22 Қараша, 2016

Ізгілік ізі

325 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
pri_1596-1«Тәуелсіз Қазақстан» пойызының Оралдағы күндерінен кейінгі ой Еліміздің көне де жаңа қаласы Оралға оның арғы-бергі тарихында талай пойыздар келіп тоқтаған. Орал темір жол бекетінің перронында талай тағдырлар тоғысқан. Бір-бірін алыстан аңсап келген талай құшақтар айқасқан. Бұдан бес-алты жыл бұрын Орал қаласының біраз бөлігін көктемгі тасқын су басып қалған кезде де еліміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек жеткізген пойыздар да болған. Бірақ солардың бірде-бірі арқалаған әлеуметтік жүгі және жергілікті тұрғындарға көрсететін қызметінің түрі мен ауқымы жөнінен мұның алдындағы «Мәңгілік Ел» және бүгінгі «Тәуелсіз Қазақстан» пойыздарына жетпейді. Түптей келгенде, «Тәуелсіз Қазақ­стан» – еліміздің әр қиырын­да­ғы қалың жұртшылықтың арасына «Мәң­гі­лік Елдің» ізін ала келген, оны мазмұн жағынан да, түр жағынан да байыта алған, сонымен бірге, ел тұрғындарына көрсетілетін әлеуметтік-медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ете алған орны айрықша пойыз. Бұған ешкім талас туғыза алмайды. Екінші жағынан, әлеуметтік жауапкершілік арқалаған көлік түрінің ел ішіне енуі, оның құрамының тұрғын­дармен бетпе-бет, жүзбе-жүз келуі айнымас дәстүрге айналып келе жатқанының басты бір белгісі. Ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналған республикалық акция­ны өт­кізуге бастамашы бол­ған Қазақстан халқы Ассамблеясы екені белгілі. Ендеше, осы айшықты да ажарлы, байыпты да, баянды бастамаға дем берген, Ассамблея тарапынан айтыл­ған ұсынысты қолдаған республика Пре­зи­денті, Қазақстан халқы Ассам­блея­сы­ның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев екені анық. Осынау ТМД ауқымында, сондай-ақ әлемнің өзге де елдерінде ешқандай баламасы жоқ «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы секілді ел-жұртты толғандырған барлық мәсе­леге жақын келу үлгісі мен эталоны Ел­ба­сының елге деген шынайы құрметі мен жана­шыр­лығының белгісі дей аламыз. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы 1 қарашада Астанадан ел ішіне жол тартқан еді. Алдымыздағы Тәуелсіздік мерекесіне арналған сан қырлы, әрі сан қилы үлкенді-кішілі шаралардың арасында оның орны өзгешелеу екені анық. Өйткені, бұл пойыз еліміздің әр қиырындағы ел азаматтарына, бұған дейін БАҚ-тарда хабарланғанындай, әлеу­меттік, медициналық және құқық­тық қызмет көрсетуімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салалар және зейнетақы реформасы бойынша берілетін пайдалы кеңестер бөлек бір тақырыптың еншісі. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы туралы ой қозғаған кезде айтпай кетуге болмайтын тағы бір маңызды мәселе бар. Бұл мәселенің өзі Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері қандай деген ойдан туындайды. Мысалы, сенімді дерек көздері тәуелсіздік жылдары кезеңінде елімізде 2500 шақырымнан асатын темір жол салынғанын көрсетеді. Бұл тұрғыда ТМД-ның бірде-бір мемлекетінде дәл осындай ауқымды, дәл осындай ұзын темір жол құрылысы болмағанын ескерсек, бұл саладағы еліміздің жетістігі одан әрі айқындалып, саралана түседі. Біз мұны неге айтып отырмыз. Өйткені, тәуелсіздікке жеткен кезге дейін Қазақстандағы темір жолдар желісі тек бір жақты Ресей, сол кездегі Одақтың астанасы Мәскеу бағытында болатын. Елдің өз ішіндегі өңірлерді бір-бірімен жалғайтын болат магистральдарды салу ісіне қаражат бөлуге кезінде «Госплан» деп аталған кеңестік жоспарлау жүйесі көз жұма қарады. Сеңі сөгілмей жатқан бұл іс жас егемен ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіздік жылдарында жолға қойыла бастады. Сөйтіп, ел өңірлері арасындағы темір жол құрылыстары қызу қарқын алды. Егер осы нысандар салынбағанда «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы елдің бір шетінен – екінші бір қиырына – оңтүстігі мен солтүстігіне, орталығына және батысы мен шығысына желдей есіп, тікелей тарта алмас еді. Тігінен де, көлденеңінен де бірдей көктей өтіп кете алмас еді. Міне, Тәуелсіздіктің жемістерінің бірі осы емес пе?! Иә, ұмытып барады екенбіз. Құтты қонақ келгенде қой егіз табады дегендей «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Орал темір жол бекетіне тоқтаған кезде облыста қос бірдей екі үлкен мектеп ғимаратының іргетасы қаланып, аяқталып жатты. Халқымыздың ұғым-түсінігінде іргетастың берік болуының нышандық мәні бар. Осы тілекті іргетасы қаланып біткен осы нысандарға қатысты да айтуға болады. Оның біріншісі – 600, екіншісі 900 оқушыға арналған. Олардың құрылысына Ұлттық қордан, республикалық және жергілікті бюджеттерден 3 миллиард 15 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Тұтастай алғанда, тәуелсіздік жылдарында Ақжайық аймағында 59 мектеп пен 17 балабақша бой көтерген. Соңғы жылдары 24 мектепке дейінгі ұйым жекеменшік инвестиция есебінен ашылған. Сонымен бірге, ұзақ жылдан бері қордаланып қалған жол құрылысына үлкен серпін туғызылды. Бұған тек биылғы жылдың өзінде 16 миллиард теңге қаражат жұмсалып, толықтай игерілгені дәлел. Сондай-ақ, өңірде тәуелсіздік жылдары 4 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй бой көтерген. Берісін айтқанда, тек биылғы жылдың соңғы айларында 591 отбасы қоныс тойын тойлапты. Жыл аяғына дейін Орал қаласының тұрғындарына тағы да 696 пәтердің кілті тапсырылмақ. Түйіп айтқанда, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аталып өтетін мерекелі жылы 1600 батысқазақстандық отбасы жаңа баспанаға ие болмақ. Сөз жоқ, бұл – бұған дейін Жайық жұртшылығының өңі түгіл, түсіне де кірмеген жақсылық. Көл-көсір қуаныш. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы