19 Қараша, 2016

Сыр мен сымбаттың Нүкетайы

364 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
n-myshbaeva1М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Нүкетай Мышбаеваның 80 жасқа толу мерейтойы аталып өтті. Театр өнерінің негізін қалаған майталмандардың көзін көріп, тәрбиесін алған, әйгілі Асқар Тоқпа­новтың шәкірті, сахнада сандаған образдар галереясын жасап, бірнеше буын көрерменнің сүйікті актрисасына айналған Нүкетай Мышбаеваның сексеннің сеңгіріне шыққан тойына мәдениет пен әдебиет, өнер саласының қай­рат­керлері, театр ұжымы, кө­рер­мен қауым көп жиналды. Алматы облысы Нарынқол ауылында дүниеге келіп, 1954 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлік бө­ліміне түскен жас Нүкетай оқуды бітірген соң М.Әуе­зов атындағы академиялық драма театрының актерлік тобына қабылданған. Содан бергі алпыс жылға жуық уақыт бойы театр қара шаңырағында үзбей еңбек етіп, сахнаның ауыр жүгін серіктестерімен бірге көтеріп келе жатқан актриса бүгінде халықтың сүйіктісі, қазақ өнерінің көрнекті тұлғасы болып отыр. Режиссер Әзірбайжан Мәм­бетовтің «Беу, қыздар-ай!» спек­таклінде сәтті шыққан Ай­сұ­лу­ды алғашқы рөлі ретін­де сом­даған Нүкетай сол кездері Әб­ділда Тәжібаевтың «Той болар­дасындағы» Айбала, «Көңіл­дес­тер» драмасындағы Роза, Қалтай Мұ­хамеджановтың «Құда­ғи ке­ліпті» комедиясындағы ақкө­ңіл де адал Марфуға сияқты коме­диялық рөлдерді сахналай жүріп, осы жанрдың үлкен шеберіне айналды. Нүкетай Мышбаеваның дра­ма жанрындағы алғашқы күр­делі еңбегі «Ана – Жер-ана» спек­такліндегі Әлиман рөлін сом­дауы болды. Актрисаның осы рөліне қатысты Шыңғыс Айтматов: «Нү­ке­тай Мышбаева Әлиманды менің шығармамдағыдан да терең ойнады» деп жоғары баға берген еді. Күрделі әлеуметтік драмаларда ұлттық дүниетанымы, қазақы пайым-парасаты, рухы мықты, кесек мінезді қазақ әйеліне тән айрықша қасиеттерді аша білген Нүкетай актрисаның жалпы театр сахнасындағы үлкенді-кішілі сексенге жуық рөлінің барлығы да оның жүрек лүпілі, өнер іздері, өмірлік тәжірибесі мен үлкен рухани ізденістерінің жемісі һәм жеңісі. Негізгі шығармашылығы сахна болғанымен, Нүкетай Мышбаева кино мен дубляждың да майталман маманы. Кинодағы алғашқы басты рөлі – «Қазақфильм» киносту­диясының «Шығыс жолы» (1968 ж.) көркем фильміндегі жылқышы әйел. Сондай-ақ, ол «Жазда жау­ған қарда» (1965 ж.) Хатша, «Ағам үшін қалыңдықта» Өзген, «Алпа­мыс мектепке барадыда» мейірбике, «Жамбыл» (1996 ж.) фильмінде Жамбылдың анасы, «Тас­тандыларда» Сәбитхан апа рөлдерінде көрінген. Сахна саңлағының мерейтойына орай өткен кешке арнайы келген Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райым­­құлова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Ора­залин Мемлекеттік хатшы Гүл­шара Әбдіқалықованың, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың, Мәжіліс депутаты Серік Сейдуманов Мәжіліс Төрағасы Нұр­лан Нығматулиннің, құт­тық­тауларын жеткізді. Кеш­ке актрисаның туған жері – Нарын­қол ауылының әкімі де келіп, мерейтой иесіне сый-сия­па­тын ұсынды. Мерекелік кеш сах­налық көрініспен және Нүкет­ай Мыш­баева ойнаған қойы­лым­дар­дың үзінділерін көрсетумен жалғасты. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