19 Қараша, 2016

Қоқысқа қос тілдің қажеті қанша?

340 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жақында тұрғын үйлер аула­сындағы қалдықтарға арнал­ған контейнерлер жанынан май­дан, судан, басқа да тамақ өнімдерінен босаған пластик құ­тыларға арналған сары жәшік­тер пайда болғаны жұртқа аян. Әдетте, тұрғын үйлердің қуыс-қуысында, өзен-көлдердің жаға­сында шашылып жатқанына әбден етіміз үйренген пластик бөтелкелерді «әспеттеп», оларға қоқыс салатын қораптардан бөлек орын бөліп, тор жәшіктердің қойылғанына қарағанда, біздің еліміз де өркениетті елдерге ұқсап қоқыс-қалдықтарды кәдеге жарата бастаған екен-ау деген қуанышты ойға бөленгеніміз рас. Қала тұрғындарының мәдениеті туралы білгісі келген адам үшін осы жылт еткен жаңалықтың өзі көңілдегі көп түйткілді тарқатып тастайды-ақ. Айтайын дегеніміз, бірақ, бұл емес. Сол тор жәшіктің сыртын­дағы жазуға байланысты туған ой. Оның сыртындағы әуелі орыс­ша: «Здесь живет пластик» делініп, одан кейін «Бұл жерде пластик тұрады» деп қазақша ілін­ген жазулар оқыған адамның езуіне еріксіз күлкі үйірер еді. Біріншіден, «Мына жерде пластик тұрады» деп қазақ қашан айтыпты? Алабажақ аударма емес пе? «Пластикке арналған жәшік» десе, нелері кетіп еді? Тіпті, қоқыс жәшіктің сыртына бір тілде жазылса да жетіп жатқан жоқ па, әлде мұның плас­тик бөтелкеге арналған жәшік екенін мына жұрт басқа нәрсемен шатастырып алады дей ме екен? Қай жер болса сол жерге, не болса, соны қазақша жазып, ана тіліміздің айдынын тарылтып алмайық дегеннен туған бір үзік сырды бөлісіп жатқан жайымыз ғой. Белгілі тіл жанашыры, марқұм әріптесіміз Бейбіт Құсанбек өз бағдарламасында сырттан атой­лаған кірме сөздерді қоқысқа тас­татып отыратын бір дәстүрді енгізіп еді. Сары шарбақты қоқыс жәшік­тің сыртындағы жазуды көзіміз шалған сайын біз де әлгі қазақы мидың қабығына сыймайтын сәтсіз аударманы сол сәтте сыпырып алып, қоқыс жәшікке бір-ақ лақтыруға шақ тұрамыз. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»