19 Қараша, 2016

Астанадағы алқалы жиын

361 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
5o9a5206Онда халықты жарық пен жылудан тарықтырмау мәселесі талқыланды Орталық Азия елдерінің қатар режімде жұмыс істейтін энергия жүйелері алдағы қаһарлы қыстан қысылмай-қымтырылмай өтуге сақадай-сай әзір екен. Бұл мәселе Орталық Азия Үйлестіруші электр-энергетикалық кеңестің мерейтойлық 25-ші отырысы барысында негізгі міндет ретінде талқыланып, осындай тиісті шешім қабылданғаннан кейін белгілі болды. Оған Қазақстан және өңір энергия жүйелерінің басшылары қатысып пікір алмасты. Атап айтарлығы, электр энергетикасы саласындағы бұл маңызды іс-шара «KEGOC» АҚ-тың ұйытқы болуымен әрі төрағалығымен Қазақстан Республикасы және Орталық Азия мемлекеттері Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты ұйымдастырылды. «KEGOC» АҚ-тың маңызды қызметтерінің бірі – елімізбен шектес мемлекеттердің энергетика жүйелерімен қатар жұмыс істеуді басқару және тұрақтылығын қам­тамасыз ету болып табылады. Қазақстанның энергетика жүйесі Орталық Азияның және Ресей Фе­дерациясының Біріккен электр энергетика жүйесімен қа­тар жұмыс істеу режімінде әре­кет етеді. Бұл әр тарап үшін тех­­ни­калық және экономикалық тиім­ділік беріп, Орталық Азия өңі­рінің су және отын-энергетика әлеуетін кешенді әрі ұтымды пай­далануға кеңінен жол ашады. Қазақ­станның Біртұтас энергетика жүйесінің шектес энергия жү­йелерімен өзара қатынасы Қа­зақ­стан, Қырғызстан, Тәжікстан жә­не Өзбекстан үкіметтері арасында жасалған келісімдермен регламенттелген. Онда электр энергиясын мемлекетаралық жеткізуді жә­не өзара қызмет көрсетуді тарап­тар аталған келісімге сәйкес жү­­зеге асырып, транзит пен қуат­ты­­лықты реттеуге мүмкіндік алады. Экономиканы дамытудағы электр энергетикасының зор ма­ңызын ескере отырып, ха­лық­тың әл-ауқаты мен әлеу­меттік қам­тамасыз етілу дең­гейін көтеруге, халық шаруашылығының қар­қынды дамуына және тұрғын­дарды қажетті қуатпен жабдық­тауға да жиында үлкен мән бе­­рілді. Қатар жұмыс істеу жә­­не келісілген іс-әрекеттерді қам­­­та­масыз ету үшін сонау 2003 жылы төрт елдің энергия жүйе­лері операторларының үйлес­­тіру органы – Орталық Азия Үйлестіруші электр-энер­гети­калық кеңес құрылған еді. Ол қазіргі таңда сындарлы сұхбат жүр­гізуге арналған бірегей «алаң­ға» айналып отыр. Кеңестің 25-ші отырысы жұмысына «Өзбекэнерго» АҚ басқарма төрағасы Фазлитдин Саломов, «Қырғызстан ұлттық электр желісі» ААҚ бас дирек­торы Медетбек Айтқұлов, «Барки Точик» ашық акционерлік хол­дингтік компаниясының төрағасы Мирзо Исмоилзода қа­тысты. Келелі кеңесте, сондай-ақ, Тә­жік­стан Республикасы аты­нан «Энергия» үйлестіруші дис­петчерлік орталықтың басшысы Хамидилла Шамсиев сөз сөйледі. Өткен жылдар ішінде қаты­сушы-мемлекеттер энергия жү­йе­сінің тұрақтылығы мен се­німділігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен мәселелерді ойда­ғыдай шешіп отырды. Соның нәтижесінде Орталық Азия елдерінде қуаттылық көзін арт­тыру белсенді жүргізіліп, электр желісінің инфрақұрылымы жетілдірілді. Мәселен, «KEGOC» АҚ Тәуелсіздіктің 25 жылдығына «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік транзиті 500 кВ ӘЖ құрылысы» – «Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Семей) – Өскемен» 500 кВ жоғары вольт­ты желілер жобасының алғашқы кезеңін мерзімнен бұрын жүзеге асыруды жоспарлауда. Өзбекстанда қыркүйек айында жалпы қуаттылығы 600 МВт болатын Талимарджан ТЭС-інде және Ангрен ТЭС-інде жаңа энергия нысандары іске қосылды. Ал Қырғызстанда Оңтүстік – Солтүстік 500 кВ транзитінің екінші желісі пайдалануға берілді. Тәжікстанның энергетикасында да оңды ілгерілеушілік бар. Бұл ел су-энергетика ресурстарына бай екендігі белгілі. Биыл Қазақстанның және Орталық Азия­ның энергетика жүйелері күз­гі-қысқы кезеңге