады, атқарылған жұмыс қорытындыланады, алдағы кезеңге арналған міндеттер қойылады, – деді М. Әлімбеков. – Алдағы VII Съезде Ұлт жоспарының орындалуы бойынша сот жүйесінің жұмысы қорытындыланады. Сондай-ақ, Әдеп кодексінің жаңа нұсқасының қабылдануы күтіліп отыр. Бұл судьялардың кәсіби және моральдық бейнесіне қоятын қоғам талабының өсуінен туындады. Кодекстің жаңа жобасында судьялардың кәсіби қызметтегі, қоғамдағы, отбасы мен тұрмыстағы жүріп-тұруының әдеп негіздерін реттейтін нормалар мен ережелер қайта қарастырылған. Судьялар жүріп-тұруының негізгі қағидаттарына тәуелсіздік, объективтілік, әділдік, әдеп нормаларын сақтау, теңдік, құзыреттілік пен ынталылық жатады. Кодекс жобасында «Судьялар мінез-құлқының Банголор қағидаттарының» ережелері мен сот билігінің тәуелсіздігі мәселелеріне арналған Киев конференциясының ұсынымдары ескерілді». Бұдан кейін Жоғарғы сот судьясы Ғ.Мырзаке Ұлт жоспары шеңберінде сот жүйесін реформалау бойынша қойылған міндеттердің жүзеге асырылуы туралы баяндап берді. «Атап айтқанда, Ұлт жоспарының сот жүйесіне бекітілген барлық қадамдары табыс­ты іске асырылды. Қазақстан бес сатылыдан үш сатылы сот жүйесіне көшті. Сот ісін жүргізудің мұндай моделі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Реформалардың негізгі нәтижесі – шығарылған сот актілерінің өз күшіне неғұрлым жедел енуі, процесті қасақана созуды болдырмау», – деді ол. Сонымен қатар, Ғ. Мырзаке судьялыққа үміткерлерге қойылатын талаптардың күшейтілгенін, іріктеу жүйесінің қатаңдатылғанын айтты. «Жоғары Сот Кеңесі дербес мекемеге айналып, судьяларды іріктеу мен тағайындау бойынша жүйелі жұмысты жолға қойды. Сот төрелігі институты Жоғарғы сот жанындағы академия ретінде қайта құрылды. Сот жюриінің қызметі реформаланды. Бұл өз кезегінде азаматтардың аталған институтқа судьялардың әрекеттеріне қатысты шағыммен тікелей жүгінуіне мүмкіндік беріп отыр. Жоғарғы соттың жанынан құрамына отандық және шетелдік беделді сарапшылар кіретін Халықаралық кеңес құрылды. Соттарда аудио, бейнетіркеу жүйесі белсенді түрде қолданылуда. Бүгінде республикадағы сот залдары аудио, бейнетіркеу жүйесімен 100 пайыз жарақтандырылған»,– деді судья. Сондай-ақ, ол 2016 жылғы қаңтардан бастап, Азаматтық процестік кодекстің жаңа редакциясы қабылданғаннан кейін құқықтық кеңістіктің айтарлықтай жақсара бастағанын жеткізді. «Мәселен, биылғы 10 айда 2015 жылмен салыстырғанда 348 мың материал қысқартылған іс жүргізу тәртібінде қаралды. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 193 мың болған, яғни 1,8 есе өсті. Партисипативтік рәсім іске қосылып, 2016 жылы 387 іс осы тәртіппен шешімін тапты. Медиацияны қолдану 5261-ден 15 808-ге дейін өсті», – деді Ғ. Мырзаке. Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан»