21 Қараша, 2016

Клиникадағы бір күн

590 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Ажалды ауыздықтау  Әдетте, күнделікті тіршілікте тәуелсіздіктің өмірімізге қандай өзгерістер алып келгенін саралап, сараптап, байыбына барып, жетемізге жеткізіп, ойымыздың орманындағы иірімдерінен қалқытып сыртқа шығара бермейтініміз рас. Ал сол ойды түртетін, егер тәуелсіз ел атанып, өз тізгініміз қолға тимегенде осылар болар ма еді деген игіліктің қатарына бүгінгі медицинадағы жеткен жетістіктерімізді жатқызар едік. Сонымен әлқисса, Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында өткен журналистің бір күнімен сіздер де таныс болыңыздар.  Сағат 09.30. «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Қуандықұлы Ақшолақовпен орталық туралы әңгімелесудің өзі бір ғанибет, бар болмысымен өз жұмысын қалтқысыз сүйетін, соған қабілет-қарымын аянбай жұмсап берілген жанның білетіні де, айтатыны да көп. 2008 жылы клиника ашылмастан бұрын оның іргетасы мен қабырғасы, әрбір бөлігінің қалай салынғаны көз алдынан өткізгенін, ал ол ашыларда қажет мамандарды Алматыдан қалай алып келгенін, біртіндеп дамып, қазіргі уақытта жылына 2 жарым мың күрделі ота жасалатынын айтқан. Бірақ ол кісіге уақыт қат. Сондықтан жүре, жолай сөйлесіп, өзі бас болып көрсете әңгімелегенінің орны мүлде бөлек екен.  Сағат 10.00 –Біз қазір хирургиялық жолмен инсульттың алдын алатын болдық. Және оны эндоваскулярлық әдіспен жасаймыз. Қарапайым тілмен жеткізсек, міне, кеспей, қан шығармай-ақ, аурудың шабынан қан тамырымен жүрек арқылы миға дейін жетіп, мидағы артерия мен вена қаны бір біріне өтіп жатқан жерге арнайы медициналық желім құйылады. Енді қысымдары екі түрлі қан араласпақ түгіл, қатып қалған желімнің арқасында, тіпті, ол жерге жете де алмай қалады. Нәтижесінде, инсульт болу қауіпі 100 пайыз жойылады, ал егер операция жасалмай вена жарылып кетсе, 90 пайызында адам о дүниелік болады,–деп шынының аржағындағы әріптестерінің қимылын ерекше ықыласпен түсіндіреді. –Біз мұндай әдіспен қаны тоқтамайтын, гемофилиямен ауыратын адамдардың өзіне гемотомаларды алып нәтижелі операциялар жасадық. Шетелде мұндай ем түрі 60 мыңнан 150 мың АҚШ долларын құраса, бізде ол 3 миллион теңге. Әрі мемлекет квотасымен науқасқа бәрін тегін жасаймыз, қазір Орта Азиядағы көршілеріміз бен Ресейден осы әдіспен емделуге бізге келіп жатыр. Жалпы инсульт зардабы мол дерт қой, сондықтан Үкімет арнайы Инсульт орталықтарын құруға тапсырма берген, ал оның республика бойынша кураторы бізбіз. Қазір еліміз бойынша Инсульт орталықтары ашылып жатыр. Олардың барлығы біздің деңгейдегі осындай операциялар жасайтын болады, бүгінгі күннің өзінде тәжірибемізді таратудың арқасында Қызылордада ищемиялық аурудың алдын алатын 60 операция жасалды. Әдістерміздің трансфері аймақтарға жүргізілуде,–деген Серік Қуандықұлы 2008 жылы орталық ашылғанан бері жасалған 15 мың операцияның 60 пайызының жаңа технологияларды пайдалану арқылы өткенін ауыз толтыра айтқан. Дәрігердің күнделікті жұмысы өмір мен өлім арасындағы арпалыстан, тынбас тайталастан, күрделі күрестерден тұрады емес пе?! Сондайда егер медицина бұрынғы күйінде болса, ажалдың жеңісімен аяқталар сәттерді қазір өмір жеңуде. Қалай қуанбассың. Ауруханаға жедел түрде жеткізілген екіқабат әйел комаға түскен. Анасына да, іштегі баласына ауа жетпегеніне қорғанған ағзада уақытынан бұрын толғақ басталғанда, жүрек тоқтап қалады. Жандәрмен миға жоғарыдағы әдіспен ота жасалып жатқанда, енді бір хирургтер кесарь тілігі арқылы нәрестені аман алып қалыпты. Ал бұрындары мұндай жағдай тек фантастикалық, қиял-ғажайыптың еншісіндей көрінетін. Тіпті, біреуінің ғана өмірінің сақталғанына шүкіршілік айтатын кездер тым көп болатын. Сол бала қазір жетіде, анасы одан кейін екінші баласын дүниеге әкелді, құдайға шүкір бәрі аман, жағдай соған алып келгенде тайсалмай жасаған операция бір емес, бірнеше өмірді сақтады, деген дәрігерге қарай бердім. Ешқандай бір жүзінде тасынудың, менмендіктің белгісі жоқ, қарапайым жан тек өмірдің үзілместен әрі қарай жалғанып кеткеніне шын қуанып тұрды. Дертке дауа қайдан?  Сағат 10.45. Орталықтың баспасөз хатшысы Рәшила Оспанованың бастауымен бөлімдердің бірінен соң біріне өтіп аралауға кірістік. Теміртаулық Галина Гапоненко бұдан бұрын тұрғылықты жерінде ем алып жағдайы дұрысталмағандықтан квотамен осында келіп операция жасатыпты. –Қазір жағдайым өте жақсы, сіз білесіз бе, осындағы мамандардың қаншалықты білікті, сенімді екендігін. Жап-жас бола тұра қандай білімді, мейірімді, уақытпен санаспайтын жандар, оларға сенгенім соншалық, операцияға еш жүрексінбестен кірдім, –десе, миындағы ісіктен арылған Сәуле есімді емделуші 3 жыл бойына емделгенін, алғашында сирек бір жылда бір рет ауырғанын, одан жарты жылда, кейінірек 3-4 айда қайталанғанын, сол уақытта мойын остеохондрозы деп емделіп келгенін, ал шындығында тамырда ісік барлығы магнитті резонансты томографияда анықталып, осында жіберілгенін айтты. Ал операция жасау керек деп түсіндіргенде бірден келістім. Кеше жасалды, бүгін орнымнан тұрдым. Осындағы медициналық персоналдың қызметін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Алдында бір апта даярлап, кеше Мұратбек Әбдіғалиұлы ота жасады. Дәрігерлер, медбикелер, санитарлар барлығы мінсіз, жайыңды ойлап, қасыңа қайта-қайта келеді, тамақтары қандай дәмді, үйден келген асты қайтарып жібердім. Сіз газет арқылы бүкіл жұртшылыққа жеткізсеңіз, бастары ауырса мән бермей жүре бермесін, ісікті неғұрлым ертерек анықтау аса маңызды. Қайта мынадай жоғары деңгейдегі білікті мамандардың елімізде болғанына шүкір. Мұнда шынымен ғажайыптар жасалады десем артық емес, дімкәс жанның барлық бойындағы ауру-сырқауын, дертін аурухананың ішіне тастап, үйіне сауығып оралуы қандай бақыт, деген Сәулеге тез айығуын тілеп, Рәшилаға дәрігердің бірімен тілдескім келетінін жеткіздім. Ашық тұрған есіктен ішке енгендегі жылы шырайлы дәрігер азаматтың есімі Данияр Телтаев болып шықты. Орталық жүйке жүйесі патологиясы бөлімшесінің дәрігері Данияр Керімқұлұлына дәрігерлік тәжірибеңізде қиындығымен есіңізден кетпейтін бір операцияны айтып бересіз бе дегенмін. Негізі операцияның оңайы жоқ қой деп сәл үнсіз қалған ол бірде кішкентай қыз баланың миында ісігі барлығы анықталды және өте тереңде, тамырдың үстінде әрі жайылып кеткен екен. Алу өте қиынға түсті, жалпы біздің әрбір операция ұзаққа созылатын, ауыр жүретін шаруа ғой, 8 сағат жасалды. Қазір науқасынан айыққан ол Назарбаев зияткерлік мектебінде оқып жүр, биыл бітіріп ЖОО-ға түсемін дейді. Ойыма Сәуле айтқан сөздер түсті. Ғажайыптар жасайтын орталық операциямен ғана емес, осындағы әрбір қызметкер сіздің жаныңызға сая болуға тырысуымен-ақ бойыңыздағы барлық дертті сылып алады, мен дәл осы клиникадағыдай пациенттерге көзқарасты ешбір емдеу орнынан кездестірген жоқпын