барынша дайындалып, толық қамданып отыр. – Бүгін энергетика жүйе­сіндегі ынтымақтастықтың бір­қатар көкейкесті мәселелері талқыланды. Қатар жұмыс істеу режімдерінің сенімділігін және тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Жекелеген мәселелер бойынша әдіс­темелік базаны жетілдіру қа­рас­тырылды. Энергетика жүйе­леріндегі тәсімдік-режімдік түр­лендіруді ескеріп (жаңа желілерді, электр стансаларын салу), сондай-ақ өңірде отын-энергетикалық және су ресурстарын кешенді пайдалану өзекті міндеттер болып қала береді, – деді «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев. – Біз қатар жұмыс істеуде техникалық және экономикалық тиімділіктерді барынша ұтымды пайдалану мақсатында энергетика жүйесіндегі оңтайлы шешімдерге және келісілген іс-әрекеттерге жету үшін бүкіл күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз. Мемлекеттердің электр-энер­гетикалық жүйелеріндегі қатар жұмыс істеудің негізгі қағи­даттары өздеріне тиесілі электр стансаларының немесе шарттық негізде көршілес елдердің жет­кізетін қуаты есебінен кез келген уақытта әр жүйенің бірінен электр энергиясы мен қуатына сұранысты қанағаттандыру болып отыр. Оған өзара тиімді негізде электр энергиясын беру, нор­мативтік резервті күтіп ұстау, жекелеген келісімдер негізінде апаттық резервтегі тұтынуды қысқарту сияқты мәселелер кіреді. Электр энергетикасы жүйесінің бірдей жұмыс істеуін қамтамасыз етуге әр мемлекет қажетті режімдік, техникалық және технологиялық шарттарды, регламенттерді, ережелер мен қағи­даттарды әзірлеп, атқарылуын үнемі қадағалайды. Бір-біріне жаңа нормативтік құжаттаманы енгізу және пайдалану туралы уақтылы хабарлап отыруды дағдыға айналдырған. Апаттық жағдайларға қатысты соңғы ақпарат алмасу, электр энергетикасы саласын метрологиялық қам­тамасыз ету басты назарда ұсталған. Айналадағы ортаны қорғау мәселесін талқылап, тиісті қоры­тынды шығару, сондай-ақ энергия тиімділігі мен энергия сақтау және энергияның жаңартылатын қуат көзін пайдалану күн тәртібінен түспейді. – Қазір шекті тарифтерді енгізу арқасында Қазақстанда қуат­тылықтардың едәуір артқан­дығы байқалады. Тұтынушылардың бәрін отандық қуат көздері жаб­дықтап отыр, – дейді «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Б.Қажиев. – Апаттық немесе өзге де тө­тен­ше жағдайлар кезінде энергия жүйесі басқа елдердің қуат көздерімен қамтылады. Мәселен, біз Өзбекстан үшін жиілікті реттеу бойынша қызметтер көр­сетеміз, бұл ретте оңтүстікте кешкі уақыттарда меншікті қуат­тылықтар жетіспейді, сон­дықтан да оны реттеу үшін қуат көзінің бір бөлігін Қырғызстаннан аламыз. Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыс­тары желінің тұйық режімінде тұрғаны белгілі. Онда меншікті генерация тұтыну көлемін қам­тамасыз ете алмайды. Осыған байланысты біз солтүстіктегі қуат көздерінен 500 кВт желісі бойын­ша тұрғындардың қажеттілігін жабамыз. – Энергия жүйелерінің қа­тар жұмыс істеуіндегі басты құндылық – апаттық жағдайларда қолұшын созып көмекке келу, – дейді «Энергия» үйлестіруші диспетчерлік орталықтың директоры Хамидилла Шамсиев. – Өңірдің барлық энергетика жүйелерінде қарқынды даму болып жатыр, желілер тартылып, қуат беретін нысандар іске қосылуда. Мұның бәрі ел­дері­міздің өсіп-өркендеуіне серпін беретіні сөзсіз. Міне, содан да болар, біз жыл сайы­н екі рет бас қосып, түйткілді мәселелерді талқылаймыз. Әйтеуір бір кез­дері нарықтық механизмдер іс-әрекетке көшіп, өз елімізде өндіргенше көршілерден де қуат көзін сатып алу әлдеқайда тиімді болары сөзсіз. Бұл орайда біз Қазақстанның тәжірибесіне сүйенеміз. Өйткені, бұл ел нарық­тық механизмдерді жү­зеге асыру бойынша өңірде оқ бойы озық келеді. Біздің Қазақстаннан алар үлгі-өнегеміз өте көп. Несі бар, мейманның айтқаны келсін. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»