18 Қараша, 2016

Кадр даярлауда қоғам дамуы ескерілуі керек

231 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Соңғы кезде заңгер кадрларға деген талап айтарлықтай күшейтіліп келеді. Осыған орай, кеше Бас прокуратурада «Заңгер кадрларды даярлау, құқық қорғау органдарына іріктеу және жылжытудың өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясымен және IRZ Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының қолдауымен болып өтті. Бас прокурор бірінші орынбасары Иоган Меркель тәуелсіздік жылдары құқық қорғау органдарының кадрлық саясатында едәуір жұмыс­тар атқарылғандығын ерекше ата­ды. Жалпы, кадрлық болжам, бас­шылық лауазымдарға кадрлық ре­зерв, бәсекеге қабілеттілік көр­се­т­кіші, қызметкерлерді бағалау, лау­азымдар бойынша разрядтар енгізілді, ротациялауға жататын бас­шылық лауазымдардың тізбесі бекітілген. Сондай-ақ, ашықтықты қамтамасыз ету үшін ведомстволық деректер банкі құрылуда. Онда бос басшылық лауазымдар туралы мәліметтер жинақталады. Әрбір қызметкердің жұмысын объективті өлшеу және бағалау үшін жұмыс стандарттары енгізілетіні де назардан тыс қалмады. Ал Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ұлан Байжанов құқық қорғау жүйесі үшін кадрлар даярлаудың жаңа моде­лін таныстырды. Оның мә­лі­меті­не қарағанда, соңғы 12 жылда елімізде жоғары оқу орындарын 250 мыңға тарта заңгер бітірген. Әрбір 100 мың тұрғынға шаққандағы көр­сет­кіш бойынша Қазақстан Корея, Жапония, Германия, Ұлыбритания және АҚШ сияқты ел­де­рді артқа тастаған. Жыл сайын елімізде заңгерлерді даярлауға рұқ­са­ты бар 82 жоғары оқу орны болса, олар жылына 30 мың талапкер жи­нақ­тайды екен. Тек 2015 жылдың өзін­­де ғана 20 мыңға тарта түлек заң­герлік мамандық иесі атанған. Алай­да, жаңа талаптарға сәйкес таң­дау жасағанда олардың 75 пайы­зы бірінші кезеңнен-ақ сүрініпті. Бас­қасын айтпағанда, құқық қорғау орган­дарының қызметін реттейтін не­гізгі заңдарды білмейтін болып шыққан. Отырыс барысында сөз ал­ған Май­ндағы Франкфурттың бұ­рын­ғы бас прокуроры Ханс-Йонзеф Блюмензатт өз кезегінде Гер­ма­ния­да заңгерлік білім алу үшін 4, 5-6 жыл қажет екендігін алға тарт­ты. Сонымен қатар, жоғары оқу ор­нын бітірген түлектер 2 жылдық та­ғылымдамадан өтуі қажет болса, оның нәтижесі бойынша да мем­лекеттік емтихан тапсырады екен. Тек емтихан тапсырғаннан кейін ғана заңгер атанып, судьялыққа немесе прокурорлыққа өз кандидатурасын ұсына алатын көрінеді. Бұл елде екі жылдық тағылымдамадан өткендердің 15 пайызы, яғни 7 мыңы ғана екінші мемлекеттік емтиханнан сүрінбей, үлкен өмірге жолдама алады екен. Солардың көпшілігі адвокат болып шығатыны ерекше аталды. Бұдан кейін сөз алған Мемле­кет­тік қызмет саласындағы өңірлік хаб­тың басқарушы комитетінің тө­ра­ғасы Әлихан Байменов бұрынғы бір данышпан заңгердің «Заңдар да адамның өсуін ескеріп пішілген киімі сияқты болуы керек» дегенін орнымен келтірді. Кадр даярлауды қоғамның 10-15 жылдағы өсуін ескере отырып жүзеге асырған жөн, деген Ә.Байменов кадр даяр­лау жүйесі еліміздің дамуы барысын ескере әрі даму әлеуетін қаперге ала жүзеге асқаны жөн деген пікірін ортаға салды. Қорыта айтқанда, талқылау барысында сарапшылар заңгер кадрларды даярлау, іріктеу, құқық қорғау органдарында заң кадрларының мансаптық өсуін қамтамасыз ету сияқты мәсе­ле­ле­р­де өз пікірлерімен және тә­жірибелерімен бөлісті. Оның нә­тижелері бойынша заң кадрларын дая­рлау, іріктеу және ілгерілету жүй­есін жетілдіру, құқық қорғау органдары кадр саясатының тиімділігін арттыру бойынша ұсынымдар енгізілгендігін атап кеткен орынды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»