19 Қараша, 2016

2012 жылдың Қазақстан тарихындағы маңызы қандай?

1799 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
16-01-012012 Тәуелсіздіктің 21-ші жылы – 2012 жыл еліміз үшін табысты, ырысты, берекелі жыл ретінде тарихымыздан тиісті орын алатыны талас тудырмайды. Жыл әдеттегінше қарқынды басталды. Қаңтардың екінші аптасында Президент Н.Ә.Назарбаев Еуропа парламентшілермен кездессе, он төртінші қаңтар күні Қазақстан халқына алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауына байланысты Үндеу жариялағаны есімізде. Байқаушылармен байсалды әңгіме өрбітіп, алдағы іс-шараны абыроймен өткізу туралы отандастарымен ой бөліскен болатын. Ел мен Ер сенімі ақталып, 2012 жылы Қазақ­станда көп партиялы Парламент жасақталды. Қаңтардың 15-інде өткен Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының сайлауы демократиялық үрдістің айқын үлгісін көрсетті. Сайлау барысында халық дауысының 80,74 пайызын жинаған «Нұр Отан» партиясы басымдықпен алға озды. Жеңіс құрметіне ұйымдастырылған «Алға, Қазақстан!» жеңімпаздар форумында «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаев:«Құрметті отандастар! Бұл біздің ортақ жеңісіміз, барша Қазақстан халқының жеңісі. Дауыс берудің қорытындылары қазақстандықтардың елімізді дамытуға, экономика мен саясатты жаңғыртуға, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға арналған біздің бағытымызды қолдайтынын білдіреді. Халық қоғамдағы бірлік, өзара түсіністік пен толеранттылық үшін, партияның нақты ісі мен бағдарламасы үшін дауыс берді», – деп мемлекеттің ұстанып отырған саясаты көптің көңілінен шыққанына жоғары баға беріп, сайлауда қолдау көрсеткен барша халыққа алғысын білдірді. 2012 жылдың 1 қаңтарынан қызметін бас­тап кеткен Біртұтас экономикалық кеңістік – Елбасымыз Н.Назарбаевтың 1994 жылдың нау­рызында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде ғалымдар мен саясаткерлердің назарына ұсынған еуразиялық интеграция идеясының іс жүзінде көрініс табуы еді. Кейіннен 2000 жылы Астанада Беларусь, Ресей мен Қазақстан арасында қол қойылған Еуразиялық экономикалық қоғамдастық туралы шарт кеңістіктің құрылуын бір қадам жақындата түсті. Экономикалық қоғамдастық өз кезегінде Еуразия даму банкі, Дағдарысқа қарсы қор және Жоғары технологиялар орталығы сияқты қаржылық интеграцияның нақты тетіктерінің және ең бастысы ЕурАзЭҚ Кеден одағының іргетасын қалады. Нәтижесінде кеден тәртібі бірізділікке түсіп, кедендік тариф пен тарифсіз реттеудің ортақ шаралар жүйесі құрылды. Осы Кеден одағының жалғасы Біртұтас экономикалық кеңістікке ұласты. Сөйтіп, Қазақстан кәсіпкерлері мен қарапайым халыққа көптен күттірген мүмкіндіктердің есігі ашылды. Отандық өндірісшілер үшін тұтынушылар аумағы ұлғайып, сауда нарығының жаңа деңгейіне шығу үшін жағдай жасалды. Елбасымыз Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі мен аймақ қауіпсіздігін нығайтуға ерекше ықпал етіп келе жатқан теңдесі жоқ тұлға екенін әлем мойындауда. Мұның нақты көрінісі – өзі белсенді бастамашыларының бірі болып қалыптасуына ат салысқан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) жарғылық органдарына 2012 жылы Қазақстанның төрағалық жасауы. ҰҚШҰ мемлекетіміздегі бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік тұрақтылық пен тыныштықты нығайту, аймақтық бүтіндік пен оған қатысушы мемлекеттерінің егемендігін қорғау үшін 2002 жылы құрылған еді. Ұйымның құрамындағы Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан арасында өзара іс-қимыл мен әскери ынтымақтастықты нығайту шеңберінде қазір аса маңызды шаралар атқаруда. Осындай игі бастамаларға мұрындық болған Елбасымыздың ерен еңбегіне саяси сарапшылар тарапынан «еуразиялық интеграцияның патриархы» деп жоғары баға берілуі орынды құбылыс. Тәуелсіз Қазақстан Көшбасшысының сарабдал саясатының бір бағыты – халықаралық қарым-қатынасты нығайтуды межелеген жұмыстардың нәтижесінде осы жылға дейін әлемнің 138 елімен дипломатиялық байланыс орнатылып, 70-тен аса елде елшіліктер ашылуы Тәуелсіз еліміздің тасын өрге домалатқан Ер мәртебесі. 