19 Қараша, 2016

Түркия-Өзбекстан қатынасы түркі әлеміне жаңа леп әкеле ме?

382 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
17 қараша күні Түрік Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған ресми сапармен Өзбекстанның Самарқан қаласына келді. Ресми ақпарат көздері екі күнге созылатын сапардың мақсатын екі ел қатынастарын нығайтып, жаңа деңгейге көтеру ретінде бағалап отыр. Аталған сапар тек Түркия-Өзбекстан қа­рым-қатынастары жағынан ғана емес, сонымен қатар, түркі әлемінің келешегі, атап айтқанда, Түркияның Орталық Азиямен байланыстары тұрғысынан да ма­ңызды деуге болады. Жоғары дең­гей­дегі кездесулердің өткізілуі түркі әле­мін­де халқының саны, мәдени және мем­ле­кеттілік дәстүрлері жағынан ірі елдер бо­лып саналатын Түркия мен Өз­бек­с­тан­ның саяси қатынастарына жаңа серпін береді. Бұл өз кезегінде сыртқы саясатта тепе-теңдік принципін ұстанатын, түркі әлемінде өзіндік орны бар Қазақстан үшін де айрықша маңызды болмақ. Түркия Президенті Пәкістан мен Өзбек­станға ресми сапары алдында Анкара қа­ласында бұқаралық ақпарат құрал­да­рына берген сұхбатында Өзбекстанға са­пар­дың екі бауырлас ел арасындағы қа­рым-қатынастарға жаңа серпін береді деп үміттенетінін мәлімдеді. Р.Ердоған соңғы рет бұдан 13 жыл бұрын, яғни 2003 жылы Премьер-министр ретінде Өзбекстанда ресми сапармен болған еді. Сол сапарында екі ел арасында «Мәңгілік достық және ынтымақтастық келісіміне» қол қойылған болатын. Түрік зиялы қауымы өкілдері үлкен үміт­пен қарап отырған Өзбекстан сапарына Түркия президенті бастаған делегация құрамында вице-премьерлер В.Кайнак пен Т.Түркеш, Отбасы және әлеу­меттік саясат министрі Ф.Б.Саян Кая, Сырт­қы істер министрі М.Чавушоғлы, Экономика министрі Н.Зейбекчи және Энергетика және табиғи ресурстар ми­нистрі Б.Албайрак бар. Самарқанда Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Өзбекстанның Президенті қызметін уақытша атқарушы Шавкат Мирзиёевпен кездесіп, келіссөз жүр­гіз­­­ді. Сапардың Өзбекстанды 25 жыл бас­­­­қар­ған тұңғыш президент Ислам Ка­римовтің қайтыс болуынан кейін және ел­де 4 желтоқсанда өтетін кезектен тыс пре­зи­денттік сайлау қарсаңында ұйым­дас­ты­ры­луы айрықша мәнге ие болып отыр. Сапар барысында Түркия Президенті бір жағынан И.Каримовтің қайтыс болу­ы­на байланысты көңіл айтып, марқұм жерленген Шахи-Зинда мазарын зиярат етуге, екінші жағынан, Өзбекстан бас­шылығымен кездесіп, бір-бірімен жа­қын­ырақ танысуға мүмкіндік алды. Екі Пре­зидент шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізді. Қос мемлекет басшыларының жоғары деңгейдегі өткізген кездесулері барысында Түркия мен Өзбекстан арасындағы екі­жақты қарым-қатынастардың қазір­гі аху­алы, келешегі мен басты бағыт­та­ры қарастырылып, аймақтық және ха­лық­аралық күн тәртібіндегі мәселелер бойын­ша пікір алмасылды. Түркия мен Өзбекстан қатынастары әр­түрлі күрделі кезеңдерді бастан өткізгені белгілі. Түркітілдес қос мемлекет арасында белгілі мәселелерге байланысты, өзбек оппозициясына қолдау көрсетілді деген күмәнмен кейбір түсініспеушіліктер орын алғаны тағы мәлім. Түркия тарапы бұл сапарда екі бауырлас ел арасында 2000 жылдарда орын алған мәселелерді оңтайлы шешіп, екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ниет етіп отыр. 1991 жылы Өзбекстан Респуб­ли­ка­сы­ның тәуелсіздігін алғаш таныған мемлекет – Түрік Республикасы. И.Каримов өзінің пре­зидент ретіндегі алғашқы сапарын Түркияға жасағаны тағы бар. Өзбекстан президенті И.