21 Қараша, 2016

Ұлт сөзін ұстаған

692 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
aldan Жо-жоқ... Бұл мерейтойлық мезірет мақалаларының мақамымен асыра мақтап, кейіпкеріміздің «жоғын бардай, барын дардай» еткеніміз емес. Көптен көкейде жүрген көрікті ойымыздың көрінісі. Егер шын сөзімізден «ши» іздегендер болса, жазушының жанайқайындай шығармаларын оқысын. Ұлт ұпайын түгендеуге ұмтылған көсемсөздеріне көз жүгіртіп, көңіл көншітсін. Атамекен Арқаны асқақтатып, ежелгі Есіл жұрттың арғы-бергісін екшеген, қасиетті Қараөткелдің ғасырлар шерткен ғажайып шежіресін қаттаған, Ақмоласын ардақтап, әсем Астанасын әспеттеген қабырғалы қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайыл – алты Алашқа белгілі азамат. Қоғамның қордаланған мәселелеріне қатысты ордалы ой қозғап жүрген көрнекті қайраткер. Жақында өнегелі өмірінің жетпісінші белесіне көтерілген көкемізбен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, біраз сырға қанығып қайттық. Соның сүбелі жерлерін кертіп алып, ояу жүректі оқырманға сыбағаға тартпақпыз.

Әупіріммен қалған әулет

БІЗДІҢ БІЛЕТІНІМІЗ: Алдекең ақ қашып, қызыл қуған аласапыран заманның зардабын әбден тартқан әулеттің ұрпағы. Бабасы Қанболат қаумалаған қауымына қадірлі әулие кісі болыпты. Арғы атасы Жұмағұлға да мыңғырған мал бітіпті. Бірақ құл-құтанды құтыртқан Кеңес өкіметі бай-бағландардың басына әңгіртаяқ ойнатады. Соның кесірінен дәулеті шалқыған шаңырақ шайқала бастайды. Усойқы уәкілдер әлекедей жалаңдап кәмпескеге кіріседі. Бір күні Жұмағұл ақсақал төбенің үстінен төңірекке үнсіз қарап тұрып, «тігерге тұяқ қалмай барады» деп зар еңіреген балаларына екі дүркін тәркілеуден кейінгі төрт түлікті көз алдынан өткізуді бұйырыпты. Үйір-үйір жылқысы мен отар-отар қойының санын іштей сараптаған қария «жылап-сықтайтын ештеңе жоқ, мұрты ғана сыныпты ғой» деп мұңға батқан мұрагерлерін сабырға шақырыпты. Соған қарағанда табысын тасытар сауданың да көзін тауып, Ақмоланың жазғы, күзгі жәрмеңкелерінде байлығын базарлаған дала шонжарының онша осал болмағаны да. Әйтпесе, Қызылжар, Семей, Кереку көпестерімен терезе теңестіріп, иық тірестіре ме? Ол осынау олжалы іске ізбасарларын да баулыпты. Әсіресе, еті тірі Смайыл сол сауда-саттықтың қызығы мен шыжығын молынан көрген сыңайлы. Қан базары қайнаған Ақмолада апталап жатып, қазақ, татардан ат оздырған атақты Қосшығұл, Зәбір айналасымен тонның ішкі бауындай араласыпты. Қаланың қағаз ақшамен самауырын қайнатқан қауға сақалды алпауыты Моисеймен тамыр болыпты. Нағыз нәубет күшіне енген кезде текті тұқымның басына қайғының қара бұлты үйіріледі. Қарағандыға айдалып бара жатқанында таңдайын жібітерлік тамшы су таппай кенезесі кепкен соң айдаладағы айнабұлақтай көрінген көлшікке қарай тұра ұмтылған Жұмағұлдың ортаншы ұлы Ақбиді ақиланған солдаттар атып тастаған. Үлкен баласы Смайыл Құдай сақтап қашып құтылған. Атасынан естіген мына бір әңгіме есіне түссе Алдекеңнің төбе шашы тік тұрады. Былғары бешпент киіп, бес жұлдызды белдік буынған большевиктер келген сайын ауылдың астаң-кестеңін шығаратын көрінеді. Араққа тойып алып, қыз-келіншектерге қырғидай тиеді. Ең сорақысы, ермек іздеп еліргенде қарапайым қазақтарды бірінен кейін бірін қабат-қабат қойып ататын болған. Ондағылары – оқпан толы мылтық оғының қақыратып қанша адамнан өтетіндігін анықтау. Сондай сойқанның бірінен соң негізгі отрядтан бөлініп әлдеқандай себептермен қырда қалып қойған үш солдатты Смайыл амалдап тұтқынға түсіреді. Асынған қаруларынан айырылып «жындары» қағылған содырларды ызадан қаны қайнап, кеудесін кек кернеген Смекең Бетпақдалаға қарай айдапты аттың бауырына алып. Әуелі бауыздап тастамаққа бекіп, артынша айныпты. Сірә, аяушылықты білмейтін айуандардың арам қанына адал қолын былғағысы келмесе керек. Мүсәпір кейіпте мүләйімсіген қаныпезер қарақшыларды қаңғыртып қалың шөлдің қамауында қалдырыпты. Жазықсыз жандарды жаудай талаған сілімтіктердің сазайын солай тартқызыпты. Алайда, Смайылды айналдырған мұң-қасірет мұнымен тарқай қоймаған. Әйелі Көкшетау жақтағы бай-кулактар отбасына арналған лагерге жіберіледі. Кіші ұлы Зейнолла (біздің кейіпкеріміздің әкесі) із-түссіз жоғалады. Өлі-тірісі беймәлім. Қарағандыда шахтаның ат-көлігін басқаратын үлкен ұлы Арыстан ұсталып кеткен. Елден естуінше, есіл ер қызмет бабын пайдаланып, ішерге тамақ таппай ісіп-кеуіп өлуге айналған аш-арықтарға көмек көрсетіпті. Сенімді серіктеріне арбаға шегер аттарды бір-бірлеп сойдырып, етін тамақтан тарыққандарға таратыпты. Соны сезіп қойған НКВД жендеттері абақтыға жапқан. Карлагта түрмеде отырып жоғары жаққа арыз жазып, ақыры босап шығыпты. Кейін Шымкентте жүрген туысқанын сағалап барып, сонда сүзектен қайтыс болады. Үстем таптан шыққаны үшін қуғын-сүргінге ұшыраған ата-анасынан ажырап, қаңғыбас балаларға қосылып кеткен Зейнолланың тағдыры тіпті «қызық». Пойыздың бірде астына, бірде үстіне мініп тентіреген ол Ташкентке бір-ақ тартады. Базар торып, ұрлықпен айналысып жүргенінде ұстап алған милиция қызметкерлері оны бейтаныс біреудің тәрбиесіне беріпті. Қандай жолмен қамқорлыққа алынғаны белгісіз. Әйтеуір, иі жұмсақ иманжүзді бір өзбектің босағасынан пана табады. Мектепте оқып, төрт кластық білім алады. Ол кезде бұл да әжептәуір дәреже саналған. Санасын сарыжұрт қылған сағынышын баса алмай жүрген бейбаққа бірде әлгі әкасы құлағына жағатын жаңалық айтады. «Әй, қарағым, қалтаңа ақша салып берейін. Сен еліңе қайт. Мұнда келгеніңе, міне, бес жылға аяқ басты. Қашанға дейін жетімсіреп жүресің? Есің барда еліңді тапсаңшы» дейді. Содан Зейнолла ала тақиялы ағайынға алғысын жаудырып, асығыс-үсігіс Алматыға аттаныпты. Алатау баурайындағы абат шаһарда айы оңынан туып, мал дәрігерлік институтқа қабылданады. Тағдырдың жазуын қойсаңшы бұл. Бірінші курстан кейін студенттерді ел арасындағы сауатсыздықты жою үшін сабақ бермекке жер-жерге жібереді. Туған өлке өзіне тартпай тұра ма, зейінді Зейнолла кіндік қаны тамған Қарағанды жаққа сұранады. Вокзалға табаны тиген бойда қаланың оқу-ағарту бөліміне беттейді. Көшемен жаяулатып келе жатқанда қарсы алдынан әкесінен аумайтын әлдекім ұшырасады. Анау да бұған аңтарылып, біртүрлі жылыұшырай қарайды. Ұзын сөздің қысқасы, апалаң-топалаңда бір-бірінен адасып кеткен әкелі-балалы екеу ойда жоқта осылай табысыпты. Күтпеген кездесуден есі шығып кеткен Смекең сол арада талып қалады. Көз еті көгеріп, әрең қауышқан қу жалғызды әй-шайға қаратпай елге әкетіпті, жарықтық. Өйткені, ол өз бауырынан өрбіген он бес баладан тірі қалған  соңғы тұяқ еді.

Сәбеңнің сыйлығы мен академиктің асығы

Алдекең айтады: Менің балалық шағым қазіргі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Ақтау мен Бетпақдаланың тұсындағы құба жондарды қуалай аққан Атасу бойындағы Айшырақ атты шағын ауылда өтті. Талды өзенге төніп тұрған төбенің үстінде тарыдай шашылған оншақты үй әлі күнге есімде. Жағалай шикі шымнан салынған баспаналар бір-біріне өте ұқсас болатын. Төбенің үстінен қай жағыңа қарасаң да көксеңгір таулар мен жоталарға көзің сүрінеді. Шығыс қапталда Саңғыру, Өгізтау, Қабантау зораяды. Оңтүстікте Тасқоралының қос өркеш биігі менмұндалайды. Батыста Айдарлының тақыр дөңі кес-кестейді. Солтүстікте Қызылшоқы мен Атасу асқақатап, жанарыңды жасқайды. Атам Смайылға еріп сол тауларды бала кезімнен көп шарладым, қыры мен сырына ерте қандым. Сол кездері сексенді иектеп қалған дархан мінезді  данагөй қария маған көрген-білгені мен көңілге түйгенін әңгімелеуден әсте жалықпайтын. Әңгіме бірде ақиқатқа, бірде аңызға айналатын. Алыс-алыс таулар ертегідей көнеріп, қисса-дастандардай сиқырланатын. Айшырақ бір шеті жетпіс-сексен шақырымдағы Ақтаудың биігіне барып тірелетін, батысында Қаражал қаласына жетіп құлайтын, шығыста – Бәйбіше, Сұлушоқы, Қушоқы адырларына иек артып, оңтүстігінде шөбі сұйық шөлейтті Бетпақдалаға ұласатын ұлан-ғайыр алқаптың кіндігі сияқты. Сан тарапқа ағылған жолдар тоғысады. Маңайдағы Өркендеу, Ленин және Киров атындағы колхоздардың балалары оқитын жеті жылдық мектеп пен адамдардың анау-мынау қажетті дүниесін алатын дүкен осында. Алғаш асқақ арманымызды оятып, қияға сермеген қиялымызды тербеткен аяулы мекендегі ақ пейілді ауылдастарым қазіргі өлшеммен қарағанда да рухани тұрғыдан бай сияқты көрінеді. Әбдіқадыр кітапханашының атқа теңдеген қоржынындағы алуан кітаптарды үлкен-кіші жапа-тармағай таласа-тармаса алатын. Радио жоқ. Кешке жақын кейде жұмыстан мойны босаған жұрт бір жерге жиналып, қара танитын қарадомалақтарына батырлар жырын, лиро-эпостық махаббат баяндарын оқытатын. Біздің «Қазақ ертегілерімен», Сәбеңнің «Ботагөзімен», Сәкен Сейфулиннің еңбектерімен танысқан кездеріміз осы тұс. Қанша қызыққанымызбен Ғабеңнің ғажайып дүниелеріне тісіміз батыңқырамайтын. Бір таңғаларлығы, сол уақытта қазақшаға аударылған орыс, шетел классиктерінің туындылары жетіп-артылатын. Балалық шақтың сәулелі сәттерін сағынғанда ұлтымыздың екі бірдей ұлы тұлғасына байланысты мына бір оқиғалар ойыма жиі оралады. Айшырақтың алдында Дарат деген жерде тұрдық. Үшінші класта оқып жүргенімізде ауылымызға кәдімгі Сәбит Мұқанов келді. Жанында Мәриям апай және Сарбас есімді жол бастаушысы бар. Қарағандыдан ба, Жаңарқадан ба, қосылған партия-совет қызметкері тәрізді. Баяғыда бастықтар мінген «ЗИМ» автомобилін сонда