2012 жылы Қазақстанның Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) жасаған төрағалығы да – осы жетістіктердің заңды жалғасы. Ұйымға мүше болғалы 57 елдің ішінде ішкі жалпы өнімнің жоғарылығы жағынан Қазақстан 12 орынға көтерілді.Әлемдегі мұнай қорының үштен екісі ИЫҰ-ға мүше елдердің үлесіне тиесілі. Сонымен бірге, әлемде өндірілетін мұнайдың 40 пайызы мен әлемдік мұнай экспортының тең жартысы Ислам Ынтымақтастық Ұйымындағы мемлекеттердің қатысуымен іске асуда. 2012 жылдың көрсеткіштері бойынша Қазақстан ИЫҰ-ға мүше елдердің 40-тан астамымен сауда, көлік, туризм, қаржы салаларына бағытталған экономикалық ынтымақтастық орнатты. Еліміздегі 10 мыңға жуық кәсіпорынның 2,6 мыңы – Ұйымға мүше 28 мемлекет пен Қазақстан арасында құрылған бірлескен кәсіпорындар. Мемлекетіміз ислам елдерінің, соның ішінде Араб елдерінің инвестициясын тартуды үнемі назарда ұстауда. 2020 жылға қарай Қазақстан экономикасындағы Ислам елдері инвестициясының үлесі 10 пайызға жетеді деп күтілуде. Елбасының алысты болжаған саясатының арқасында Қазақстанның әлем бедерінде салмақты әрі сенімді әріптес беделін қалыптастырып, барлық көрші мемлекеттермен тұрақты әрі тату-тәтті қарым-қатынас орнатуы – ел мүддесі. Тамырын тереңге тартқан Қазақ елі түбі бір түркі жұртының алтын бесігі екені әмбеге аян. 24 ақпанда «Астана-2012 – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанаты өтті. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің 2012 жылдың 28 қаңтардағы «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты он бағытын айқындап беруінде. Жолдауда елімізде кәсіпкерлікті өркендетуге жағдай жасауға айрықша маңыз берілді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жайында: «Кәсіпорындардың бизнесті жауапкершілікпен жүргізудің қағидаттарын сақтауын ынталандырудың стратегиясын жасап, жүзеге асыру бойынша ұлттық байланыс орталықтарын құру қажет», – деген тұжырым жасап, үкіметке нақты тапсырмалар берді. Елбасының кәсіпкерлікті қолдау аясында жүргізген саясаты халықаралық ауқымның да қызығушылығын туғызғанын айтуға тиістіміз. Мұның бір мысалы, сол кезеңде Ресей премьер-министрі қызметін атқарып жүрген Владимир Путиннің «Ведомости» басылымына жариялаған «Бізге жаңа экономика керек» атты мақаласында: «Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Біртұтас экономикалық кеңістік режіміне енген көршілес Қазақстанның үлгісі назар аударарлық. Қазір бұл ел Бүкіләлемдік банктің бағалауына сәйкес, тұтастай алғанда бизнеске жасалған жағдай бойынша 47-ші орында тұр, ал Ресейдің орны – 120-шы», деп ащы шындықты мойындауы – ел мәртебесі. 2012 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан өз еркімен бас тарту туралы шешім қабылдағанына 20 жыл толды. 2012 жылдың 29 наурызында Елбасы Сеулде өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысты. Сол кезде «Voice Of America» ақпараттық агенттігі: «АҚШ Президенті Барак Обама Қазақстан басшысына ризашылығын білдірді. Себебі, Қазақстан Президентінің бұл қадамы әлемдік қоғамдастық үшін үлгі болған еді», – деп хабарлаған болатын. Президенттің саммитте сөйлеген сөзін халықаралық «Взгляд» агенттігі былай деп жазды: «Ядролық қаруды бірінші болып қолданған мемлекетке бойкот жариялауға дейінгі ең қатаң жаза қолдану қажет екендігін мәлімдеді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сеулдегі Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте сөйлеген сөзінде. Кейбір мемлекеттер ядролық қаруға ие болуды қауіпсіздіктің факторы ретінде қарастырады. Әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартқан өз елінің тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстан басшысы мынаны айтты: «Қауіпсіздікке нағыз сенімді орнықты әлеуметтік-экономикалық даму ғана бере алады». Мұның өзі біздің бейбітшілік сүйгіш ел ретіндегі мәртебемізді асқақтатып, көңілімізді көкке көтерді. 2012 жылдың мамыр айында баспасөз бет­терінде аса маңызды құжат жарық көрді. Ол – Қазақ­стан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қол­басшысы Н.Ә.Назарбаевтың №1 бұйрығы. Еліміз армиясының құрылғанына 20 жыл толуына орай өмірге келген осынау құнды құжатта Отанымыздың айбыны мен абыройы болып саналатын мотоатқыштар құрамалары мен авиа­эскадрильялар, артиллерия бөлімдері мен әскери-теңіз құрылымдары және десант жауынгерлеріне жоғары баға беріледі. «Қарулы Күштер қатарында қызмет ету – әрбір қазақстандықтың құрметті міндеті, аға буынның батырлық және жаугершілік дәстүрлеріне негізделген патриотизмнің жоғары адамгершілік мектебі ретінде қалыптастырып отыр», – деп еліміздің Қарулы Күштері қызметін жоғары бағалап, Елбасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 7 мамыр – Отан қорғаушы күнін мемлекеттік мереке деп белгілеуді көздейтін заң жобасын Парламентке енгізу туралы ұйғарым жасағанын толық қолдайды. Астана экономикалық форумы – Еуразия кеңістігінде жыл сайын өтетін салмақты шара. Олай дейтініміз, Қазақстанның бас қаласы Астанада әлемдік экономикалық қауымдастық өкілдері, қазіргі және бұрынғы мемлекет басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары, ғылым әлемінің ғұламалары мен ірі кәсіпкерлер бас қосады. 2012 жылғы 22-24 мамыр аралығында өткен V Астана экономикалық форумы «Жаһандық экономикалық өзгерулер: сын-қатер және даму перспективалары» деп аталды. Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы – Астанада бесінші рет қатарынан өткен жаһандық форумға әлемнің 85 мемлекетінен 6500 өкіл және 300-ден астам журналист қатысты. Президентіміз ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне арналған салтанатты жиналыста Астана экономикалық форумының негізінде «G-global» сұхбат алаңын құруды ұсынды. Бүгінгі таңда ол сұхбат алаңы әлемнің 128 елінен 10 мыңнан астам қатысушыны біріктіреді, онда пікірталастар мен жарыссөздер пішімінде әлемдік қаржы дағдарысынан шығу стратегиялары айқындалып, инновациялық даму, ядролық және экологиялық қауіпсіздік, этносаралық және дінаралық толеранттылық, геосаясат және басқа да аспектілерге байланысты ауқымды проблемалар талқыланды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылғы маусымда Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда Еуразия ғалымдар клубын құру туралы бастама көтергені есімізде. Артынша бұл идеяны жүзеге асыру үшін 2008 жылы «Еуразиядағы ғалымдардың экономикалық клубы» қауымдастығы (АЕЭКУ) құрылды. Ал V Астана экономикалық форумы барысында Елбасымыз аталған экономикалық клуб базасында Халықаралық болжам институтын құруды ұсынды. Тұтастай алғанда, Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Еуразия ғалымдар клубын құру идеясы Еуразия құрлығындағы маңызды интеграциялық жобалардың біріне айналды. Осы форум аясында Қазақстан тарапынан ЭКСПО-2017 көрмесін Астана қаласында өткізу жөніндегі тапсырыста көрменің басты тақырыбы «Болашақтың энергия­сы» деп атап көрсетілгені айтылды. Иә, сол бір шақта еліміз тəуелсіздігі тарихынан ойып тұрып орын алатын тағы бір айрықша оқиға – халықаралық «ЭКСПО-2017 қай елде өтеді?» деген сұрақтың жиілеген тұсы еді. Көрме өткізуге талпынған Қазақстанның мықты әрі басты қарсыластарының бірі – Бельгия болатын. Астана мен Льеж қаласы арасында болған пікірлесуден соң, басымдық бізге беріліп, жас болсақ та бас бола алатынымызды тағы да дәлелдедік. 