22 Қараша, 2016

Аршалының аршынды қадамдары

396 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
azamat-tayzhanovЖұртшылық Аршалыны ел жүрегі Астанамен серіктес аудан ретінде таниды. Өңірдің елорда мен ірі индустриялық қала Қарағандымен іргелес орналасуы экономикалық-әлеуметтік дамуға серпін қосумен бірге, уақыт талабындағы жаңа инвестициялық жобаларға жол ашатыны белгілі. Бұл мүмкіндік тиімділікпен пайдаланылып та жатыр. Осы орайда, аудан әкімі Азамат ТАЙЖАНОВТЫ әңгімеге тартып, қолға алынған істерге қатысты ой-пайымдарымен бөлісуін өтінген едік. – Азамат Айтбайұлы, сіз бұған дейін Егіндікөл ауда­нын басқардыңыз. Онда негізінен егіншілікпен айна­лыс­тыңыздар. Тәжірибеңіз толысқан күйде Аршалыға келіп отырсыз. Мұн­дағы ерек­шеліктерге сай, жұмыс өрнегі де өзгереді деп ойлаймыз. Яғни, ұстан­ған бағыт пен оның же­місі жайлы айтып өтсеңіз. – Мәселе, қай ауданда жұ­мыс істеу­де емес, қалай жұмыс істеуде ғой. Егіндікөлдің де еңсе көтерерліктей ізі бар. Мәсе­лен, бұл өңір астық өндіруде облыс бойынша бесінші орын­ды иеленеді. Жалпы, бар­ша­мызға қойылатын талап бірдей. Аршалыда да қыз­мет өрісі кеңейіп, ширатыла түсуі қажет. Аудан – темір ­жол, республикалық жә­не ха­лықаралық автомобиль жолдарының бойында. Біз кө­­ліктік логистиканың кең мүм­кіндігін пайдалана бі­луіміз керек. Осыған орай, аудан экономикасында өнер­кәсіп, егіншілік, мал, ауыл шаруа­шылығы өнімдерін қайта өңдеу және кен өндірісіне ба­сымдық берілуде. Бұл өзге де салалардың дамуын қам­тамасыз етеді. – Дамудың кілті – халық­пен ақыл­дасуда. Санаулы күндерден кейін 25 жылдық мерекесі аталып өтетін Тәуел­­сіздігіміздің ұлық мақсаты осында деп білеміз. – Иә, мемлекет пен қоғам­ның ортақ мүддесі игіліктің басты қазынасы саналады. Осы уақыт ішінде біздің жұмысымыз Елбасы тарапынан жергілікті билік органдарына қойылған талаптарды орындауға бағытталды. Бұл орайда, барлық елді мекендерде халық алдында есептік кездесулер өткізіп, ұсыныс-тілектерді басшылыққа алу ерекше ма­ңызды. Кестеге сай, Аршалы кенті мен 12 ауылдық округте тиісті қызмет өкілдерінің қа­тысуымен жиналыстар өт­кізілді. Бұдан тысқары, менің жеке қабылдауымда 102 адам болды. Талдау нәтижесі көрсет­кендей, халықтың өмірлік белсенділігі айтар­лықтай өсіп отыр. Яғни, әлеуметтік-эконо­микалық мәселелерді табысты іске асыруға аудан тұрғындары тікелей араласып қана қоймай, өндірістік өрлеу туғызғаны ғанибет. Олар мемлекеттік бағ­дарламалардың тиімділігін пайдаланып, жеке ісінің жемісін көре бастады және өңірлік әлеует­ті арттырды. – Мұны нақты деректермен баяндай отырсаңыз. – Аудан бойынша негізгі салаларда оң даму қарқыны сақталып келеді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында барлық негізгі көрсеткіштер ар­тығы­мен орындалды. Өткен жылмен са­лыстырғанда, не­гіз­гі капиталға салын­ған ин­вес­тициялардың, тұрғын үй құры­лы­сының, ауыл ша­руа­шылығының, құрылыс жұмыстарының, бөлшек сауда айналымы мен басқа да көрсеткіштердің көлемі өсті. Таратыңқырап айтсақ, өнер­­кәсіптік өнім көлемі 7,7 миллиар­д тең­гені құрады. Бұл 2015 жылғы жар­тыжылдыққа қа­рағанда, 2,2 миллиар­д тең­геге артық. Әсіресе, «Қазшпал» ак­цио­нерлік қоғамының екпінді ісі атап өтерлік. Зауыт бірінші жар­тыжылдықта жалпы сомасы 785 миллион теңгенің өнімін шығарып, екі еселік өсімге қол жеткізді. Өткен қаңтар, қазан айла­рында ауыл еңбеккерлері 3,5 миллиард теңгенің жалпы өнімін есепке алды. Бұл да был­тырғы деңгейден 50 пайызға артық көрсеткіш. Аудан экономикасына 7,5 миллиард теңге инвестиция тартылды немесе өткен жылмен салыстырғанда 123 пайызды құрады. Осының арқасында инфра­құры­лымдық серпіліске қол жет­кізілді. Аудан орталығы мен Жібек жолы ауылында су құ­­быры және кәріз жүйесінде қай­та құру жұмыстары атқар­ыл­­ды. – Соңғы жылдары ауыл шаруа­шы­лығына мемле­кеттік қолдау күшейді. Сіздер бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып отырсыздар ма? – Ағымдағы жылы ауданда «Сыбаға», «Алтын Асық» және «Құлан» сынды мем­ле­кет­тік бағдарламаларды жү­зеге асыру екпінді сипат алуда. Ондағы мақсат тектік жә­не өнімділік қасиеттері ар­қылы ірі қара малдың сапасын жақсартуға бағытталған. «Сыбаға» бағдарламасымен 120 ірі қара, «Алтын Асық» бағдарламасымен 225 қой, «Құлан» бағдарламасымен 100 жылқы сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл орайда «Азаров», «Чаус», «Қуаныш», «Жігер», «Ерлік», «Агроөнім», «Сүлейменов» шаруа қожалықтарының бел­сенділігі жоғары. Осы мысал­дардың өзі ауыл тіршілігінің қуат­танғанын байқатады және өзгелерді қозғалысқа түсіретіні айқын. Осы жерде ауданымыз Ас­тананың азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі ке­шенді тапсырманы абыроймен атқарып отырғанын айта кеткім келеді. – Индустрияландыру картасына енгізілген жобалар жөнінде де айта отырсаңыз. – Негізгілеріне ғана тоқ­талайық. Биыл «LK-KZ» ЖШС кірпіш зауытын кеңейту жобасын қолға алды. Яғни, кәсіпорын қазіргі 4 миллион дананың орнына жылына 12 миллион дана өнім шы­ғаратын болады. Жобаның 100 миллион теңгелік құнын меншік иесі өз қаражатымен көтеріп отыр. Ал «Гранит ДС» ЖШС 400 миллион теңгеге бағаланған екі өндірістік цех­тың құрылысын бастады. Мұнда да жұмыс серіктестіктің жеке қаражатымен атқарылады. – Қолымыздағы деректер бюджет салымдарының өскендігін көрсетеді. Бұл әлеу­­меттік жобаларға қозғау са­луға мүмкіндік тудырады деп ойлаймыз. – Бюджет салымдары мен міндетті төлемдер көлемі 1646,6 миллион теңгені құрап, бол­жамдық көрсеткіш асыра орындалды. Бұл – былтырғы деңгейдің 113,2 пайызына тең. Көтерме тауар айналымы қа­раша айына дейін 2492,1 миллион теңгеге жетіп отыр. Осының арқасында 402 жаңа жұмыс орны құрылды. Мұның 315-і шағын бизнестің, 87-сі – ауыл өндірісінің еншісінде. Ал сұрағыңызға келетін болсақ, біз жыл ішінде Coca-cola Almaty Bottlers (ССАВ) компаниясы мен «Еура­зия-Орталық Азия Қоры» қоғам­­дық ұйымының қолдауы­мен ірі «3,2,1-Старт» қанат­қақты жобасын жүзеге асыр­дық. Аталған бизнес бастама ауыл мектептерінің инфрақұ­ры­лымдық мәселесін және оқыту ісіндегі инновациялық әдістемені жетілдіруге бағыт­талған. Бүгінгі күні 19 мектепке 1700 дана спорт құралы жеткізілді. Мысалы, Сарыоба ауылындағы спорт залы әлем­дік стандарттарға сай жаб­дықталып отыр. – Республика астанасына жақын орналасқан ауданда тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі қалай ше­ші­луде? – Өзге аудандарға қарағанда, ерек­шелік бар, әрине. Әйт­кенмен, бұл мәселеге айрық­ша көңіл бөлінеді. Бізде экономикалық тұрғыдан бел­сенді халық­тың саны 17 мың адамды құрайды. Бүгінгі күні 16300 кісі жұмыспен қам­тылып отыр. Осы санаттағы тіркелген жұмыссыздар саны 0,3 пайызға тең. Ал жалпылай айтсақ, аудандық жұмыспен қамту орталығына 334 кісі өтініш тапсырса, оның 272-сі жұмысқа орналас­тырылды. Сондай-ақ, 104 адам ақы­лы қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын шараларға 9,7 миллион теңге қаржы бөлінген. Осы арқылы әлеуметтік жұмыс орындарын құру, кәсіптік даярлық, жастар тәжірибесі сияқты жұмыстар атқарылуда. – Еліміз өзінің ең маңызды мерекесі – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына жақындап келеді. Табыстарыңыз толым­ды бола берсін. Бұл оқиға «Бола­шақ» бағдарламасымен Жапонияда білім алған сіздің өміріңізде ерекше орын алады деп ойлаймыз. – Әрине. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары туған біз өзімізді Қазақстан Тәуелсіздігі шаңырағының ұрпағымыз деп санаймыз. Еркін еліміздің ең алғашқы шарапатына, Тұңғыш Пре­зи­дентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әкелік қамқорлығына бөлен­дік. Сон­дықтан, бақытты ұрпақтың мой­нындағы абыройлы міндет пен зор жауапкершілікті айқын сезі­неміз. Бізге деген сенім де ерекше. Отанымыздың жарқын болашағы, «Мәң­гілік Елдің» шуақты күндері үшін еселі де екпінді қызмет атқаратынымыз анық.