дегенінен дертке дауаның қайдан келетінін ұққандаймын. Тоқтаусыз жүрер механизм  Сағат 12.00. Клиника ішін емін-еркін аралап жүрміз. Әшейінде ауруханаларға кіргенде мұрныңа иісі келетін дәрі-дәрмектен есетін самалдың желпіген ауада зәредей де сезілмейтінін қайтерсіз. Бейне бір офистің ішін аралап жүргендейсіз, тек әрбір бөлімге кіргеніңізде постыда үстеріне халаттарын киіп отырған қыздар, жігіттерге қарап аурухана ішінде екенің еске түседі. Жақсы ұйымдасқан жұмыс қажет тұсында бұрап немесе батереясын ауыстыра қойсаң тықылдап жүріп кететін сағат тәрізді ме осы? Орталық ауаны осы ойды өз-өзінен алып келген. Қандай қиын да, күрделі операциялардың жасалып жатқаны, сәт сайын өмір мен өлімнің арасындағы сан түрлі арпалыстың жүріп жатқаны еш сезілмейді. Тоқтаусыз жүрген механизмде абдырамай, болдыртпай, әркім өз орнын, өз жұмысын білікті атқаруымен ың-шыңсыз атқарылып, басты байлық-денсаулыққа қауіп төнгенде қатерден құтқаратын, ертеңгі күнге үміт жалғайтын қасиетті де қадірлі орынға айналып кеткендей. Өйткені мұнда адам өмірі жалғануда, үзілейін деп тұрған үміттің шаласы маздап, үрей арқалап жеткен жан үйіне дертіне қош айтып отбасына оралады. Үлкен қуаныш қой, және жеке адам үшін орасан бақыт! Операция столы. Омыртқада қатерлі ісік бар. Наркозда жатқан пациент ұйқыда. Міне, хирургтер ауру омыртқаны алып тастап, орнына титаннан жасалған омыртқа имплантты қойып үлгеріпті. Дымымды ішке тартып, дәрігердің қимылына көз тігемін, бар зейіні пациентке ауған дәрігердің, ассистентінің, мейірбикелердің ешбірінің менімен ісі жоқ. Тек бір мейірбике, байқаңыз, аппаратуралардан алшағырақ тұрсаңыз деп сыбыр еткен. – Бұрын мұндай диагноз қойылған жан үшін біздің медицина дәрменсіз болатын, ал қазір метастаза басталып кетсе де күресе алатын жағдайға жеттік. Енді пациент әрі қарай химия, сәуле терапияларын алып, әрі қарай емделе алады, өйткені ауру омыртқадан құтылды,– дейді Серік Қуандықұлы. Тағы да операция столы. Бұл жолы мидағы ісік алыну үстінде. Мұрын қуысынан миға жетіп ісікті қалай алып жатқанын монитордан көріп тұрмын. Тағы да сол сырттан енген бізге назар салған еш жан жоқ. Бар зейіндері операция столында жатқан науқасқа ауған. Сағат 14.30. Жұлын нейрохиругиясы, шеткі жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесіне Шортандыдан келген Викторияның омыртқасындағы ісікке операция жасалыпты. –Отаға 2 күн дайындап, кеше жасалған соң алдымен жансақтау бөліміне апарды. «Қандай керемет жандар десеңізші! Жалпы орталық жұмысында бір мін жоқ. Қызыма айтып дәрігерлерге рахметті сайтқа жазшы деп жатыр едім, қандай жақсы болды келгеніңіз, газет арқылы алғысымды жеткізейін, құдайдан осындағы адамдардың қол-аяқтарына дерт бермесін, дендері сау болсын, барлық тілектері орындалсын деп тынбай дұға жасаудамын»,– дейді Виктория. Гистологиялық препарат клиниканың айнасы Сағат. 15.00. Патологоанатомиялық бөлімше. Біз төменгі қабатта орналасқан бөлімшеге кіргенімізде 2 дәрігер жедел биопсия жасау үстінде екен. Артынан ұққанымыздай, ота жасау кезінде науқастан алынған ұлпа осында жеткізіліп, дәрігерлер оның табиғатын жедел анықтауға тиісті. Егер обырға шалдықса, сол жерде отаның әрі қарайғы жасалу тактикасы түбегейлі өзгереді. –Бар жоғы 10-15 минут ішінде анықтауға тиістіміз, Бақытжан Амангелдіқызы екеуміз бір мезгілде микроскоппен қарап отырғанда ойларымызбен бөліспейміз, көргенімізді жазып алып, қарап болғасын шешімімізді айтамыз. Егер екеуміздің де түйініміз бір болса, хирургтерге бірден жеткіземіз де, ал сәл бір жерден тоғыспасақ тағы да 15 минут зерттейміз, біздің бұл шешіміміз, қойған диагнозымыз өте маңызды болғандықтан, қателесуге еш хақымыз жоқ, артында адам тағдыры... Жаңағы қараған ұлпа 57 жастағы әйелдің омыртқасына Талғат Керімбаев жасап жатқан операциядан жеткізілді. Ол өзінің бүйректің қатерлі ісігіне ұшырағанын білмеген, метастаза жүріп, бүйрекке жақын тұрған омыртқа сынып кеткен екен. Жалпы гистохимиялық зерттеу аса қажет және қымбатқа түсетін шаруа,–деп әңгімелей жүріп бөлімшенің жұмысымен таныстырған Берік Жетпісбаевты тыңдай бергің келеді екен. –Бірақ деген ол –Біздің клиника басшылығы оның маңызын жете түсініп, біздің бөлімшені антиденелермен қамтамасыз етеді. Мысалы, мына антидене арқылы еттің обыры анықталады. Осының бір тамшысы зерттелетін ұлпаға тамызылады, егер ол қоңыр түске боялса, онда саркомаға деген қауіптің расталғаны. Осындай 7 миллилитр антидене 200 мың теңге тұрады. Ал бізде оның 56-сы бар. Өйткені дұрыс диагноз қойылмай, емнің дұрыс жүруі еш мүмкін емес. Ал мұндай жағдай жасалмаған жерде әуелі обырдың бір түрі деген диагноз қойылады, одан Мәскеуге барып екінші дигноз, Израильде үшінші диагноз қойып жүргенде уақыт өтіп кетеді. 600 зерттеуге арналған мына 5 кішкентай құтының бағасы 840 мың теңге, осының әр тамшысының сыртында қанша үміт, қаншама адамның өмірі, қуанышы мен қайғысы жатыр,– деген Берік Барлыбайұлы. Біз гистологиялық препараттардың жасалуынан ешкімнің алдында ұялмаймыз. Препаратты көрген әлемдегі ең озық деген клиника оның өте жоғары деңгейіне баға береді. Пациент Израиль, Германия қай елге болсын диагнозын анықтату үшін өз препаратын алып барса, ол біздің клиниканың айнасы бола алады. Енді бір жақсы жаңалығымыз – жоғарыда айтқандай молекулярлық генетиканы дамытуда иммунногистохимиялық зерттеулерді бастап кетсек, жақында енді бір қадамымыз–биобанк ашылмақшы. Тоңазытқышта пациенттердің келісімімен онкогистоматериалдар сақталып, зерттеу жұмыстары жүреді, бұл ажалды өмірдің жеңуіне жасалатын жол,– деген. Балалар ауырмаса екен  Сағат 16.00. Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгеруші Ғабит Ілиясұлының өңі шаршаулы көрінді. Оңай болып па, кіп-кішкентай, өмірдің тәтті дәмін татып үлгермеген балдырғандардың, олардың ата-аналарының қиналысын күнбе күн көру, жүрегіңмен сезіну. Қаршадай балалар ми, жұлын ісіктерінің жандарына батқан ауруынан, гидроцефалия т.с.с. дертінен айығып, құлдыраңдап жүгіріп жүрген қатарларына қосылып кете ала ма, алмай ма? «Мұндай ауру балаларды емдеу оңайға түспейді, және тек балалармен ғана емес, ата-ананы психологиялық дайындауға, балаға қалай көмектесуге болатын жолдарды түсіндіруге көп күш-қайрат жұмсаймыз. Негізі қазіргі медицина күннен күнге алға басу үстінде, операциялардың неғұрлым кеспей, жарақатсыз жүретін эндоскопиялық, кішіинвазиялық түрлерін қолданамыз», – деп әңгімесін бастаған оның сөзін телефон үні бұзды. Жақсы жедел барамын, деп орнынан тұрған дәрігер асыға басып пациентіне кетті. Бөлімшенің холлы балабақша тәрізді, ойыншықтармен ойнап жатқан балалар біршама екен. Өзін Бибіайшамын, Қарағандыдан келдім деген ана баласының ойнап жүргенде құлап жұлынына зақым келгенін, одан қисайып жүре алмай, бір аяғы семіп бара жатқанда осында квотамен келіп операция жасалып, қазір ойнап жүрген баласын көрсетті. Әлібек