19 Қараша, 2016

Дәрі-дәрмек саласы

472 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
darilik-zattardy-satyp-alu-salasyndaқұқықтық кемшіліктерді жоюды қажет етеді «Атамекен» ҰКП жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі аясында алынатын медициналық техникалар мен осы мақсаттағы бұйымдарды және дәрілік заттарды сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізудің жай-күйі қаралды. Отырысқа жетекшілік еткен кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов елдегі дәрі-дәрмек тарату саласына арнайы жүргізілген мониторинг нәтижесінде бірқатар ұйымдық-құқықтық кемшіліктер орын алғандығын мәлімдеп, мұндай жағдай экономиканың осы сегментінде бәсекелестікті шектеу мен сыбайлас жемқорлық көріністеріне негіз болатынын атап өтті. Сонымен қатар, жиынға онлайн-жүйе арқылы қатысқан кәсіпкерлер қауымы да бұл пікірді қоштай отырып, Бас прокуратураға Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бәсекелестікті шектейтін және жекелеген заңды тұлғаларға артықшылықтар бере­тін кейбір бұйрықтарына қарсылық білдіруді бірауыздан мақұлдады. Негізінен, білдей бір минис­трліктің атына мұндай уәж айтудың себебі де жоқ емес секіл­ді. Оның мәнісі алқалы бас­қосуда баяндама жасаған кеңес мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Иван Клименконың келтірген деректерімен ашыла түсті. Баяндамашының сөзін­ше, қолданыстағы дәрілер мен медициналық техникаға баға белгілеу және оларды тіркеу тәртібіндегі кемшіліктер кәсіпкерлердің сатып алуларға қатысуына кедергі жасайтын көрінеді. «Мәселен, бағаны тіркеу үдерісі кәсіпкерлердің құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік функцияларды іске асыру нысаны болып табылатынына қарамастан, бұл функциялар мемлекеттің көрсетілетін қызметтер тізіліміне енгізілмеген және құқықтық тұрғыда реттелмеген. Сол сияқты, біздің зерттеуіміз Формулярлық комиссияның жұмысы туралы ақпараттың болмауы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің дамуы­на ықпал ете алатын құқықтық вакуумды құрайтындығын біл­дірді. Ал демпингке қарсы іс-қимылды регламенттеудегі құ­қық­тық кемшілік отандық тауар өндірушілерге залал кел­тіріп, әділетсіз бәсекелестіктің қалыптасуын туын­дататындығынан хабар беретіндей», – деді депутат. Депутат тарапынан айтылған мұндай сынға үн қатқан министрлік өкілі, Дәрі-дәрмекті ақпараттық талдау орталығының бөлім басшысы Зәуреш Мушанова қазіргі күні тиісті мекемелер дәрі-дәрмек саласында халықаралық шеңберде мойындалып, тәжірибесі артқан консалтингтік компаниялар кеңесіне жүгініп жатқандығын алға тартты. «Мысалы, кәсіпкер өзі шығарған дәрілік өнімін бізге тіркеуге алып келген кезде өз тауарының бағасын нақтылап беру жүйесін іске қосу бағытында ізденудеміз. Сонымен қатар, олар өнімнің нарықтағы бағасына қатысты жоғары-төмен деп пікір білдіріп, талдау жүргізу құқына да ие болмақ. Бұл, әсіресе, дәрі-дәрмектің алыпсатарлық сал­дарынан құнының шектен тыс шарықтауын төмендетуде тиімділігін көрсетеді деген сенімдеміз», – деді ол. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»