18 Қараша, 2016

Өнеге өрнектері (Елбасы кітабы туралы пікірлер)

541 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
99999«Егемен Қазақстан» газеті Елбасының «Ұлы Дала ұлағаттары» жазбасын сүйіншілеп, басқалы еліміздің бас басылымын бұрынғыдан да бетер күтетін болдық. Газетке шыққан тараулармен толықтай таныстым. Ең алдымен маған оның көпшілікке түсінікті, тартымды, қарапайым, оқуға жеңіл тілмен жазылғаны ұнады. Дүние жүзіне белгілі саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз халқымен сырласып отырғандай әсер береді. Кесек туынды түрлі мәселені, талай тақырыпты қозғайды. Олардың барлығы да түптеп келгенде Қазақстан мемлекетінің, оның халқының ертеңін,Тәуелсіздігіміздің берік болуын меңзейді. Ұлан байтақ жердің, елдің, мемлекеттің иесі – қазақ халқына айтары мол. Ол шығарманың өнбойында өріліп отырады. Әсіресе, тіл мен дін жөнінде айтқанын ұлттық намысы, жүрегінде иманы бар, өз халқының, жерінің патриотымын дейтін азаматтар толқымай оқи алмас деп ойлаймын. Қазақ тілі – біздің мемлекеттік тіліміз, ана тіліміз. Қызыл саясаттың уақытында көп зардап шеккен Қостанай өңірінде ана тіліміздің аяқ асты болған кезін өзіміз көрдік, басымыздан да өткердік. Менің балалық шағым Ұзынкөл ауданында казак-орыстардың ортасында өтті. Орыс тілін бір орыстан артық білмесем, кем білмейтін мен жоғары оқу орнын бітіріп, ауылға жас маман болып келгенімде қазақша бір ауыз сөз айта алмадым. Өткен ғасырдың сонау 70-ші жылдары қазақша сөйлегендерге жұрт одырая қарайтын. Қазір ойлап отырсам қорлық екен ғой. Аудандық партия комитетінде қызмет істейтін бір ұлтжанды ағаның айтқан ақылынан кейін ана тілімді үйренуге жан-тәніммен шұғыл кірістім. Ынта-ықылас болса қазақ тілін тек қазақтар ғана емес, Қазақстанның барлық этностары үйреніп алар еді. Мен қазір ана тілімді айналамдағы ешкімнен кем сөйлемеймін, халқымның поэзиясына, өнеріне тұшынамын, сол үшін өзімді бақытты санаймын. «Іс басында, әсіресе, халықтың көз алдындағы жауапты қызметте отырған қазақтардың өздері мемлекеттік тілді менсінбей, өзге тілде сөйлеуге құмар болса, оған халық та, тіл де кінәлі емес. Кінәлі ұлттық намыстың аздығы, өзгелерге еліктегіштік, ұлт дәстүріне енжарлық» деген Елбасы сөзі саналыға садақтың жебесіндей емес пе? Елбасы кітабында дін жөнінде де жүрегіңе жеткізе, кәусар бұлақтан су ішкендей айызыңды қандыра айтады. Тілден, діннен айырылған халық тобырдың кейпін кимей ме? Елбасы жазбаларынан ұлттың тамыры мықты болуы үшін тіл мен ділдің, дәстүрдің берік болуы керектігін түсінеміз. Қазақ халқы ұлы далада көшіп-қонып жүріп, ислам дінін таза ұстады. Ол халықтық дәстүрлермен жарасымды өрілді. Нұрсұлтан Әбішұлы қазір жас­тарымызды адастырып жүрген «жиһад» сөзіне де түсінік береді, оның Құрандағы мағынасына тоқталады. Осы кітапты оқыған жастардың тарихи, гуманистік ислам туралы түсініктері тереңдей түсері толассыз. Сондықтан ол әр отбасының төрінен табылуға лайық. Мұнда айтылған мәселелер туралы арнайы семинарлар өтсе, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар лекция оқыса жөн болады деп білемін.  Сайран БҰҚАНОВ, Қазақстанның Еңбек Ері Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы  

