22 Қараша, 2016

Қонақжайлық кәдесі

414 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
img_93911Алматыда бұрын-соңды болмаған қалың қар жауса, жексенбі күні қалалықтар Мемлекеттік орталық музейге қарай асықты. Өйткені, үш бірдей ұйым – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі, Жапонияның Қазақстандағы елшілігі мен Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығы ұйытқы болған шарада алматылықтарды көп қызық күтіп тұрған-ды. Демалысқа сәйкес келген «Жа­понияның Алматыдағы мәде­ние­ті күнінде» талай жұмбағын іші­не бүккен елдің көркін көз ал­дымызға әкелген сәттер болды. Ға­жайып ғибадатханалары мен жұмақтай бақтары, қар басқан тау шыңдары мен зәулім үйлер, бола­шақтың технологиясы мен ға­сырлық дәстүрлер, қалалық өмір­дің қарбалас тіршілігі мен та­би­ғаттың сұлулығы астасып жат­қан Жапониядан ән мен биден бө­лек, өнердің де түр-түрі келген екен. Жексенбілік мерекеге жи­нал­ғандар Елбасының қарашаның басында Жапонияға барған ресми сапарының сәтті болғанын еске алып, дәстүрлері ұқсас елдердің ынтымағы мұнан былайғы жерде де ұлғаймаса, кемімейтінін айтып жатты. Қонақжайлық кәдемен Жапо­нияның Алматыдағы мәдениеті күнін Мемлекеттік орталық музей директорының орынбасары Бибігүл Дандығараева ашып, музей 11 жылдан бері Жапонияның Қазақстандағы елшілігімен бел­сенді қарым-қатынас жасап келе жатқанын атады. Бұл сөз жалаң емес. Мәселен, Орталық музейде өткен «Жапония қуыршақтары», «Әлем кимоно жасау шебері Итику Куботаның көзімен», «Хиросима мен Нагасаки», «Исегатагами» өнері шеберлерінің картиналары көрмелері сияқты мәдени шаралар алматылықтардың үлкен қызығушылығын тудырып, келу­шілер көп болған. Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабата өз кезегінде Би­бігүл Дан­дығараеваның сөзін қуаттап, соңғы 10 жылда Жапония ел­шілігі мен Адамдар ресурстарын дамыт­у­дың Қазақстан-Жапония орта­лығы бұл елдің мәдениетімен жақын танысудың ғажайып мүм­кіндіктерін ұсынғанын айтты. Егер Күншығыс елінен келген қонақтарға осы елде біраз жыл тұрып, жапон тілі мен өнерін үйренген Төреғали Айтмұраттың дәстүрлі сямисэн музыкалық аспабында ойнап, ән салуы ұнаса, қазақтарды Күншығыс елінен келген қыздың жасаған икебаналары тәнті етті. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