тұңғыш көруіміз. Елдің бәрі елең етісті. Мұғалімдер санамызға мұқият сіңіргендіктен бе екен, Сәбеңнің Алашқа кеңінен жайылған дүрілдеген даңқынан кішкентай болсақ та, құлағдармыз. Сондықтан мектептегі кездесуге елмен бірге ертелете жеттік. Оқушылар онша көп емес. Мен қалқайып алдыңғы қатарда отырғам. Сәбең жаныма жақындап аты-жөнімді сұрағанда неге екенін білмеймін, жылап жіберіппін. Әлгі жерде сәл ыңғайсызданған қазақ-совет әдебиетінің классигі бауырына тартып, басымнан сипап жұбатты да, қасындағылардан сөмкесін әперуді өтінді. Іле-шала бәрімізге бір-бір дәптер мен қарындашты сыйға тартты. Онда дәптер емге табылмайтын, қарындаштың тұқылын аса қымбат затымыздай ұқыптап ұстайтынбыз. Енді бұл дәптердің кейінгі тарихын айта кетейін. Әжем оны менен алып қойды. Оның ойынша, жақсының көзіндей жәдігерді мұндағы шағын мектепке қор қылмауым керек. Бұйырса, Айшырақтың үлкендеу мектебінің табалдырығынан аттағанда қолыма тиеді. Айтқан Айшырағына да көшіп келдік. Алайда, әжем бағалы базарлықты тағы да сандықтан шығармады. «Ертең аудан орталығынан оқығанда беремін». Қаражалдағы орта мектепке ілінгенде қымбат қазынамды қиылып және сұрадым. Әжемнің уәжі дайын. «Қазір қайтесің. Алматыға үлкен оқуға аттанарда аласың». Алматыдағы атақты университетке де түстік қой. Әжемнің басқа бір сылтауы табыла кетті. Сосын екінші курстан кейін каникулға келгенде ақырын сұрадым ғой «Әже, ана дәптер қайда?» деп. Мәселенің мәнісін сонда ұқтым. Атам оның беттеріне Құран көшіріп қойыпты. Көрдім. Араб әріптерімен айшықты етіп жазыпты қасиетті кітаптағы сөздерді. Өзімнің шешем дүниеден өтерінің алдында маған аманаттап тапсырды. Қазір үйімінің төрінде тұр. Ақыры айналып өзіме келді. Дараттағы үйімізге атақты археолог Әлкей Марғұлан жиі келіп, атаммен әңгімелесіп, аунап-қунап жататын. Атам сол маңайдағы тау-тастың тарихын жатқа соғатын. Есте жоқ ескі дәуірлерде Мық елі деген болыпты. Сақтардың арғы жағында. Әлекең Дараттан үш-төрт шақырым жерден сол мықтардың мыс қорытатын төрт қазандығын тауыпты. Конус пішіндес пештердің аузы кең, түбі тарлау. Гранит тастарды аршаның көмірімен балқытқан. Бала күнімде барып көрдім. Тастардан жылға-жылға болып мыс ағыпты. Бір күні атам мені атына мінгестіріп шалғайдағы археологтардың шатырына апарды. Қазба жұмыстарының барысында қынаға боялған асықтар табылыпты. Шірімеген. Көбісі сол қалпында сақталған. Таң-тамашамыз. Кенет Әлекең әлдене есіне түскендей, әлгі асықтарды әудем жердегі айтақырға әкеліп тіге бастады. Сосын атама «Келіңіз, Смеке, Мық заманының асығымен бір ойнайықшы» деді қуақылана жымиып. Атам алғашында абдырап қалды. «Ей, ыңғайсыз емес пе, қайдағы асық, жас болса сексеннен асты». Алайда сізге өтірік, маған шын, біраздан кейін екеуі дүниенің бәрін ұмытып, алаңсыз асық ойнауға кірісіп кетті. Бірде академиктің атама айтқан мынадай әңгімесін естідім. Археологиялық экспедиция мүшелері Қаратөбенің бір бүйірінен табылған үңгірді қазыпты. Жерасты жолы бар екен. Соған түспей ме, бұлар. Алдыңғы жақтағы жас жігіт аяқ астынан шоқ басқандай шошып, апыл-ғұпыл атылыпты. Әлекең неден қорыққанын сұраса, «анда бір арыстан атылғалы тұр» депті үрейлі екі көзі алақтап. Мәселенің мәнісін білмекке Марғұланның өзі қолына шам ұстап қорқынышты қуысқа кіргенде, шынымен арыстанның мүсінін көріпті. Әлекеңнің оны қайда әкеткені әзірге белгісіз. Кейін Алматыда оқып жүргенімде туысқан ағайымның шаруасымен Әлекеңнің пәтеріне соққанымда жылы шыраймен қарсы алып, дастарханынан дәм татырды. Бұйымтаймызды да жерге тастамады. Бұл, әрине, ғұлама ғалымның кісілігінің бір белгісі екені анық.

Тайғақ кешулі таңдау

Біздің білетініміз: Қазіргі қалам ұстаған жазармандардың бәрі қабырға газеттеріне қарыздар. Өйткені, балауса таланттар соның бетінде тырнақалды өлең, әңгіме, мақалаларын жариялап, талаптарын ұштайтын. Одан кейін аудандық, облыстық басылымдарды жағалайды. Алдекеңнің де бұл жағынан өзге әріптестерінен айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Аттестат алысымен журналистика факультетіне құжат тапсыруға аңсары ауды. Алайда, өмір бойы мұғалім болған әкесі бұл тілегін қоштамады. «Егер табиғи дарының тас жарып бара жатса, оқымай-ақ жазушы, журналист боласың. Ал шахта инженері – зәру әрі мәртебелі мамандық. Ана Махмұдты білесің ғой, соған еліктесең жаман болмайсың». Айтып отырғаны немере інісі Махмұд Ақбиев – Мәскеудің кен-металлургия институтының түлегі. Теміртауда жұмыс істейді. Қазіргі Қазақстан магниткасындағы мартен пештерінің бірсыпырасы сол кісінің жобалауы бойынша салынған. Артынан цех мастері, партком хатшысы болды. Аяғында комбинаттың бас директоры дәрежесіне дейін жетті. Докторлық диссертация қорғап, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Әкеден асып қайда барады. Қаламаса да Қарағанды политехникалық институтының тау-кен факультетіне түсті. Теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру үшін бұларды бірде шахтаға түсіреді. Лифт секілді бірдеңеге тиейді де ала жөнеледі жеті қабат жердің астына. Жетті-ау өліп-талып межелі жерге. Шықса, айнала тас қараңғы. Сұп-суық. Сасық газдың иісі мүңкіп тұр. Тырсылдап су тамшылайды. Тасыр-тұсыр. Дыр-дыр. Зу-зу. Қараптан-қарап зәресі ұшты. Оқытушы бір жарым сағат кен қазу жайында кеңінен толғады. Бірақ миына ештеңе қонбады. Есіл-дерті – жарық дүниеге қайта шығу. «Бес жыл оқып, диплом алып, келетін жерім осы болса, атасына нәлет. Тастаймын оқуды». Содан көп кешікпей ауылына қайтып келіп, инженерлікті игеруге құлқының жоқтығын ата-анасына «естіртті». Ендігі көздегені КазГУ екенін де жеткізді. Әкесі келтесінен қайырды: «Ешқайда да бармайсың! Мен саған көрсетейін оқуды тастағанды!». Ертесіне  тұрса, екі атты ерттеп қойыпты. Таңғы астан кейін үзеңгі қағыстырып Ақтауға бет алды. Айтып-айтпай не керек, сол сапар ұзаққа созылып, бір жыл қой соңында салпақтады. Қиыр қонып, шет жайлаған шопанның көмекшісі болып, небір қиындықтарды бастан кешті. Қыстың қақаған аязында, ат құлағы көрінбес ақтүтек борандарда жаяу қой бақты. Көктемнің қара суығында қалтыраған қозыларды кигіз үйге қамап, өздері далаға қисая кеткен түндер кездесті. Ауылға келіп, бірер ай жекеменшіктің жылқысын бағып, азын-аулақ ақша жинап алды. Соны қалтасына басып, Алматыға жетті. Абырой болғанда, КазГУ-дің филфагына түсті. Мұнда ол Сағат Әшімбаев, Нұрлан Оразалин, Әшірбек Көпішев, Әділбек Тауасаров, Сайлаубек Жұмабекұлы, Алма Қыраубаева секілді келешегінен үлкен үміт күттіретін курстастарымен табысты. Жас дарын иелері әдеби үйірмеде өздерінің жазған-сызғандарын талқылап, бір-біріне ақыл-кеңестерін айтатын. Болашақ сыншы Сағат санаткерлігімен ерекшеленетін. Бәрі оны Белинский дейтін. Оқымаған кітаптары кемде-кем. Араларындағы өлең жазатын тек Нұрлан ғана. Қалғандары қара сөзге үйір. Алғашқы қадамынан-ақ қатарластарынан қара үзіп шабатындай қабілетін байқатқан Алданның «Марғасқа» деген ең бірінші әңгімесі әйгілі Оралхан Бөкеевтің қолдауымен Алматы облыстық «Жетісу» газетінде жарық көрді. Содан бастап екеуінің арасында творчестволық байланыс орнады. «Лениншіл жаста» жүргенінде де, «Жұлдызда» істегенінде де, «Қазақ әдебиетін» басқарғанында да қанаттас інісін қамқорлығынан тыс қалдырған жоқ. Бергендерін жариялап отырды. Целиноград облыстық радиосында қызмет істеп жүргенінде Алматыдан хабарласып, қолжазбаларын алдырып «Тамыз таңы» атты тұңғыш кітабының тұсауын кескен де осы Оралхан Бөкеев. Болмысы бөлек Бөкеев «Алабұғының ажалы» деген әңгімесінің соңына сыңар жол сөйлем қосып, астарлап айтар идеясының иінін қандырып жібергенін Алдекең ылғи ризашылықпен еске алады. Ал Сағат досы «Ақ жалын» повесін «Лениншіл жастың» бірнеше нөміріне бастырды. Аз жазса да, саз жазатын Алдан Смайылдың «Тамұқтан келген адам» романы сонау 1972 жылы повесть жанрында жазылған-тұғын. Өкінішке қарай, ашаршылық тақырыбы жабық болғандықтан, хикаяттың жолы кесілді. Тек тәуелсіздіктен кейін ғана ұлтжанды қаламгер шырғалаңды шығармасын қайта толықтырып, ақиқатты айтуға мүмкіндік алды. Еңбегі ақталып, республика Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Жазушының «Арғымақ пен Агба», «Тайга» және «Киік ғұмыр» хикаяттарын Ғафу Қайырбеков, Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғали сияқты әдебиет майталмандары жоғары бағалағаны белгілі.