Салиқалы сараптама

Ұлттық газетіміз – «Егемен Қазақстанда» жарияланған Елбасының «Ұлы Дала ұлағаттары» шығармасының алғашқы беттерін оқығаннан-ақ тарам-тарам ойлар құшағына енесің. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ұлт көшбасшысы: «Садағаң кетейін, айналайын халқым! Сенің мүддең жолында бойдағы қуат, ойдағы нәрдің бәрін сарп етуге бейілмін» – деп ағынан жарылғаны есімізде. «Ұлы Дала ұлағаттары» – Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 25 жыл толуы қарсаңында Президентіміздің халқымен сұхбаты, өткен жолды салмақтап, саралауы, кемел болашаққа көз тастап, елін жарқын биіктерге ұмтылдыруы. Бір сөзбен түйгенде бастан кешкен тарих, бүгінгі күннің шындығы, алар асулардың межесін көргендей әсерге бөлейді. Көзімізбен көріп, басымыздан өткен өмірлік шындықты ешқандай бояусыз, қаз-қалпында оқырманына ұсынуы жарасымды. «1991 жылдың желтоқсан айының әр күні, әр таңы менің жадымда жаңғырып, сол кезде кеудені кернеген шаттық пен салтанат жанымды әлі күнге тербеп келеді. Сол күні, бір жағынан – жаңа туған сәбидей, бір жағынан – ғасыр жасаған қариядай болғаным есімде. Шынайы бақыт сезімін бастан кешіп, шалқар шаттыққа бөлендім... Тебірендім, толқыдым. Бабалар аманатын орындау бақыты, елді ертеңгі күніне бастау парызы менің маңдайыма жазылғанын Жаратушының ерекше сыйы, айырықша мүмкіндігі деп түсінемін. Бәлкім, тарихтың таңдауы, халықтың қолдауы деген жөн болар?!», – деп тебіренеді Елбасы. Иә, өткен, 25 жыл – қысқа ғана мерзім болғанымен ғасырлар арқалар жүкті атқаруға тура келген қиын-қыстауы, шырғалаңы мол жылдар еді. Тәуелсіздік сөзі айтуға жеңіл болғанымен, оның негізін қалау, тұғырын берік, жемісін баянды ету маңдай терді сылып тастап еңбектенуді тілейтін ғажап салмақты құбылыс. Ұлы Дала елі, Мәңгілік Елге жол ашқан – Тәуелсіздік. Күллі әлемді мекендеген халықтардың өз мемлекеттігіне ие бола алмағаны қаншама, тәуелсіздікке жете алмай пұшайман күй кешкендер қаншама?! Тәуелсіз Қазақстанның перзенті екендігімізді кеудемізді кере бар дауыспен айтуға жарасақ, ол – Елбасының сарабдал саясаты мен жанқиярлық еңбегінің нәтижесі. «Ұлы Дала ұлағаттары» – әлі талай есті әңгімелерге тірек болары анық. Қайта-қайта қайырыла оралып, астын сызып, керек тұстарын көшіріп алып, шәкірттермен пікірлесуге, ой өрбітуге бастайтын кемел еңбек. Арап ЕСПЕНБЕТОВ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері СЕМЕЙ  