2012 жылдың 22 қарашасы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуді жеңіп алған тарихи күн болды. Шешім ЭКСПО халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының Париждегі 152-ші сессиясында осы ұйымға мүше 161 мемлекеттің жасырын дауыс беруі нəтижесінде қабылданды. Бұл, сөз жоқ, Қазақстанның жаһан жұрты алдындағы беделін асқақтатты. Осы жылдың тағы бір басты оқиғасы 31 мамырда «Бейбітшілік пен келісім – адамзат таңдауы» деген тақырыпта Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезі өтті. Дүниежүзілік деңгейдегі бұл басқосуға арнайы шақырылған дінбасылары мен құрметті меймандар алдында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев сөз сөйлеп, әлемнің 40 елінен келген барлық 85 делегация басшылары мен қатысушыларына ыстық ықыласын білдірген болатын. «Біздің кеңестің басты мақсаты – діндер үнқатысуымен бейбітшілікті нығайтуға мүмкіндік туғызу. Оның жұмысының негізінде әуелгі кездегі адамгершілік қасиеттер: жақсылық, махаббат, әділеттілік, бейбітшілік пен келісімді ортақ ұстанушылық жатыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Еліміз егемендік алғалы бері Елбасы тек өңірлік тұрақтылық қана емес, дүниежүзілік татулық пен бүкіләлемдік бейбітшілікке де сүбелі үлес қосып келеді. Татулықты ту еткен Қазақстан келісім мен кешірім, төзімділік пен толеранттылық арқылы қандай да мәселенің өзіндік шешімін, оңтайлы жолын таба білді. Мамырдың мамыражай күнінде «Егемен Қазақстанда» «Елорда – түркі әлемі мәдениетінің астанасы»тақырыбында мақала басылып шықты. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көзделген: «2012 жылы Астана ТМД және Түркі әлемінің мәдени астанасына айналады. Бұл шараларды лайықты өткізуіміз керек», деген тұжырымы іске асқаны айтылған. Түркі дүниесінің тұтастығына ұйытқы болып жүрген Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Түркі әлемі – XXI ғасырдың қарқынды саяси және мәдени ареалдарының бірі» екендігін айтып, түркілердің ынтымақтастығына өзі жолбасшылық жасап отыр. Түркі дүниесінің бірлігін нығайту жолындағы сан-салалы еңбегі ескеріле отырып, 2012 жылы түркітілдес мемлекет басшыларының Ыстанбұлдағы саммитінде тұңғыш рет Қазақстан елордасы Астана – түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Бұл шешім түркі дүниесіндегі тәуелсіз Қазақстанның жылдан-жылға асқақтап келе жатқан беделін тағы да паш ете түсті. 2012 жылы шілдеде Қытай Халық Респуб­ликасының астанасы Бейжіңде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдері Мемлекет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Алқалы жиында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қытай Халық Республикасының бұрынғы төрағасы Ху Цзиньтао, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей федерациясының Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті, марқұм Ислам Каримов ұзақ мерзімді бейбітшілік және бірлесіп өркендеген өңір құру туралы декларацияға қол қойды. Декларацияға сәйкес, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер халықтарының ортақ ұмтылысын білдіре отырып, бейбітшілік, ынтымақтастық және даму мүддесіне сай табысты іс-қимыл танытуын жалғастыратын болып келісті. Президентіміз Н.