Маратұлының қолының жеңілдігіне, білімділігіне разы болып, мейірбикелер мен барша персоналға алғысты жаудырып жатырмын. Ертең шығамыз, үйге қуанып қайтып барамыз, – дейді. Зертхана зерттеулері Сағат 16.45. Нейрофизиологиялық зертхана. Ләззат Нұрғалиқызы сынды өз ісіне берілген және оның барлығын дұрыстап тұрып жеріне жеткізе айтып бере алатын маманды жиі кезіктіре бермейсіз. Сондықтан да болар ол кісімен арадағы әңгіменің қызықтылығы бір басқа, ал жасалған операциялардың сапасын арттыруға деген жанкешті еңбегінің өзі бір бөлек тақырып болатындай. «– Бұрын дейді ол–операцияға кірерде пациентке жүйке жүйесі тым нәзік, оған тиіп кетуін жоққа шығара алмаймыз, сондықтан операциядан кейінгі тәуекел мынадай деп айтатынбыз. Қазір операция жасалатын адамға электродтар қою технологиясын қолға алдық. Ол не? Науқастың денесіне электродтар орнатылады, ал ісікті алып тастау кезінде хирург пышағы нервке жақындап қалған сәтте электродтағы тербеліс, қозғалыс артып кетеді. Сол уақытта хирургке, нервке тым таянып кеттіңіз, басқа жол іздеңіз деп айтамыз, ал бұл дегеніміз–ота сапасының артуы, адамның мүгедек болып қалмауының кепілі. Жақында бір жас қыздың миындағы өте үлкен ісікке операция жасалды, ал оның жағдайында мұндай отаға нейрохирургтің бәрі бірдей бара бермейді. Және бұрынғы кезде ісікті алған күнде қыздың бет аузындағы нервтері үнемі жыбырлап, тартылып тұруы да мүмкін болатын. Интрооперациялық нейромониторинг арқасында ол қауіп сейілді. Бұл-халықаралық стандарт». Ләззат Танашева айтқан әңгіменің барлығын жазуға газет беті көтермейді, бірақ бастысы – зертхана шын мәніндегі зерттеулер жүргізіп, оны адамның игілігіне қызмет жасату үшін тынбай ізденіс үстінде екен. Сағат. 18.00. Таңертеңнен келсем де, көретін, танысатын жаңалықтар мен игіліктер қатары азаяр емес. Жан-жақтан келген дәрігерлерді даярлайтын тренинг орталығы бар екен. Бұрын хирургтер тек операция залында өз әріптесі жасаған отаны қарап тұрып үйренетін болса, қазір клиника адам ағзасынан айнымайтын өте қымбат тұратын муляждарға виртауальды операция жасап дайындалатын күйге жеткен. – Біз,  дейді Серік Қуандықұлы– министрлікке жоғары санат алуға сынақ тапсыратын дәрігерлерді осындай муляждармен жұмыс жасап емтихан тапсыру қажеттігі жайында ұсыныс түсірдік. Бұл– медицинаның болашағы. Қазір еліміздің барлық аймақтарында нейрохирургтар кәдімгідей өте күрделі операцияларды жасап жүр. Шетелдерден де келіп үйреніп, тренингтен өтіп жатқандар да бар. Сізге айтайын біздің клиниканың сенімділігінің бір көрсеткіші–азаматы, інісі АҚШ –та білікті нейрохирург саналатын сол елдің азаматы осында келіп операция жасатты. Інісі біздің орталықтың жұмысымен танысып көргеннен кейін (Алдында халықаралық шараға келіп кеткен екен) ағасына Қазақ Ұлттық нейрохирургия орталығында операция жасатуға кеңес беріпті. Жыл өткен сайын бізге шетелден келіп емделушілер саны арта түсуде, қазір көп емес, әр жылы 1-2 ден жоспарлы тексеруге келіп кететіндер де бар,– дейді Серік Қуандықұлы. Клинкадағы істердің барлығын жіпке тізгендей толық жазу мүмкін емес, бір емес, мақалалар сериясын арнасаң да артық етпейтіндей. Ал мен әзірге осында өткізген бір жұмыс күнгі уақытта көз алдымда жүрген шеті, шегі жоқ ізгі істерге марқая дәрігерлерге жақсылық тілеп қош айтыстым. Бұл шынымен тәуелсіздік берген жетістік!  Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,  «Егемен Қазақстан»