«Қараөткелді қадірлеп, Ақмоланы ардақтадық»

Алдекең айтады: Алла қалап, Ақордамыздың алтын қазығы қағылған қасиетті Қараөткел, аяулы Ақмола тарихы арғы замандардан тамыр тартады. Ғұн тілінде «Ақ» – батыс, «Мола» – қамал ұғымын білдіреді. Демек, Ақмола ұлы даланың даңқты ұландары салған қала. Есіл-Нұраны емген ежелгі өлке жайында алғашқы жазба деректі 1253-1255 жылдары француз королі Людвиг ІХ-дың тапсырмасымен жаяу-жалпы жүріп-ақ жарты әлемді шарлаған Фламанд жиһанкезі Виллем Рубрук қалдырған. Бәріміз білетін Бытығай 1375 жылы Италияда шығарылған «Каталон картасына» кірген. Ақмола аймағында Әз Тәукеден тараған Сәмеке, Есім, Құдайменде, Қоңырқұлжа секілді сұлтандар билік құрған. Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы отаршылдар озбырлығына қарсы қасқая шапқан киелі мекен бұл. Осының бәрін ескере отырып, Ақмоланың тарихын түгендеумен аянбай айналыстым. Тоқсан толғаулы деректерді іздеп біраз архивтің табалдырығынан аттадым. Тапқандарымды тасқа бастырып, оқырманның рухани олжасына айналдырдым. «Астана жазушыларының кітапханасы» сериясы бойынша шығарылған сегіз томның тең жартысы сол тарихқа арналды. Еуразия ұлттық университеті ғалымдарының көмегімен әзірленген «История столицы и края:  XIV-XIX в.в.», «История столицы и края:  XVIII-XIX в.в.» қос томдығы қалың оқырманның да, тарихпен шұғылданатындардың да зәру дүниесіне айналды. Оларда Мәскеу, Санкт-Петербург, Тройцк, Том, Омбы, тағы басқа қалалардан табылған біздің өлкемізге қатысты тың деректер топтастырылған. Солардың негізінде «Астана ғасырлары» деген атпен Ақмоланың ежелгі ғұн заманынан бүгінге дейінгі тарихын жаздым. Журналист Артур Мельниковпен бірлесіп дайындаған «Астана сәулеті. Архитектура столицы» туындысы елорда сәулетінің энциклопедиясы десек жарасады. Ал «Қанжығалы қарт Бөгенбай» жинағы баһадүр бабамыздың бүкіл өмірін қамтиды. Кешегі кеңестік кезеңдегі Целиноградта ұлттық құндылықтарымыз ұлықтала қоймағаны жасырын емес. Кердең мінезді келімсек басшылар Кремльді тыңдап, жергілікті халықтың мұң-мұқтажына оншақұлақ аспады. Оған мысалды ондап емес, жүздеп келтіруге болар еді. Бірақ, өткенге салауат дейтін бұрынғылар бәтуасына тоқтап, ескі жараның аузын ашпай-ақ қойғанда жөн көріп отырмын. Әйтпесе жаралы жылдар жаңғырығы жадымыздан өше қойған жоқ. Егемендіктің елең-алаңында елдің өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандыруға білек сыбана кіріскені белгілі. Целиноградта да сең бұзыла бастады. 1993 жылы 10 мамырда республикамызда бірінші болып «Тіл және мәдениет» қоғамын құрдық. Облыс басшылары бұл қадамымызды онша құптамады. Ізгі ниетімізден ілік іздеп, келелі іске кедергі жасап бақты. Тіпті, кейбіреулердің «сендер ана Прибалтикадағы «Саюдис» секілді ұлтшылдық ұранын көтергелі ұйымдасып жатқан жоқсыңдар ма?» деп сенімсіздікпен сескене қарағандарын қайтерсің. Өктемдікке үйреніп қалған өркөкірек топтың өкілдері «жуастан жуан шыққанын» көтере алмай, көктегі күнге шылым тұтатқандай күй кешкен кешегі күндерін көкседі. Қаптаған қарсылықтарға қарамастан қазақ үшін қарманып, қыруар шаруаның басын қайырдық. Мектептерде қазақша сыныптар ашылып, бала-бақшаларда тәрбие жұмыстарын ана тілімізде жүргізетін топтар көбейді. Қаламызда біздің күш салуымызбен қазақ драма театры шаңырақ көтерді. Бұл жөнінде жуырда «Егеменнің» бетінде екі бірдей естелік мақалам жарық көргендіктен белгілі жайларды қайталағым келмейді. Ақмоланың тарихи атауын қайтару жолындағы талас-тартыс өз алдына бір төбе әңгіме. Ең бастысы, алған бетімізден қайтпадық. Басы қатты болғанымен, аяғы тәтті болды. Жеңіске жетуімізге Жеңіс Кәрібаев, Қуаныш Абдуллин, Қанат Қалиев, Ерболат Дәленов, Светлана Жалмағамбетова, Төлеубай Батыров, Сәбит Кәрімов, Смағұл Рахымбек, Мұратбек Тоқтағазин, Кенже Жұмағұлов  сияқты көптеген ұлтжанды азаматтар қомақты үлестерін қосты. «Тіл және мәдениет» қоғамын демеп, қолдарынан келген көмектерін аямаған Қайсар Омаров, Аманжол Бөлекпаев, Сайлау Байболов секілді билік басындағы бауырларымыздың аты-жөндерін айрықша атап өткеніміз абзал. Бірі бізге кеңсе тауып берді, бірі автокөлік бөлді, бірі мемлекеттік мекемелерден қаржы түсіртті дегендей. Егер олар оң қабақ танытпағанда, айымыздың оңынан тууы екіталай еді. Тәуелсіз «Қараөткел» газетінде елдік мәселелерді екшеген қаншама проблемалық мақалалар жазылды. Оның бәрін айтып тауыса алмайсың. Мандат пен міндет Біздің білетініміз: Екі шақырылымдағы Парламент депутаты болған Алдан Смайылдың Мәжіліс отырысында мемлекеттік маңыздағы мәселелердің ешқайсысынан шет қалмағаны мәлім. Әсіресе, бұрын-соңды болмаған үрдіспен өзінің әріптестеріне қазақ тіліне қатысты мәлімдеме жасағаны үлкен резонанс туғызғаны есте. Ономастика туралы заңдарға енгізілген толықтыруларға жер-су атауларын өзгертудің он бір критериін кіргізді. Депутаттар Гүлнәр Сейтмағамбетова, Гүлмира Исинбаевамен бірге «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Заң жобасын жазды. «Валеология» пәнін кейбір келеңсіздіктеріне байланысты мектеп бағдарламасынан алдыртып тастады. Көне түркі жазуының күнін өткізу жайлы бастама көтерді. Парламентте алғаш рет қазақ тілінің аясын кеңейту және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін белгілеу жөнінде республикалық ғылыми-практикалық конференциялардың ұйымдастырылуына ұйтқы болды. Қаламгерлікпен қатар, рухани-әлеуметтік өмірге белсене араласқан Алдекең бүгінде ел игілігі үшін атқарған еңбегін тіршілігінің мәні деп біледі. *** ... Қандай қызметте жүрсе де қаламы қолынан түспеген қадірлі ағамыз  қазір де қашанғы әдетімен ақ қағазға әлі ешкімге айтпаған сырларын ақтару үстінде екен. Жазып жатыр... Талғат Батырхан, «Егемен Қазақстан»