Таным мен тағылым

Еліміздің бас басылымында жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» атты тарихи – танымдық еңбегін бір демде оқып, танысып шықтым. Қашанда халқының қамын жейтін Мемлекет Басшысы Тәуелсіз еліміз жүріп өткен тарихи тағылымды жолдарды жеке өз өмірімен сабақтастыра әңгімелеп, жадымызда жатталып қалатындай әсерлі баяндаған екен. Президент айтқандай, «Кәрі тарихтың құрсаулы дөңгелегін кері айналдырған 1991 жылы «ешқашан құламайды» деп дәріптеліп келген компартияның да, коммунизмнің тәтті елесінің де сыр бергенін» көзіміз көрді. Дегенмен, еліміз егемендік алған жылдары атқарылған ұлан-ғайыр ұлы істердің тәуелсіздіктің іргетасын бекітуге бағытталғанын қазақстандықтар бір кісідей біледі. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл туындысында да ел астанасын Ақмолаға ауыстыруға тоқталып, «...Елорданы Отанымыздың орталық бөлігіне көшірудің аса маңызды стратегиялық, саяси – әлеуметтік, қоғамдық – руханияттық маңызы дау тудырмайтын шындық еді» дей келіп, Алматыны қимас сезіммен қалдыруға тура келгенін де жасырмайды. Ұлы көштің тізгін тартар тұсында ұшақтың баспалдағында тұрып, қалай толқығанын еске алуы да адамдықтың айқын көрінісі екені сөзсіз. Елбасы Алматының алып мегаполиске айналғанына марқаяды. Ал Сарыарқаның сайын даласында қанатын кеңге жайған Астана қаласының бүгінгі келбеті Қазақстанның келешегі бұдан да жарқын болатынының куәсі екеніне қанағаттанады. «Астана төрінде біз сан мәрте халықаралық форумдар, саммиттер, симпозиумдар,құрылтайлар өткіздік. «Босқа шығынданып осының не қажеті бар?»деген сөздер де айтылып қалып жатты.Тіпті бұдан да өткен, шымбайға бататын сөздерді естуге тура келді, – деген Елбасы тәуелсіз Қазақстанды әлем тегіс танығанын, төрткүл дүние түгел мойындағанын, тең әріптес санайтын дәрежеге жеткенін зерделейді. Шындығында да солай, қазір Қазақстанның әлемдік саясаттағы орынын ешкім де жоққа шығара алмасы анық. Ұлы далада тәуелсіздік жылдары ұлан-ғайыр жұмыстар жасалды. Алға қойған мақсат – мұраттарымыз бұдан да биік. Елбасының «Ұлы дала ұлағаттары» еңбегінің темірқазығы елімізді мекендеген халықтардың бірлігі мен татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын ашып көрсетуге бағытталған. Бұл еңбектен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өткен жолымыздың өркенді тұстарын жадымызды жаңғыртып, тағылым алуға әбден болады дер едім. Келдібай ЕСПАҒАМБЕТОВ, Қазақстан Республикасы Бейбітшілік және келісім кеңесі Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы  

Бекем бірліктің берекесі

Бір шаңырақ астында бірлікте өмір сүріп жатқан этностар қазақ ұлтымен бірге суыққа да, ыстыққа да ортақтасып келеді. Мәдени орталықтар ашып, ұлттық құндылықтарын, мәдениетін талмай насихаттап, елдің жарқын  ертеңі жолында абыройлы еңбек атқарып жүрген  олар  Қазақстанды  ортақ Отанымыз деп санайды.  Кеше кім едік, бүгін кімбіз? Ертең қай жерде боламыз? деген  мәңгілік сұрақтар төңірегінде ойлансақ, Елбасының «Ұлы Дала ұлағаттары» шығармасынан көп ғибрат аламыз. Президентіміз өз еңбегінде атап өткендей, саясаттың ең бас­ты ұстанымы–бірлік. Шынында да, бірлігі бар елдің озатынын әлемдік тәжірибе анық байқатып отыр. Биыл ширек ғасыр толғалы отырған егемендігіміздің  шежіресі іспеттес естелік ұлтымыздың ұйысқандығының, жұртымыздың  толысқандығының, тұғырлы тәуелсіздікке жеткен жетістіктер мен табыстарымыздың қорытындысы іспеттес. Қонақжай қазақтың жерінде өсіп, өркендеп жатқан этностардың бірі – поляктар. Бүгінгі таңда біз өңірімізде кең тараған жеті этностың біріміз. «Вита Пол» қоғамдық бірлестігі өзіне артылған міндетті абыроймен атқарып жүр. Оның  мүшелері түрлі  шаралардан тыс қалмайды.  Қазақстанды өз Отаны ретінде мақтанышпен, сый-құрметпен қабылдайды. Мұндай сезім барлық этнос өкілдеріне тән. Елбасының «Мәңгілік Ел» Ұлттық идеясын қазақстандық патриотизмді дамыту бағытында жасалған зор қадам деп есептейміз. Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы Дала ұлағаттары» еңбегінде патриотизм туралы, әрбір азаматтың елжандылық сезімін ояту, қалыптастыру туралы кеңінен қозғалады. Мен соңғы кездері  ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың отты  жырларын орыс тіліне аударумен айналысып жүрмін. Елбасымыздың тың туындысынан қазақ поэзиясының  патриотизмге толы рухын, өршілдігін  өзге этнос өкілдеріне таныстыруға деген құштарлығымды арттыра түскендей өзгеше әсер алдым. Галина  БАЛАЖЕНТИС, Николаевка орта мектебінің мұғалімі Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы