22 Қараша, 2016

Шырқау биіктегі гүл

365 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
21-11-16-galbadrah-2Моңғол тілінен аударғанда, «отгонцэцэг» деген сөз «кенжегүл» деген ұғымды білдіреді. Бұл – біздің бүгінгі кейіпкеріміздің есімі. Ал Галбадрах – оның әкесінің аты. Міне, аса жеңіл салмақта татами төрінде қарсыласына қаршығадай шүйілетін осы шағын денелі қыз биылғы жазда Қазақстан құрамасына Риодағы ең бірінші медальді алып беріп, қола жүлдегер атанып, бір ерлесе, таяуда жылдың әлемдегі ең үздік дзюдошысы танылып, тағы да бір биік белестен көрінді. Біз Отгонцэцэгтің осы құрметке әбден лайық екенін Рио-де-Жанейрода көз жеткізіп едік. Ол 2014 жылы әлем чемпионы болған жапон қызы Ами Кондоны екі рет жерден жұлып алып, шалқая бере кеудесінен асыра лақтырды. Атағынан ат үркетін бәсекелесі сонда бұған тоқты-торымдай да қайрат көрсете алмаған. Сол алапат айқас есіңе түссе, төбе құйқаң әлі де шымырлайды. Алғашқы лақтырғанында вазарий алды. Қазақшалағанда –  жартылай жеңіс. Екінші лақтырғанда, жаны ышқынған әккі Ами қолын жерге тіреп, әупіріммен аман кетті. Әйтпесе, біздің қызға иппон-таза жеңісі беріліп, финалға ат ойнатып кірер еді. Бәріне кінәлі өзі. Жарыс аяқтауға 40 секунд қалғанда, әдіс жасамақ болып, Кондоның астына түсті... Осы жерде оқиғаға сәл шегініс жасасақ. 1992 жылы Улан-Баторда туған Отгонцэцэгтің Моңғолияда аса көп жолы болмады. Жиырмадан енді асқан қара қыздың алдында «Абылай аспас сары бел» болып отандасы, әлемдік рейтингте көш бастаушы Уранцэцэг Мунхбат тұрды. Ел ішіндегі жарыстарда Мунхбат әпкесі Галбадрахты ты­пыр еткізбеді. Сосын есіл-дерті спорттың ең асқар тауы – Олим­пия ойындарына қатысу бол­ған қыз бағын өзге елде сынап көруді ойлай бастаған. «Іздегенге – сұраған», 2015 жылы Қазақстан мен Моңғолия құрамалары бір­лескен оқу-жаттығу өткізеді. Сон­да Мунхбаттан өзгені қоғадай жапы­рып жүрген балуанға біздің бап­керлердің көзі түседі. Содан соң Галбадрах Қазақстан дзюдо федерациясының шақыруын қабыл алып, жаттығуын Шымкентте жал­ғастырады. Бірақ осы тұста, қырсық дейсіз бе, қалай дейсіз, Халықаралық дзюдо федерациясының ережесі бойынша Отгонцэцэгтің 2013-2015 жылдары жинаған барлық ұпайлары нөлге айналады. Сон­дық­тан Рио-де-Жанейро Олим­пиадасына жолдама алу үшін оған бәрін басынан бастап, оннан астам халықаралық жарыста жүлдеге ілігіп, ұпай жинау керек болды. Обалы кәні, осы кезден бері Қазақстан дзюдо федерация­сы мен Оңтүстік Қазақстан спорт және дене шынықтыру бас­­қармасы Отгонцэцэгті бір жарыс­тан қалдырмайды. Қайратты қыз 48 килода 14 халықаралық жарыстың 10-ында жасындай жар­қылдап, жүлде алады. Қызық болғанда, сол сайыстарда моңғол жерінде жалына қол апартпаған Уранцэцэг Мунхбатпен үш рет кездесіп, үшеуінде де әпкесіне білегін тістетіп кетеді. Кеше ғана әлемдік рейтингте тоғызыншы орында жүрген, Моңғолияда Олимпиадаға қатысу­дан үміті үзілген Отгонцэцэг Қа­зақ­стан азаматтығын алғасын қа­лай даңқты балуанға айналды?! Біз осы сұрақты Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Әлібек Нұртаевқа төтелей қойғанбыз. – Галбадрах – өте талантты дзюдошы, – дейді Әлібек Нұрбайұлы. – Бап­кері де өз ісіне құлай берілген жан. Жаттығуда қанша жүктеме берді, балуан қалай қабылдады, қан қысымында қандай өзгерістер болды, – бәрін өз құралдарымен өлшеп отырады. Жаттығудан демалыс алған кезеңге дейін әр секундын бақылайды десем, ешбір жалғандығы жоқ. Жаны – шәкіртінің үстінде. Мен өз басым мұндай бапкер көрген емеспін. Оның тактикалық-техникалық дайын­дығын өз бапкерлерімізге айтып, үлгі алуын қадағалап отырамын. – Галбадрахқа Риоға дайындалу үшін өте мықты спарринг-қарсылас керек болды. Самбо күресінен жасөспірімдер, жастар арасындағы үш дүркін әлем чем­пион­ы, дзюдодан Олимпия ойын­дарында үздік бестікке кірген, техникалық арсеналы мықты Базарбек Донбайды білесіз. Ол сонымен қатар, дзюдодан рес­публикадағы білікті бапкерлер санатында. Қазақстан дзюдо құрамасындағы оқу-жаттығу жиыны­на осы артықшылықтарды қос­қанда, аз ғана уақытта Гал­бадрах әлемдегі ең мықты балуан­дар қатарына көтерілді. Жылға жетпес уақытта мүмкін болған жарыстардың бәріне жібердік. Барған жерінен бос қайтқан жоқ. Біз оған ризамыз, – дейді ол. Олимпиада алдындағы брифингте Галбадрах: «Маған Риода ең басты қарсылас Уранцэцэг Мунх­бат болады. Сондай-ақ, 2014 жылы әлем чемпионы Ами Кондомен, 2015 жылғы әлем чемпионы, аргентиналық Паула Паретомен, Лондон Олимпиадасының чемпионы, бразилиялық Сара Менезеспен жолым қиысатындығы анық. Қазақстанға келіп, Олимпия ойын­дарына қатысу жөніндегі арманыма жеттім. Енді менімен күресу осылардың ешқайсысына да оңай болмайды», деген. Бразилиядан келген соң ұлттық құрамадағы спорт­шы­ларға демалыс берілді. Бірақ үш қарғып секіруде үш Олим­пиадада Қазақ­стан қор­жынына бір алтын, екі қола медаль салған Ольга Рыпакова мен От­гонцэцэг Галбадрах бірден жат­тығуға кірісті. Дзюдошы қыз бапкері Энхбаатар Дашжамцпен ақылдаса келіп, Абу-Дабидегі «Grand Slam» турниріне қатыс­қан. Мақсатшыл қыз үш кезде­суін де тамаша өткізіп, әлемдегі беделді турнирдің жеңімпазы атанды. Сөйтті де, әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілді. Екінші орынды Лондон Олим­пиадасының чемпионы, Рио Олим­пиадасының қола жүл­дегері, 78 килодан ауыр салмақта екі дүркін әлем чемпио­ны, куба­лық Ортиз Идализ алса, үшінші орынды 78 килода екі Олимпия ойындарында алтын жүлдегер атанған, әлем чемпионы деген атағы және бар америкалық Кэй­ла Харрисон иеленді. – Мені көп жұрт Рио Олим­пиадасынан кейін Моңғолияға кетіп қалады деп ойлады, – дейді Галбадрах. – Олай емес. Мен Қазақстанның азаматымын. Осы елде арманыма жеттім. Ендігі мақ­сатым – Қазақстан атынан 2020 жылғы Олимпия ойындарына қ­атысу. Қазір соған дайындалып жатырмын. Айтқандай, күні кеше Қызыл­ор­дада өткен Қазақстан чемпионатында топ жарған Отгонцэцэгті мұнда тағы бір жақсы жаңалық күтіп тұрды. Оған «Қазақстанға еңбегі сіңген спортшы» атағы беріліп, осында құжаты табыс етілді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» ШЫМКЕНТ