19 Қараша, 2016

9 млрд теңге Үкіметтік емес ұйымдарға бөлінді

253 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сонау 2000 жылдың қазанында ел Президенті өзінің жыл сайын жасайтын Жолдауында әлеуметтік маңызы жоғары жобаларды жүзеге асырумен айналысатын ҮЕҰ-ға арналған грант жүйесін жетілдірудің қажеттілігі туралы айтқан болатын. Содан бері Тұңғыш Президент Қо­ры­ның қаржылық қолдауымен  еліміз­дегі 200-ден астам қоғамдық ұйымның жұмысына нақты көмек берілді. Үкіметтік емес ұйымдар мен Үкімет арасындағы әріптестік оң нәтижесін беріп, күні бүгінге дейін 9 млрд теңге қаражатты құрайтын әлеуметтік жобалар жүзеге асырылған. Осы Жолдаудан кейін Алматы қаласындағы бастамашыл топ ҮЕҰ-ның мемлекеттік мекемелермен және халықаралық ұйымдармен өзара іскерлігін, ынтымақтастығын арттыру мақсатында диалог алаңының құрылуына мұрындық болып, бірнеше іс-шара өткізген болатын.  Өйткені, еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы әлі де болса ашық емес, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс дұрыс жүргізілмеген, басқа үкіметтік ұйымдармен байланысы жетілмеген және ең бастысы, қоғамдық саланың жұмысына қызығатын адамдар жоқтың қасы. Міне, осы мәселелер жинақтала келе, елімізде алғаш рет ҮЕҰ жәрмеңкесі мен форумын ұйымдастыруға себеп болды. Әлеуметтік жобалар мен идея­ларды іске асыруға бағытталған бұл жәрмеңке ҮЕҰ-ға тиімді болғалы тұр. Келесі жылдан бастап табысты жұмыс істеген үкіметтік емес ұйымдарға арнайы сыйақы тағайындалмақ. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған үкіметтік емес ұйымдардың халықаралық жәрмеңкесінде мәлім болған бұл жаңалық әлеуметтік салаларға соны серпін бермек. Халықаралық жәрмеңке мен форумды өткізіп отырған «Ақпараттық-ресурстық орталықтың» есебінше, Алматыда 500 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың басым бөлігі әртүрлі әлеуметтік топтардың мүддесін қорғаса, тағы бір үлкен бөлігі денсаулық сақтау, жастар саясатын қолдау және тағы басқа бағыттардың жұмысына қозғау салып, ілгерілетуге арналған. Форумда 25 жыл бұрын құрылған, Тәуелсіздікпен түйдей құрдас Special Olympics ұйымының жұ­мысы көпшілікке үлгі ретінде ұсы­ныл­ды. Осы уақыт аралығында талай мүмкіндігі шектеулі балалардың ем­деліп, шипа табуы­на, аяғынан тұруына көмектесіп, елімізде ғана емес, шетелде өтетін байқаулардан жеңімпаз болып оралуына игі ықпалын тигізген. Қоғамдық ұйымның тағы бір өкілі Любовь Червонных өздері ашқан орталықта 800 баланың тіркеуде тұрғанын, олардың басым бөлігі интернат, түзету мектептерінің тәр­бие­ленушілері екенін айтады. Ал, олардың мақсаты, спорт арқылы бала­лардың қоғамға бейімделуіне жағдай жа­сау екен. Форум-жәрмеңкеге қатысқан Дін істері және азаматтық қоғам вице-ми­нистрі Абзал Нүкенов: «Біз нақты әлеуметтік жобалармен айналысатын ұйым­дармен жұмыс істеуге әзірміз. Осы мүддемен жұмыс істейтін басқа са­лаларды да ұмытпаймыз. Ол үшін гранттық, сыйақылық арнайы жобалар қарастырылған», дейді. Үкіметтік емес ұйымдардың халық­ара­лық форумы еліміздің әр өңірінен келген 200-ге жуық белсенді өкілдің басын қосты. Олар бүгінгі қоғамда әлеуметтік инновацияның дамып, азаматтардың белсенділігі мен бастамашылдығының артып келе жатқанына ризашылық білдірді. Жәрмеңке-форумның аясында көрмелер, тренингтер, шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