19 Қараша, 2016

Алексей НИ: Токио талантты толқын өсіп келе жатқанын танытты

246 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
18-11-16-niҚазақстанның ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жеткіншектер құрама командалары Токиода болып өткен Азия чемпионатында жақсы өнер көрсетті. Құрлық біріншілігі рес­публикада талантты толқынның өсіп келе жатқанына көз жеткіздірді. Біздің еліміз құрама командасының бас жаттықтырушысы Алексей Нимен әңгімеміз осы төңіректен өріс алды. – Алексей Геннадьевич, жапон астанасындағы жетістік допинг дауы теңселтіп тұрған қазіргі кезде көңілге үміттің шоғын үрлеп жібергендей жақсы әсер етіп отыр. – Иә, бұл Қазақстанның шын мәнінде де әлемдегі ауыр атлетикасы дамыған державалардың бірінен табылатынын тағы бір мәрте дәлелдеп берген оқиға болды. Сол жарысқа барған жеті спортшымыздың алтауы жүлделі орындардан көрінді. Медальдар құнын сараптасақ, чемпионатта қоржынымызға 4 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлде түсті. Бізге алғашқы алтын медальды жасөспірім Арыстанбек Жаханша әперді. Ол 69 килоға дейінгілер шоғырында 283 кг (128+155) салмақпен алдына жан сал­мады. Тап осы салмақта тағы бір атлетіміз – жеткіншек Альберт Линдер 315 киломен (142+173) Азияның ең мықтысы атанды. Бұдан кейінгі алтын медаль 77 килода жеткіншек Михаил Макеевтің еншісіне жазылды. Ол бұған жиынтықта 321 кг (143+178) зілтемірді көтеру арқылы жетті. Қола медальды осы салмақтағы жасөспірім Аманжол Серікбол алды. Медальдар ауылынан тыс қалған 56 кило салмақтағы Игорь Сонға осы белестен көрінуге 1 балл ғана жетпеді. Ол қоссайыста 246 кг (110+136) салмақты еңсерді. Қыз­дар тобында алтын медаль 69 кг салмақтағы Анжела Чалкароваға бұйырды. Ол сайыста 188 кг (87+101) салмақты бағын­дырды. Ал +75 кило салмақта Надеж­да Ногай 251 кг (113+138) көрсет­кіші­мен күміс медальды қанағат тұтты. – Чемпионат қарсаңында атлеттер алдына қандай міндет қойылды? –  Сенесіз бе, оларға чемпионатта қалайда жеңіске жету керек деген сияқты жоғары межелі міндет қойылған жоқ. Оларға берілген тапсырма Қазақстан чемпионаты кезінде қол жеткізген көрсеткіштерінен төмен нәтиже көрсетпеу ғана болды. Мен үшін олардың басқа елдердегі қар­сыластарымен текетіресте өзде­рін қалай ұстай алатындарын байқап, көру бәрінен маңызды са­налды. Себебі, жас атлеттеріміз осы жағынан тәжірибесіз болатын. Соның арқасында өсіп келе жатқан жас буынымыздың жарыс бары­сындағы мінез-құлықтары мен әлеуеттеріне біраз қанығып қалдық. – Бұрын Азияда бірден төрт алтын медаль алу болған емес еді.  – Дұрыс айтасыз. Алдары­на айтарлықтай мақсат қойыл­мағасын жас спортшыларымыз Токиода еркін өнер көрсетті. Психологиялық жағынан алған азаттық олардың өз қабілеттерін барынша аша білулеріне мүмкін­дік берді. Сөйтіп, біз өз тарихымызда бірінші рет құрлықта төрт бірдей чемпион шығардық. Ал бұған дейінгі биігіміз Дохада үш алтын медаль алу болса, енді содан асып түсіп отырмыз. Егер алдымызға қалайда бес алтын медаль алу міндетін белгілеп алғанда, оған да жете алатын едік. Бірақ бұрыннан бар жарақатынан толық айыға қоймаған Надежда Ногайды артығырақ күш жұмсаудан өзіміз сақтандырдық. Оның Риода өз дәрежесінде өнер көрсете алмауына да осы жарақаты кедергі келтіріп еді. Сондықтан оқиғаның алдына түспей, атлетті ақырын дайындай бергенді жөн көрдік. – Бұл атлеттердің арасынан қазірден бастап ересектер тобында өнер көрсетуге дайындары бар ма? – Бар. Мәселен, 2017 жылдың басынан Альберт Линдер мен Надежда Ногай ұлттық құрама сапына алынады. Жалпы, осы топты болашақтың командасы ретінде қарастырып отырмыз. Бұлар – дәл қазіргі таңда елімізде өз қатарларының алды. Басында Токиоға 7 қыз, 8 ұл қалпында толық құраммен бармақшы болғанбыз. Соңынан тек көрсеткіш көрсететіндерін ғана апардық. Қалғандары желтоқсанның басында Қызылордада өтетін Қазақстан Кубогы үшін жарысқа дайындалады. Жалпы, жас атлеттеріміздің бұл жолғы табысына ризамын. Әңгімелескен Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»