19 Қараша, 2016

Қайдасың, қазақ мультфильмі?

566 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
karashash-apay-2Бірде аулада ойнап жүрген балалардың ойынын тамашалап тұрып, еріксіз ойға шомдық. Шіркін, барлығы да балауса балғын шақтан басталады екен-ау!.. Мен «Тасбақа ниндзямын» деді үрпек бас сары бала қолындағы ойыншық қаруды жанындағы серігінің кеудесіне тақап тұрып. Бойының аласалығына қарамастан шып-шымыр қара бала әлгіге қасарыса: «Ал мен... мен ...», – деп қапелімде аузына ешнәрсе түспей булыққан күйі ызаланып: «Өрмекші адаммын» деп ентігін бір-ақ басты. Бейне бір сайыста қарсыласын ойсырата жеңген қаһармандай масаттанып, жүзі қуаныштан бал-бұл жанды. Тағы бір екі балдырғанның бірі Добрыня Никитичтің, ал екіншісі, Құдай сақтай гөр, Жылан Горынычтің рөлінде. Тіпті, сәл-пәл ересектерінің арасында  Шварценеггер,  Жан Клод Ван Дамм, Брюс Ли... бейнелеріне ұқсап баққысы келетін балақайлардың бал қылығы сондай тәтті болғанмен, осы тұста небір жойқын ойлар сапырылысып, қайдағы бір елдердің ертегілеріндегі кейіпкерлер қара тікендей қадалып, ішімізді удай ашытты. Өкініштісі – қазақтың құйтақандай қара домалақ балаларының жүрегінен ойып тұрып орын тепкен мына кейіпкерлерге еліктеп өскен бейкүнә сәбилерді ертең есейгенде бөтеннің бөзіне алдарқату, қатыгездіктің қара орманында адастыру оп-оңай-ау деген күмәннің қою бұлты көңіл көгін демде тұмшалады. Есейгенде елін, жерін қорғайтын батыр да ержүрек болуды армандаған балапан жүректің қылаусыз қиялы құптарлық-ақ.  Ұлпадай мамық сезімге бой алдырған сәби көңілдің кіршіксіз айдыны қандай айшықты еді... Ал бірақ осыларды көңілдің торкөзінен өткізіп көрсеңіз, еріксіз «қай-қайдағы Добрыныч, Горынычте несі бар бұл жазғандардың, мұнан гөрі балақайлар халқымыздың ертегі, жырларындағы батырларға неге еліктемейді» деген сипаттағы сұрақтардың ойыңызға оралары айдан анық. Болмаса бізде «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын»... эпостық жырлары толып жатқан жоқ па? Соларды экрандау арқылы тәрбиені қайта  жалғайтын болсақ, қазіргі шетелдік мультфильмдердің орнын отандық туындылар басып, бүлдіршіндер әлі-ақ «Мен Өрмекшімін, Тасбақамын деп айтпай, «Алпамыспын, Қобыландымын, Ер Тарғынмын...» деп өз батырларымызға еліктеп өсеріне күмән жоқ. Ол үшін отандық аниматорлар батылдық пен ерлікті дәріптейтін қазақтың ертегілері мен дастан-жырларынан балаларға арнап заманауи үлгідегі мультфильмдерді көптеп түсіруді қолға алулары керек. Рас, соңғы уақытта бұл салада біраз жаңалықтар бар. «Сақ» киностудиясы (ОҚО) Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне «Қазақ елі» атты толықметражды анимациялық фильм түсірді, ал осы студияның «Қошқар мен Теке» мультфильмі Қытай фестивалінен «Отансүйгіштікке тәрбиелеу» және «Ұлттық ерекшелік» аталымдары бойынша жүлдені иеленді дегендей. Бірақ, мұндайлар там-тұм, шетелдік мультфильмдердің самбырлаған сансыз көшкіні рухани көшетті түбірімен қосып жұлқылауда. Жойқын шапқыншылыққа төтеп бере алмаған санаға сүзгісіз өтіп кетіп жатқан сүреңсіз дүниелер қаншама. Мән берсек, қазақтың тұңғыш туындысы саналатын «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі кішкентай көрермендерге 60-шы жылдардың аяғында ғана жол тартыпты. Мұның өзі қазақ аниматорлары үшін сол кезде айтарлықтай зор жетістік саналды. Қазақ мультфильмінің атасы Әмен Қайдаровтың мөлдір бұлағы кейін іле-шала «Ақсақ құлан», «Қырық өтірік», «Құрылысшы Қожанасыр», «Жанар», «Айнакүн», «Құйыршық», т.с.с. ұлттық нақыштағы  мультфильмдермен толығып, ана тілдің рухын асқақтатты. Мұндайда балаларды заманауи талғамға сай, көркемдік деңгейі жоғары отандық туындылармен қамтамасыз ететін қазақтың кейінгі жас Әмен Қайдаровтары қайда жүр екен деген сұрақ туады. Алпауыт студиялардың өнімімен бәсекелесейік демей-ақ қоялық, тым болмаса Ресейдің бір ғана «Илья Муромец пен Қарақшы Бұлбұл» мультфильмін мысалға келтірейік. Бұл туынды кішкентай балдырғандарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеудің жарқын үлгісі сияқты қабылданады. Өйткені, мұнда арыстан жүректі алып батырлар рөлі ерекше сәтті орындалған. Оларды сом тұлғалы, кесек бітімді, екі иығына екі кісі мінгендей етіп бейнелеу түпкі мақсатқа адал қызмет етіп тұр. Сол үшін де әлемдік кинематография тілімен, заманауи үлгіде түсірілген мұндай өнімді қай елдің баласы болсын жатсынбай, таласа тамашалайды-ақ. Ондай сәтте шіркін, қазақтың ертегі, аңыздарындағы нар тұлғалы батырлар бейнесі экран көгіне қашан осылай жарқырап көтерілер екен деген аңсарлы ой атойлап алдыңнан шыға келері хақ... Америкалық зерттеушілер бала мектепке барғанша 5 мың сағат, мектеп бітіргенге дейін 19 мың сағат теледидар алдында уақыт өткізеді деген болжамды алға тартады. Сондай-ақ, жасөспірімдердің шамамен күніне 17 өлім, 37 қатыгездік көріністеріне көңіл бөлгенін анықтаған. Әлеуметтік желіні қолданушылар арасында балалардың көптігін ескерсек, ол сан мұнан да көп болуы мүмкін. Батыстан келіп жатқан анимациялық фильмдер жас ұрпақтың санасын улап жатқаны соншалық, олардың сана-сезімін, психологиясын жартылай құбыжық қалыптағы бейнелер жау¬лап алуда. Ал қазақтың төл ертегісі мен жырлары негізінде түсірілген мультфильммен сусындап өскен бала өзгенің Өрмекшісі мен Тасбақасына жүрек төрінен орын бермек түгілі, бұларды санасының саңылауынан да сығалатпас еді ғой. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»