Назарбаев мерейтойлық саммитте: «ШЫҰ-ның бірегейлігі мен тартымдылығының себебі, өзінің саяси-дипломатиялық істерінің ептілігіне және оларды өз мақсаттарына икемдеудегі қадамдарына байланысты. ШЫҰ-ға мүше елдердің бәрі де аумақтарының, тарихтары мен мәдениеттерінің әртүрлілігіне қарамастан, тең және бірдей дауысқа ие. ШЫҰ-ның нақ осы қасиеті әлемде қызығушылық тудыруда. Сондықтан да әлем біздің ұйымымыздан үлкен үміт күтеді», – деген тұжырымын ШЫҰ қызметінің тобықтай түйіні деуге келеді. Түрлі ел басшылары арасында үнемі жаңашылдығымен көзге түсетін, әріден ойлап, келер күнді бүгін бағамдай алатын, халықаралық қатынаста өз білімділігі мен ұйымдастырушылық қабілетін мойындата білетін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы сол жылдың тамызында тағы бір маңызды кездесу – Бішкекте өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі ІІ Саммитінің қатысушысы болып, ел үшін маңызды құжаттарға қол қойды. Форум соңында Қырғызстан, Қазақстан, Түрік Республикаларының Президенттері мен Әзербайжан Республикасының премьер-министрі Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Қаржылық ережелері Түркі академия­сын құру туралы, Түркі мәдениеті мен түркі мұрасына қолдау көрсету қорын құру жайлы келісімдерге және форумның қорытынды құжаты бойынша ортақ пікірге келді. Жүрген жерінде ел болашағы, жастарды назардан тыс қалдырмайтын Мемлекет басшысы «Жастарымыздың арасында «түркі әлемі» түсінігін қалыптастыру керек» деп бұл жолы да өз бастамашылдығымен тәнті етті. 2012 жылдың 10 шілдесі ел тұрғындарының есінде Тәуелсіздік тұғырындағы аса маңызды дата ретінде сақталары анық. Өйткені, дәл осы кү­ні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақ­стан­ның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ор­тақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбек тұжырымдамасы жарық көрген еді. Кемел бола­шақты ойлаған жұрт бір күндік табыспен өмірін тұйық­тамай, өңір-өңірде бой көтеріп жатқан өндіріс ошақтары, зауыттар мен басқа да кәсіпорындардағы кәсіптерді меңгерсе, өздері тұрып жатқан ауыл-аймақ құлпырып, адамдардың тұрмыс-тіршілігі де мол ризыққа кенелері анық. Әлемнің әміршісі – еңбек. Елбасымыз баршамызды ел игілігі жолындағы еңбекке шақырды, бүгінде еңбек шешуші фактор екендігін ұғындырды. Президенттің еңбек тұжырымдамасының бас­ты қағидаты осы ұстанымға саятын еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сол бағдарламалық мақаласында еңбек адамның еңсесін көтеретіндігі жөнінде аталы сөздер айтылып, әркімнің еңбек етуіне жағдай жасау мәселесі тиянақтала отырып, Үкіметке осы міндетті орындау үшін 20 тапсырма бергені белгілі. Елбасы айқындаған міндеттерді орындау барысында өмірге келген «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының халық үшін берер жақсылығы өлшеусіз. Еңбек адамына мұндай жағдай әлемді қаржылық дағдарыс шарпып тұрған сәтте ешбір елде жасалған емес. Бұл жөнінде талай биік мінбелерден аузы дуалы азаматтар және шетел сарап-шылары сан мәрте айтты. Сол жылғы күздің алғашқы айында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және Сыртқы істер министрлерінің IV кеңесі Елбасы төрағалығымен өтті. Мұнда халықаралық қоғамдастықтың проблемалары қарастырылып, шетелдік мәртебелі меймандар Елбасы ұсыныстарын бірауыздан қолдап, жылы лебіздерін білдіргені есте. Мәселен, Ирак сыртқы істер министрлігі мен Азия және Австралия департаментінің директоры Мұхаммед Исмаил: «Менің ойымша, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «АӨСШК-ні» халықаралық ұйымға айналдыру керек деген ұсынысы өте орынды. Бұрынғы бастама қазір жемісін беріп отыр. Сол сияқты бүгінгі ұсыныс та болашақта үлкен табысқа қол жеткіздеді деп ойлаймын», – деді. Қазіргі таңда Азиядағы 24 ел осы кеңеске мүше болып табылады. Еліміз жаһандық өркендеу рейтінгінде 4 сатыға көтеріліп, 46-шы орынға тұрақтағаны 2012 жыл аяқталар шақта шыққан белесіміз болды. Ал Қазақстан Президентінің оның алдында ұсынған «G-global» жобасы әлем назарын өзіне аудартып, шетелдік және отандық БАҚ-та қызу талқыға түсті. Ядролық қарусыздану саласындағы жаңа бастамалар, жаһандық әлемде ұлтаралық және конфессияаралық келісім, адам құқы мен бостандықтарын қамтамасыз ету мәселесі ортаға салынған жиында Елбасымыз ерекше құрметке ие болды, бұл тек ел Көшбасшысының ғана емес, баршамыздың мәртебеміз екені рас. Соның бір дәлелі 2012 жылдың қарашасында «Шығыс пен Батыс арасындағы Қазақстан» атты мақала жариялаған «OESTERREICH» газетінен берілген ақпаратта Қазақстанды әлемде өз орны бар ел ретінде танитындығы жазылған. 12 қарашада Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас Ассамблеясының 67-сессиясы барысында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 2013-2015 жылдарға арналған жаңа мүшелерін сайлау кезінде Қазақстан мүшелікке енді. Бұл – осы жылдың ең бас­ты жетістіктерінің бірі. Тұңғыш Президент күні – ел халқының асыға күтетін мәртебелі мерекесі. Тұңғыш Президент күні – бұл тарихи таңдау күні, барлық қазақстандықтардың Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне топтасу күні. Елбасымыз – халқына адал еңбек етіп, ел мақтанышына айналған біртуар тұлға. 2012 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан халқы алғаш рет жаңа мемлекеттік мерекені – Тұңғыш Президент күнін атап өтті. Бұл да – 2012 жылды айшықтайтын тарихи дата. «Ері жоқ ел жетім, елі бағаламаса, ер жетім» дейді халық даналығы. 2012 жылдың 26 желтоқсаны Елбасының Жарлығымен ашылған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үшін тарихи күн болып қаларына еш күмәніміз жоқ. Өйткені, дәл осы күні Елбасының қатысуымен өткен 2012 жылдың екінші жартыжылдығындағы индустрия­ландыру картасында белгіленген инвестицялық жобалардың тұсаукесеріне арналған жалпыұлттық телекөпір аясында Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» жүлдесі білім ордамызға салтанатты түрде табыс етілді. Мұны бірлігі жарасқан, тірлігі іргелі озған ұжымымызға берілген жоғары баға ғана емес, ұлттық зерттеу университетіне айналуға ұмтылған тұста үлкен қолдау, қамқорлық деп қабылдадық. Осының өзі жұмысымыздың жауапкершілігін еселей түскенін ешқашан есімізден шығарған емеспіз. 2012 жылдың соңғы парақтары ел тарихында айрықша мәнді оқиғамен өрнектелді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев бір жылда екінші мәрте Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Жолдау еліміздің жасампаздық жолын жалғастырудың басым бағыттарын айқындап берді. Қуатты да табысты мемлекет құрудағы түрлі әлеуметтік, этностық және діни топтардың келісім мен татулығы, ұлттық экономика, ядролық қаруды таратпау, жаңа кадр саясаты, бюджет, салық, ақша-кредит, тағы да басқа басым бағыттар нақтыланды. Қазақстандықтарды бірлікте болуға шақырды, бәріміздің де туған жеріміз біреу, ол – қасиетті қазақ даласы екендігіне маңыз берілді. Тұңғыш рет «Мәңгілік Ел» идеясы ұсынылды. Елбасы елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосу бастамасын көтерді. Ендігі жерде жұрт болып жұмылып, ұлт болып ұйып, халық болып топтасып, осы міндетті абыроймен атқарып шығу қажет. «Сөздің ең ұлысы – тарих» деген екен өз заманында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Ал Нұрсұлтан Әбішұлының: «Өз тарихын сыйламаған – өзін де сыйламайды» деген сөзі бар. Біздің бүгінгі күніміз ертең тарихқа айналады. Өткен күндердің қойнауына көз жүгірте отырып, қандай белестерді өткізгенімізді көріп, оның құндылығын терең сезінеміз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, дербес мемлекет болып шаңырақ көтеріп, егемен ел ретіндегі өркендеудің бас­тауы ел Тәуелсіздігіне келіп тірелетіні анық. Оған қол жеткізу қаншалықты қиын болса, оны сақтап қалу одан да қиын, жауапкершілігі мол іс. Нақты мақсаттары мен батыл тәуекелі бар еңбекқор халқымыз, кемеңгер саясатымен елімізді жарқын болашаққа жетелеп келе жатқан Елбасымыз барда келешектің тұмансыз боларына, шығар шыңымыздың биік боларына сенеміз. Лайым солай болғай. Ерлан СЫДЫҚОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик