19 Қараша, 2016

Баршаның ортақ қуанышы

399 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
era_0615Тәуелсіздігіміздің сандық баламасы ширек ғасыр. Жиырма бес жыл дегеніңіз уақыт өлшемімен алғанда көп болмағанмен, атқарылған, жүзеге асқан жұмыстар жиынтығымен салыстырсақ, оны бірнеше еселеп, ғасырға теңеуге болады. Бұл асыра айтқандық емес. Қазір көршілес елдер ғана емес, жер бетінің барлық құрлы­ғындағы мемлекеттер, яғни күллі әлем Қазақстанды таниды, оған тамсанады, жетістіктеріне таңырқайды. Қазақстан атты атаумен тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіткен, дамытқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев есімінің қатар тұруы тарихи шындық, бұлжымас әлемдік әділеттілік деп білемін. Тәуелсіздіктің торқалы тойының қарсаңында, сонымен қатар, Тұңғыш Прези­дент күніне орай Елбасының сурет­терімен ескерткіш банкнотты айналымға шығару туралы Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевтың ұсынысын өз басым дұрыс қабылдадым. Өйткені, елдің еңсесін тіктеп, етегін жауып, алыс-жақынмен арасын реттеп, ішкі-сыртқы қауіптің бәрінің алдын алып, экономикалық ахуалымызды түзеп, қысқасы, мемлекеттің барлық жүгін арқалап келе жатқан тұғыры биік тұлғаға құрмет, қазақстандықтардың ризашылығы деп білдім. Бұл ретте Сыр елі де мұндай бастамадан сырт қалмай, қуанышқа ортақ. Өйткені, «Сыр – Алаштың анасы» деп біздің өлкені жоғары бағалаған Президенттің ерекше қамқорлығын еңбектеген нәрестеден, еңкейген кәріге дейін сезінудеміз. Оның үстіне, Қазақстан тарихында ХІ ғасырдың алғашқы ширегінде Тараз бен Испиджаб қалаларында ғана теңге сарайлары болғандығы айтылса, соңғы археологиялық зерттеулер Сыр бойындағы Жент, Жанкент, Сығанақ, Баршынкент және Өзгент шаһарларында да аталмыш сарайлардың болғандығын ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Демек, бұл – тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тойының қарсаңында ұлттық валютамыздың өмірге келуі тарихында қасиетті Сыр елінің ерекше орнын көрсетсе керек. Қазақтың төл тарихын былай қойғанда, қазірде ел өміріне ерекше үлес қосқан тұлғалардың бейнесін қағаз ақшаға орналастыру жат үрдіс емес. Нельсон Ман­дела, Мұстафа Кемал Ататүрік, Ли Куан Ю, Уинстон Черчилль сияқты әлемдік деңгейдегі көшбасшылар өз елдерінің қазіргі заманғы купюрларында бейнеленген. Ал Қазақстанға оның қуатты мемлекет болып қалыптасып дамуына өлшеусіз үлес қосқан Елбасымыздың еңбегі жоғарыда аталған көшбасшылардан несі кем?! Он мың теңгелік ескерткіш купюрада сақтар дәуірінен бүгінге дейінгі ұлттық тарихымыз жинақталып, қазіргі Қазақстан картасының ел халқының ортақ үні ретінде көрсетілуі, Қазақ елі монументіндегі Самұрық құстың өткен күнмен бүгіннің сабақтастығына меңзеп тұрғандығы – тарихымызды түсініп, күшіміздің бірлікте екенін сезініп, Елбасымызбен болашақ биіктеріне шақырғандай әсер етті. Тұңғыш Президент күніне орай Мемле­кет басшысы бейнеленген ескерткіш купюраның айналысқа шығуын қолдай отырып, барша қазақстандықтарды Мұхаммед пайғамбарымыздың: «Патшалар мен даналар – Алланың жердегі көлеңкелері. Кімде кім оларды сыйласа, ол адамды Алла тағалада құрметтейді» деген сөзімен аяқтағым келеді. Сондықтан бұл үрдісті ел мен Елбасының бір-біріне деген ерекше құрметі деп қабылдау керек. Қазбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры

Халқына қалтқысыз қызметтің өтеуіндей

Бұдан 25 жыл бұрын еліміз қандай еді, өзіміз қандай едік? Ахуалымыз бүгінгідей ме еді? Әлемнің қай елімен байланысымыз бар еді? Мемлекеттік рәміздеріміз, тіпті ұлттық валютамыз болып па еді? Жоқ, мұның бірде-біреуі болған емес. Өйткені, біз өзгесін айтпағанда, мемлекет ретінде ұлттық экономикамызды өркендету, отандық өнімдерімізді өндіру секілді мүмкіндікке қол жеткізе алмадық. Себебі, бұған КСРО дегеннің отаршыл басшылары ырық бермеді. Ал қазір ше? Тәуелсіздік алғалы бері Қазақ елін әлемге таныту, мемлекет ретінде қалыптастырудың бір сәтте іске асыру соншалықты оңай болмағанын білеміз. Иә, қазір бізде бәрі бар. Барша қазақстандық азаматтың патриоттық сезімін оятатын Әнұранымыз бар. Көкте қалықтаған қыран бейнеленген Көк байрағымызды желбіреттік. Ұлттық банкнотымызды айналымға шығардық. Шекарамызды шегендеп алдық. Әлемнің бар елімен сауда-экономикалық, іскерлік, әріптестік байланыс орнаттық. Ұлттық экономикамыздың әр саласы қарқынды өркендеді. Отандық өнімдеріміз де мол, тіпті, ТМД елдерінде әлі де шығарыла қоймаған шетелдік көліктерге дейін Қазақстанда құрастырылады. Білімге, ғылымға ұмтылған отаншыл жастарымыз «Болашақ» бағдарламасымен шетелдердің ең таңдаулы университеттерінде жоғары білім алды. Осының бәрінің бастауында тәуелсіздіктің елең-алаңында ел басқару тізгінін қолына алған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғаны дау тудырмайды. Енді, міне, тәуелсіздік алған сол бір қиын-қыстау кезеңде елінің ертеңі, халқының кемел келешегі үшін еміреніп еңбек еткен Нұрсұлтан Әбішұлының портреті бейнеленген жаңа банкнот –10 мың теңгенің жаңа үлгісі айналымға шығарылғалы отыр. Мұны шын мәнінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңындағы тамаша тарту ретінде қабылдап отырмын. Өйткені, мұндай қадам отандастарымыздың ұлттық банкнотымызға деген құрметін арттыра түседі. Бұл – бір. Екіншіден, әлемнің көптеген елдерінде мемлекет басшыларының, танымал тұлғаларының портреті бейнеленген банкноттар бар. Дәл осындай банкноттарды АҚШ, Сингапур, Ұлыбритания, Түркия, Канада, Малайзия, Үндістан, Чехия және басқа да көптеген елдердің айналымға енгізгенін мысалға келтіруге болады. Үшіншіден, Елбасы – біздің тәуелсіз Қазақстанымыздың дербес мемлекет ретінде қалыптасуы мен өркендеуінің бастауында тұрған дара тұлға, төртін­шіден, еліміздің әлемдік өркениет көшіне дендей енуіне бар күш-қуатын жұмсаған, барша адамзаттың ядролық қарусыз әлемде өмір сүруін көздеген көшбасшы ретінде қалтқысыз еңбек сіңіріп келеді. Бесіншіден, мемлекеттік рәміздеріміздің қабылдануына да, ұлттық банкнотымыздың айналысқа енгізілуіне де тікелей ұйытқы болды. Алтыншыдан, ұлттық экономикамыздың барлық саласы тұтастай дамуында да, Астанадай елордамыздың еңсе тіктеуінде де өлшеусіз үлесі бар. Бұл күнде Қазақстанды жаһан жұрты таниды. Әлем Қазақстанды ынтымақ пен достықтың, бірлік пен берекенің бейбіт Отаны ретінде бағалайды. Біз мұның бәріне Елбасының ерен еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Ал Елбасының өзімен әлемдегі дамыған ең озық, ең өркениетті елдердің басшылары мен сарапшылары ақылдасып, кеңесіп, орнықты пікірімен санасып отырады. Мұның өзі Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саясаттағы көшбасшылық, саясаткерлік тұлғасын биіктете түседі. Міне, осының бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтай елі үшін ерен еңбегі сіңген дара тұлғаның портретін ұлттық банкнотта бейнелеуге толық негіз қалайды. Әли ӘБІШЕВ, Атырау мұнай және газ университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор. АТЫРАУ

Теңге – тәуелсіздігіміздің  бір символы

khakhazovӘрбір елдің ұлттық валютасында сол елге ең үлкен еңбек сіңірген, елдің даңқын асырған белгілі адамдарының бейнелері салынады. Осы уақытқа дейін теңгеде Абылай мен Әбілқайыр хандардың, Шоқан Уәлихановтың, Абайдың, т.б. суреттері салынған еді. Бұл кісілер – қазақ халқын әлемге танытқан белгілі адамдар. Қазақстанның Тәуелсіздік алуына және оның іргесінің нығайып, қанатының қатаюына, әлемдік қоғамдастықтағы басқа елдермен терезесі тең болып, қатар тұруына ең үлкен еңбек сіңірген адам – Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Сондықтан оның бейнесінің теңге банкнотына салынуы дұрыс деп санаймын. Тіпті, бұрыннан бері салынған болса да артық болмас еді, бірақ «ештен – кеш жақсы» деген емес пе. Теңге – Қазақстан тәуелсіздігі символдарының бірі. Сол символда Президент Н.Назарбаевтың бейнеленуі Тәуелсіздікті орнатуға сіңірген зор еңбегін көрсетеді. Бүгінгі және келешек ұрпақ осы арқылы Тәуелсіздікке ең үлкен еңбек сіңірген адамның кім екенін білетін болады. Мұндай тәжірибе әлемнің барлық елдерінде бар. Ұлттық валютасына бейнеленген адамдарынан сол елге еңбек сіңірген адамдардың кім екені білінеді. Енді шетелдіктер де Қазақстан Тәуелсіздігіне ең үлкен еңбек сіңірген адамның кім екенін біліп жүреді. Шәкір ХАХАЗОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты  

Елдің көшін сүйреген еңбекке лайықты баға

burkhanovӘлемдік тәжірибеде бұрыннан бар мұндай жаңалыққа тосырқап қараудың қажеті жоқ. Мұның әуелгі мысалы – Америка доллары, долларда Президенттер бейнеленгені әлемнің әрбір азаматына белгілі. Ұлыбритания мен Жапонияның ұлттық валютасын алып қарасаңыз, корольдер мен императорлардың бейнесімен айшықталған. Қытай Халық Республикасы да мемлекеттің негізін қалаған ұлы тұлғаларын ұлттық ақшасына таңбалады. Түрік халқы да өздерін өркениет биігіне алып шыққан Ататүріктің еңбегіне ризашылық белгісі ретінде лирасына кескіндеуді лайық көрді. Президентіміз Тәуелсіздігіміздің негізін қалап, алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосуға жанын салып, тер төгіп келе жатқан тарихи тұлға болғандықтан, елдігіміздің басты нышаны – теңгемізге бейнесін бедерлеп жатсақ, бұл елдің көшін өрге сүйреген еңбегіне көрсеткен құрметіміз болмақ. – Жалпы, теңге деген тірі ағза сияқты дүние. Жатықтау етіп жеткізсек, кіндігі экономикаға байланып қана қоймай, сол экономиканың өн бойында айналып тұрған қаны десек те болады. Әлемдік деңгейде де, көрші елдерде де, Қазақстанның өмірінде де экономикаға байланысты әртүрлі жағдай туындап жатыр. Экономикалық үдерістердегі әрбір өзгеріс теңгенің қуатына, құнына сөзсіз әсер етеді. Соған қарамастан, теңгеміз валюта ретінде толық қалыптасты деп нық сеніммен айта аламыз. Камал БҰРХАНОВ, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор АЛМАТЫ

Елбасына деген ерекше құрметтің белгісі

aydaybek-khalymbetovКез келген мемлекетте ұлттық валюта егемендіктің нышаны, сонымен бірге, экономикалық саясаттың өзекті тетіктерінің бірі. Осы аптада Елбасының бейнесі бедерленген жаңа банкнот пен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған естелік монета ел назарына ұсынылды. Бұл өте құптарлық дүние болды. Өйткені, ұлттық валютамыз Елбасы Н. Назарбаевтың ерен еңбегі мен көреген саясатының нәтижесінде дүние келді. Жалпы, теңгенің енгізілуі – ел экономикасы үшін өте қиын кезеңде жүзеге асырылды. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстан өзінің ұлттық валютасын шығарып, дербес ақша-несие саясатын жүргізеді дегенге көп елдер күмәнмен қараған еді. Оған себептер де бар болатын. Кеңес Одағы құрамындағы басқа да республикалар тәрізді Қазақстан да  жеке мемлекет ретінде қалыптасуы бойынша күрделі жағдайда өтті. Жалпы, ұлттық банкноттарда сол елдің негізін қалаған дара тұлғалардың, тұңғыш президенттер мен көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бейнеленуі – әлемдік тәжірибеде кеңінен таралған үрдіс. Әсіресе, бұл мемлекеттердің қалыптасуы мен даму тарихында маңызды рөл атқарған басшыларға ерекше қатысты. Яғни, халқымыз Елбасының елімізге сіңірген ұлы еңбегіне лайықты құрмет көрсетті деп ойлаймын. Айдайбек ХАЛЫМБЕТОВ, Ұлттық банктің Жамбыл облыстық филиалының директоры Жамбыл облысы  

Ақша емес, құндылық ретінде сақтамақпын

boris-izbasarovБұл, сөз жоқ, құптауға да, қолдауға да әбден тұратындай оң қадам. Биылғы Ұлттық валюта күні Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық торқалы тойымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл екі ұғымдардың арасында тығыз үндестік бар. Өйткені, тәуелсіздіктің ең басты белгілерінің бірі – оған қол жеткізген мемлекеттің төл валютасының болуы болып табылады. Еліміз үшін үлкен сын болған егемендіктің елең-алаңы мен күрделі кезеңінде төл теңгемізді шығару оңай бола қоймағанын біз жақсы білеміз. Бұл ұзақ әңгіме. Оның бәрінің жай-жапсары мен бүге-шегесіне тоқталмай-ақ қояйын. Тек бұл арада бір ғана ақиқатты аттап өтуге, айтпай кетуге болмайтын бір ғана жайт бар. Бұл – мемлекеттіліктің басты бір нышаны іспеттес Ұлттық валютамыздың шығарылып, айналымға енгізілуінің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екендігі. Ұлттық валютамыздың атауын теңге деп қойған да Елбасымыздың өзі екенін тағы бір қайталап айтып қойғанымыздың артықшылығы бола қоймас. Бұл – бұрыннан тілдік қорымызда бар халқымыздың төл сөзі. Оның қайтадан жаңғыртылып, Ұлттық валютамызды тұтынып жүрген барша қазақстандықтардың санасына сіңірілуі тек Елбасының еңбегінің арқасында мүмкін болды. Осы тұрғыдан қарастырғанда, Елбасымыздың портреті Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған 10 мың теңгелік банкнотта көрініс табуын әділеттілік, тарихи әрі заманауи қажеттілік деп білемін. Борис ІЗБАСАРОВ, Ұлттық банк жүйесінің ардагері Батыс Қазақстан облысы