22 Қараша, 2016

Батырлық дастаны

531 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жақында Алматы қаласында генерал И.В.Панфилов бастаған 316-шы атқыштар дивизиясына қарасты 28 жауын­гердің Мәскеу түбіндегі қайталанбас қайсар ерлігі туралы «28 панфиловшы» атты көркем фильмнің таныс­тырылы­мы өткен болатын. Алғашқы көрсетілімнің құр­метті қонақтарының бірі, Пан­филов дивизиясы 1075-ші ат­қыштар полкіне қарасты 2-ші батальонның 4-ші ротасының жауын­гері Мұсабек Сеңгірбаевтың неме­ресі Төлеген Мұсабеков Қа­зақ­стан тарихы үшін орны бө­лек Екін­ші дүниежүзілік соғыс, оның ішінде басынан бақайшағына дейін мұздай қаруланған жаудың жой­қын күшіне тосқауыл қоя біл­ген қазақтың қаһарман батыр ұл­дары туралы әлі де шертілмеген сыр мен шырқалмаған жыр жетіп-артылатынын алға тартты. – Фильм өте жақсы түсіріліпті. Оқиға нанымды. Мәскеу маңын­дағы қантөгіс шайқастарға қатысу­шылардың бірі болған Иван Шадринді өз көзіммен көрген болатынмын. Ол біздерге, мектеп оқушыларына, 1941 жылдың қарашасында орын алған үрейлі күндердің оқиғалары туралы жиі әңгімелеп беретін, – деді Төлеген Тілеуханұлы. Панфиловшы ержүрек батыр­дың немересі тілге тиек еткендей, Кеңес Одағының батыры И.Д. Шадрин Мәскеу қаласын фашист әскерлері шабуылынан қорғау барысында қаза тапқан қарулас достарын бейбіт өмірде жиі еске алып, олар жайында естен кетпес әсерлі әңгімелер айтудан еш жалықпайтын. «Экрандық туынды шынымен халықтық фильмге, қарапайым көрерменнің сүйікті дүниесіне айналып үлгерді. Өйткені, бұл сол кездергі кеңестік патриотизмнің нағыз үлгісі іспетті, елдің бас қаласы Мәскеуді дұшпанның ая­ғына таптатпау үшін өмірлерін құрбан еткен көп ұлтты халықтың ғаламат ерлік жорығын баяндайтын фильм. Олардың мұнан басқа шарасы жоқ болатын, өйткені артқа шегінерге жол жоқ, сәл-ақ босаңсып, борықша егілсе алып Мәскеуді жау алып тынғалы тұр, сондықтан оны қандай жағдайда да барынша қорғап қалу қажет деген тапсырма берілген», деп әң­гімесін жалғастырды Т.Мұсабеков. Сонымен қатар, ол Панфилов дивизиясындағы 28 ержүрек жауынгердің ішінде қазақтар, украиндар, қырғыздар мен орыс­тар болғандығын айрықша атады. «Аталарымыздың көбі орыс тілінде сөйлеп жарытпағанмен, берген тапсырманы мүлтіксіз орын­дап, Отан үшін кеуделерін оққа тосты. Жер-ананы қорғауда жанын пида етті. Бұл олардың рухтарының қаншалықты мықты болғандығын көрсетеді», дей ке­ліп ол: «Жастығына қарамастан, фильмнің түсіру тобы сол уақыт­тың оқиғаларын, Волоколам қақ­тығыстарының қорқыныштары мен қатыгездігін көрсете алды. Мен оларға батыр панфиловшыларды мәңгі есте сақтау ісіне қосқан үлесі үшін алғыс айтып, осы жолдағы ізденістерді жалғастыра отырып, болашақта бұдан да керемет туындылар жасайтындығына үмі­тімді білдіремін. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Мә­дениет және спорт минис­тр­лігіне де бұл жобаға қолдау көр­сеткендері үшін ризамын, өйт­кені аталмыш фильм өскелең ұр­пақты патриоттық рухта тәр­бие­леуде ерекше маңызға ие. 28 панфиловшының ерлігі – ба­тылдық пен жанқиярлықтың дау­сыз үлгісі. Фильм жалпы көр­се­тілімге шыққаннан кейін кө­рер­мендер кинотуындыны түсі­руші топтың еңбегіне өздерінің лайықты бағасын беретіндігіне үміт­тенемін», деп тебіренді. Айта кету керек, Алматыдағы «28 панфиловшы» фильмінің таныс­тырылымы барысын­да Төлеген Мұсабеков кино­туындының режиссерлері Ан­дрей Шальопа мен Ким Дру­жи­нинге, сондай-ақ Мұсабек Сең­гірбаевтың рөлін сомдаған актер Азамат Нығмановқа «Мұсабек Сеңгірбаевтың 100 жылдығы» ме­рейтойлық төсбелгілерін табыс етті. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»