Каримов Түркітілдес елдер мем­лекет басшыларының саммиттеріне де қатысқаны белгілі. Түркия мен Өзбекстанды ортақ тари­хи, мәдени және тілдік байланыстар бірік­тіреді. Түркияда бұрыннан бері тұратын, біразы Анадолының жергілікті тұрғынына айналған және тәуелсіздік жылдарында көшіп барған этностық өзбектер өз мәдени тамырларын ұмытпай, тарихи отан­дары – Өзбекстанмен байланысын жал­ғастырып келеді. Осыған орай екі ел арасындағы виза мәселесі де өз шешімін күтуде. Сарапшылар тарапынан Түркия Пре­зи­дентінің сапары тек Өзбекстан үшін ғана емес, түркі әлемімен ынтымақтастық тұрғысынан да маңызды кезеңнің басы деп бағаланып отыр. Соңғы кезде Түркия «Еуразияға ашылу» саясатын қолдап келе жатқаны белгілі. Мұны кейбір түрік сарапшылары Түркияның жаңа «Шығыс саясаты» деп те атайды. Бұл қазіргі шие­ле­ніскен халықаралық жағдайда Түр­кия­ның Батысқа тәуелділігін азайтып, тепе-теңдікті сақтау үшін қажетті қадам екен­дігі белгілі. Сөйтіп, Анкара қайтадан Орталық Азияға басымдық бере бастаған сыңай танытуда. Түркияның Орталық Азияға праг­ма­ти­калық мән беруінің астарында Таяу Шығыстағы оқиғалардың жанама әсері болуы мүмкін. Р.Ердоғанның алдымен Пәкістанға, кейін Өзбекстанға келуінің де өзіндік мәні бар. Түркия Ташкентке ДАИШ сияқты террорлық топтарға қар­сы күресуде ықпалдасу жөнінде ұсыныс жа­сауы ықтимал. Осы тұрғыдан, екі ел ДАИШ пен аймаққа қатысы бар экс­тре­­мистік топтар арасындағы байла­ны­ст­ар­ды және Ауғанстан факторын есеп­ке ала отырып, қауіпсіздік саласында ынтымақтастықты тереңдете түсуге мүд­делі. Яғни, Түркия мен Өзбекстанның ын­ты­мақтасуы, Өзбекстанның қауіпсіздігі және Түркияның аймақтағы мүдделері тұрғысынан да маңызды. Ш.Мирзиёев басшылығы соңғы кезде көршілес елдер Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан тарапымен жиі кездесулер өткізіп, екіжақты және аймақтық ықпалдастықты арттырып, өңірлік мәселелерді шешуге ниет та­нытып отырғаны мәлім. Түркия да осын­дай оңтайлы сәтті пайдаланып, Өзбекстанмен қарым-қатынасқа соны ек­пін бергісі келеді. Түрік тарапы бұл жо­лы Анкараның негізгі басымдығының сау­да-экономикалық байланыстарды дамыту екенін баса айтады. Осы кезге дейін түрік-өзбек екіжақты экономикалық қарым-қатынастары саяси мәселелердің көлеңкесінде қалып келгені айқын. Екі ел арасында әр түрлі салаларда 90-ға жуық келісімшартқа қол қойылған. Яғни, саяси себептермен шектеліп келген қа­тынастардың әлеуеті біршама жоғары деу­ге болады. Өзбекстан мен Түркия арасындағы саяси-экономикалық қатынастардың күр­делілігіне қарамастан, екі ел арасын­дағы тауар айналымы 2015 жылы 1,2 миллиард доллар көлемінде болды. 2014 жылы Ташкентке сапармен келген Премьер-мини­стр А.Давутоғлы тауар айналымын Түрікменстандағыдай 5 млрд долларға жеткізуді ұсынған еді. Қазіргі кезде Өзбекстанда тоқыма, құрылыс, азық-түлік, қонақүй ісі, құрылыс заттары, пластик, дәрі-дәрмек және қызмет салаларында түрік капиталымен жұмыс істейтін 700-ге жуық компания тіркелген. Ал Түркияда өзбек капиталымен 114 компания жұмыс істейді. Түркия тарапы Өзбекстанға тоқыма, ден­саулық, туризм, тері өндірісі салала­рында, сондай-ақ, терроризмге қарсы кү­рес­те өз ұсыныстармен келуі мүмкін. Түрік кәсіп­керлері халқы 30 миллионнан асатын Өзбекстанда қосымша мүмкіндіктер мен үлкен әлеует барына сенеді. Кейбір дерекке сүйенсек, Түркия Өзбекстанның сыртқы саудадағы негізгі серіктестерінің бірі. Мысалы, Өзбекстанда мақта өндірісі және Түркияда тоқыма өндірісі бірлесіп, ортақ жобалармен жұмыс істей алады. Түркияның Өзбекстандағы құрылыс пен қызмет салаларына инвестиция құюға қызығушылық танытуы Ташкентке де тиімді. Өзбекстанмен білім, мәдениет және гуманитарлық салаларда да байланыстарды дамыту – Анкара мен Ташкентке өзара пайдалы. 2016 жылы Ресей мен Түркия қарым-қа­­тынастарының жақсаруына Қазақстан Пре­­зи­денті Н.Назарбаев үлкен үлес қос­­­қа­ны белгілі. Осы қыркүйек айын­да Ел­басының Самарқанға арнайы са­пар­­мен баруы және Өзбекстанның През­и­денті қызметін уақытша атқарушы Ш.Мирзиёевпен кездесуі, кейін тағы Ш.Мирзиёевпен және Түркия президенті Р.Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесуі Түр­кия мен Өзбекстанның жақындасуына өз септігін тигізді деп айтуға толық негіз бар. Бұл өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәмілегер саясаткер және түркі әлеміндегі көшбасшы екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Жанат МОМЫНҚҰЛОВ, түркітанушы