22 Қараша, 2016

Қаламын нұрға малған

326 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
korganbek-aga-3қазақ журналистері тәуелсіз елінің мақсат-мұратынан бөлек күй кешпейді Ақиқат мынау. Бір ғасырдан еркін асатын тарихы бар ұлттық баспасөзіміздің ұлт мүддесінен алшақ кеткен, ұлттың жоғын жоқтамаған, мұңын мұңдамаған кезін білмесек керек-ті. Әрине, партиялық өктемдік, отаршыл озбырлықтың содыр сойылы бұқтырған, желкелеп отырып сол бір қызыл саясаттың сөзін сөйлеткен кетеулі кезеңдер болғанын жасыра алмаймыз. Жасырудың әсте қажеті де жоқ. Десек те, қазақтың газет-журналдарының аталары – «Қазақ» пен «Айқаптан» бастап-ақ баспасөзіміздің негізгі бағыт-бағдары белгіленді, құдай жолы құбылаға қарай бет бұрды, алдағы мұрат-мақсаты қапысыз айқындалды. Ол бағыт, ол жол – ұлтымыздың мүддесі, миллетіміздің мұңы, елдігіміздің туы, мұсылмандығымыздың мұраты, отаршылдық езгісі мен қорлық-зорлыққа қарсы наразылық маздағы еді. Қазақ баспасөзінің таңсәрісінде тұрған таңшолпан қайраткерлері ерекше күрескерлік рухпен, асқан бір ғажап мұқалмас өткір жігермен халықты оқу-білімге шақырды, өнер-ғылымға үндеді, «басқалармен қатар тұруға» үгіттеді, ашаршылық апатынан сақтандырды, Қазақ елінің сол кездегі індеттей жайылған толып жатқан басқа да зәру мәселелерін діттеді. Ол таңшолпандар – Мұхамеджан Сералин мен Мұхамеджан Тынышпаев, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов пен Сұлтанмахмұт Торайғыров, жас Мұхтар Әуезов һәм басқалар болатын. Бүгіндері көзіміздің жасын бұлап, еңірегенде етегіміз толып жазып жүрген тіл, Қазақстанда түпкі өнім шығаратын өндіріс ошақтарын салу мәселелерін бірінші рет сонау 1920-жылдары Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов көтерген-тін. Кезінде қазақ тілінің, қазақ мектептерінің жоқтаушысы боламын деп Сырбай Мәуленовтің «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторлығынан «ұшып» кеткенін еске алайықшы. Желтоқсан оқиғасының ақиқатын алғаш кім айтты, соған кім күйінді? Қазақ тілінің тағдыры үшін отқа түсіп, қарлығашша кім шырылдады? Тәуелсіздігіміз үшін баспасөз бетіндегі бітіспес майданды кім жүргізді? Ерлігіміз бен елдігімізді асқақтатып кім жырлады, Көк байрағымызға кім қуанды, соның мәнін жұртқа кім түсіндірді? Оу, ағайын, өзіңіз де білесіз, Шерхан Мұртаза, Камал Смайылдан бастап тағы да қазақ журналистері ғой. Бір сапарда болғанымда ауылдың көзіқарақты ақсақалы айтты: «Шырағым, өз басым қазақ басылымдарына ырзамын. Қазақ тіліндегі газет-журналдарды жаман деген адамның алдымен өзі надан. Өйткені, ол сабазыңыз қазақша оқымайды да, тоқымайды. Әйтпесе, қазақ басылымдары қазақтың сөзін, ел болудың жайын айтудай-ақ айтып, жазудай-ақ жазып келеді. Тек соны естір құлақ, көрер көз, түйетін зерде болсын деңіз». Бұл арада бір айтарымыз, «Өз тоныңды жамандап қамқаны қайдан табарсың?» дегендей, қазақ үшін қазақ баспасөзінен артық та, һәм жанашыр баспасөз ешбір болмақ емес. Осылай дей тұра, қазіргі қазақ баспасөзінің азусыздығы, жалпақшешейлігі, сыпыра мақтап-мадақтауға үйірлігі, қайсыбір реттердегі сұрқай жаттандылығы, көңілсіздігі сияқты бірсыпыра осалдықтарын, яғни өз кемшіліктерімізді мойындауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, қазақ баспасөзі уақыт көшіне ілесуі тиіс. Ілесіп те келеді. Тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде қаламдастарымыз талай-талай тағылымды тәжірибе жинақтады, шеберліктерін ұштады, тақырып аясын кеңейтті, жаңа медиа­нарыққа бейімделіп, мазмұн мен сапаны жақсарту жолында бел шеше іздену үстінде. Қазақтілді сайттар да ұлы даңғылға түсіп үлгерді деп айта аламыз. Бұл жайдың өзі мемлекеттік тіл мерейін «Мәңгілік Ел» мұратынан бөле-жаруға болмайтынын көкірек көзімен зерделеп түсінетін жамағат үшін, әлбетте, ғанибет жағдай. Елдің ақпарат саясатында ілкімді жаңалықтар күтілуде. БАҚ туралы жаңа заң жобасы тал­қы­ла­нуда. Жаңа заңда Тәуелсіз Қазақстанның қазақтілді баспасөзінің мүдде-мұраты оның мәртебесіне сай ескерілуі тиіс деп есептейміз. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың алқалы жиында: «Егемендік алған алғашқы жылдары қазақ баспасөзі талай жылғы құрысқан белін жазып, дүр етіп көтеріліп, тың тақырыптармен ел назарын аударды. Содан кейін сәл-пәл ентігін басқандай болды. Тағы да серпін алатынына сіздерді сендіре аламын. Өйткені, бұл – кезегімен келетін табиғи үдеріс», деген сөздерінен қазақ бас­пасөзінің әлеует-қуатына деген үлкен сенімді аң­ғардық. Министр сөзі сеніммен бірге жігер де бе­реді, жауапкершілік те жүктейді. Иә, мың жыл аңсаған Тәуелсіздігімен қауышқан, он сан ұлт пен ұлысты ұйыстырып егемен мемлекет құраған қазақтың жырын жырлайтын кім? Ең әуелі, қазақ журналисі. Беттеріне халқының сырын қатпарлап орап, тасқа басып, ғасырларға қалдыратын кім? Қазақ басылымы. Ендеше, қаламын нұрға малған қазақ журналистері, Елбасы «Отанымыздың бас газеті» деп бағалаған «Егемен Қазақстан» бастаған қазақ баспасөзі елдік мақсат-мұрат үшін әркез аттан түспей жұмыс істей бермек. Тәуелсіздік алдындағы азаматтық парызға берік, кәсіби миссиясына адал! Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»