19 Қараша, 2016

Әдебиеттің Әз-ағасына құрмет

460 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
_mg_5813Кеше Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қазақстанның халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әзілхан Нұршайықовтың мемориалдық кабинеті ашылды. Кезінде оқырманы қолдан қолға түсірмей оқыған «Махаббат, қызық мол жылдар» романының авторына әдебиет осылайша төрін берді. Мемориалдық тақтаның ашылуында сөз алған ақын Ұлықбек Есдәулет көзінің майын, жүрегінің қанын әдебиетке жұмсаған жазу­шының журналист ретінде де үлкен шығармашылық табыстарға жеткенін шұрайлы тілмен баяндады. Оның «Аңыз бен ақиқат» кітабы да биік шығармаларының бірі болып қала беретіндігін тілге тиек ете келе: «Әзілхан ағамыздың әдебиеттегі жолы кейінгі қаламгерлерге үлгі етіп ұстанатын темірқазық болып қала береді», – деді. Қарашаның қарлы күндерінде осы оқиғаға ортақтасу үшін Шым­кен­ттен келген досы Нұрмұ­хан Әжімбетов көбінесе жазушы­ның адамдық қасиеттеріне, қарапайым­дылығына тоқталды. Осыдан кейін оқырмандар салтанатты оқиғаның екінші бөліміне ойысып, бірінші қабатта зиялы қауым Әзағаң туралы толқынысты естеліктерін жалғастырды. Келесі бөлімді халық жазушысымен 30 жылдан астам хат жазысып, нәтижесінде «Махаббат жыршысы» атты эпистолярлық кітапты жарыққа шығарған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, журналист Қайсар Әлім жүргізіп отырды. Көзі тірісінде «Әзағаңа арнап үш өлең шығарып едім, бүгін соның төртіншісін жаздым» деген Мыңбай Рәштің жыры жиналғандар үшін әсерлі шықты. Қарап отырсақ, Әзілхан Нұр­шайы­­қовтай тамаша талантпен араласуға, дидарласуға құштар болған қаламгерлер аз емес екен. Танымал дінтанушы ғалым, журналист Уақап Қыдырханұлы: «Махаббатқа сүйеніп, ақиқатқа сыйынған» десе, жазушы, публицист Сарбас Ақтаев кейінгі қолына қалам ұстаған тілшілерге барлық жанрда жазған журналист Нұршайықовтың кейіпкер таңдау, очерк жазудағы шеберлігін тамаша баяндады. Әдебиет туралы, кеше ғана көз алдымызда жүрген заңғар жазушылар туралы әсерлі әңгіме өрбіген кездесуде жазушы Нұрдәулет Ақыш халықтың жүрегін жаулаған кітапқа жоғары баға берді. Осылайша жазушыға көзі тірісінде көрсетілген шынайы құрмет екінші ғұмырымен де жалғасып жатты. Ақын Әділғазы Қайырбековтің «Өрдіңіз сөзден мұнара» өлеңі де шын жүректен жарып шыққан жыр болғаны сөзсіз. Естеліктер арасында есте қа­лар­­лық оқиғалар да болып жатты. Мәселен, Мұхтар Әуезов жазу­шының сүйікті қаламгерлерінің бірі болған ғой. Мұрат Мұхтарұлы Әуезов әкемнің көзіндей деп беріп жіберген кітаптары да мемориалдық кабинеттен орын тапты. Сол сияқты Қайсар Әлім мемориалдық кабинетке Әзілхан Нұршайықовты 1939 жылы Семей педучилищесіне оқуға қабылдаған ұстазы, жазушы, ақын, Торғай өңірінің тумасы Тәшібай Әлмұхаметовтің «Доктор қызы» повесі енген «Тartu» атты кітапты (1940 жылы латын тілінде шыққан) cыйлады. Ал шараға жиналған жастарға тарту ретінде өз кітабы «Махаббат жыршысы» мен «Құдай-ау, қайда сол жылдар!» деп аталатын Әзағаң туралы естеліктер жинағын Астанадан ала келіпті. Бұл да Әзағаңның үрдісі. Жүрген жеріне шуақ, өнеге, үлгі сый-сияпат жасап жүретін әдебін өзі бір кезде қызмет істеген «Егемен Қазақстан» газетінің кейінгі буыны біледі. Ортамызда Әзілхан Нұр­шайы­қовтың шығармашылығын зерттеп жүрген адамдар да бар. Соның бірі – Әзағаңның туындыларын ғылыми тұрғыда зерттеп, кітаптар шығарған филология ғылымдарының кандидаты Мұратбек Тоқтағазы Астана мен Алматы қалаларында Әзілхан Нұршайықов атына көше беру туралы ұсынысын ортаға салды. Кеш барысында Жадыра Сей­дештің «Жү­рекжарды» деректі фильмі көр­сетілді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»