22 Қараша, 2016

Илья Жақанов. Сарабдал саясаткер сыры

303 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» тақыры­бын­дағы туындысымен танысқан сәтте қазақ елінің, қазақ халқының бағы бар, деген ойға берік бекіндім. Өйткені, халқымыздың «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» дейтін тәмсілін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды әлемдегі ең қуатты мемлекеттер қатарына енгізудегі еңбегіне байланысты айтуға болады. Сарабдал саясаткер ретінде ел басқарудағы сан алуан істері мен тәжірибесімен бөлісіп, халықпен шынайы сырласуға құрылған бұл туындының баршаны толғандырар тұсы жетерлік. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасу кезеңінің бастауындағы дара тұлғаға сенген ел азаматы ретінде Елбасы сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен үмітпен алғаш даусын берген сәтім әлі есімде. Жиырма бес жылдан бергі кезеңде тәуелсіз еліміздің экономикасында жылма-жыл өсім байқалып келеді. Тоз-тозы шыға жаздаған ауыл шаруашылығының тамырына бүлкілдеп қан жүгірді. Тақтайдай тегіс жолдар салынды. Жаңа елордамыз – Астана бой түзеді. Қазақтың ана тілі мемлекеттік тіл мәртебесін иеленді. Шаң басқан архивтердегі төл тарихымыз төрімізге озды. Игерілуі өзімізге қиын соғатын ірі мұнай кеніштері шетел инвестициясының салынуымен ел игілігінің қажетіне жарай бас­тады. Бәсекеге қабілетті отандық өнімдер өндіріліп, бұрын-соңды өңіміз түгілі түсімізге кірмеген ерен істер атқарылып жатыр. Әрине, кезінде Қазақстан тәуел­сіздігіне күмәнмен қарап, келешегіне оң тілеулестік танытқысы келмеген ел­дерді де білеміз. Өйткені, олар өздерінде Нұрсұлтан Назарбаевтай елдің болашағын әріден ойлайтын, соған орай тың реформаларды табан­дылықпен қолға алатын батыл басшысы болмағаннан кейін Қазақстанның алдағы күндеріне қызғанышпен қараған шығар. Тәуелсіздік жылдарында «Алдымен экономика...» қағидасын ұстанған Президентіміз ұлттық экономиканың сан саласын өркендетумен бірге мәдениетке, әлеуметтік салаға барынша қолдау білдірді. Өзім көп жыл еңбек сіңірген өнер, мәдениетке қатысты айтар болсам, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді биікке көтерген оң қадам болғаны даусыз. Осы бағдарлама аясында қаншама жауһар дүниелерімізді жас ұрпақтың санасына сіңіре алдық! Бұл күндері Қазақстанды әлем елдері экономикасы қуатты мемлекет ретінде ғана емес, мәдениеті мен өнерінің көкжиегі кеңіген ел ретінде таниды. Және бір айтпауға болмайтын жайт, біздің елімізде 130-дан астам ұлттың өкілі тұрады. Осыншама ұлт өкілдері Қазақстан деген қарашаңырақтың астында татулықтың, ынтымақ пен бірліктің үлгісін көрсетіп келеді. Тұңғыш Президентіміз әлемнің әр қиырына әртүрлі себептермен тарыдай шашылған бауырларымызды атамекен топырағына шақырды. Өзге елде сұлтан болғаннан гөрі өз елінде ұлтан болуды көздеп, атажұртты сағына оралған қандастарымызға мемлекет тарапынан қолдау көрсетті. Әлемдегі бірде-бір ел дәл Қазақстандай, дәл Нұрсұлтан Назарбаевтай тарихи Отанын аңсап жеткен қандастарына қолдауды да, көмекті де бере алған жоқ. Тегінде, тәуелсіздікті бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандап өтті. Қазақ жерінің әр пұшпағы үшін жан аямай күресіп, ұлан-ғайыр даланы бүгінгі ұрпаққа аманатқа қалдырып кетті. Енді о шеті мен бұ шетіне ұшқан құстың қанаты талатын, мұнай мен газ, алтын мен көмір, жез бен мыс секілді өзге де табиғи мол байлықтың қазыналы көмбесі саналатын жерімізді, әлем таныған Қазақстандай тәуелсіз елімізді қуатты мемлекет ретінде жаһандық бәсекеге қабілетті ету әр қазақтың, әр қазақстандықтың азаматтық парызы болуы тиіс. Азаматтық парыз дегеннен шығады, мұны тек әскери борышты өтеумен, не мемлекетке адал қызмет етумен ғана шектемеу керек. Азаматтық парыздың ауқымы өте кең. Азаматтық парызды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елге, ұлтқа адал қызмет ету үлгісінен де көреміз. Өйткені, ол – елін шын сүйген, елі үшін аянбай еңбек етуді ұлы мақсатына айналдыра білген нағыз көшбасшы, нағыз саясаткер. Әрине, әр адамның пікірі, көзқарасы әр қилы болатыны секілді, кейбіреулер мемлекеттің бірінші тұлғасы –Президент лауазымында болудан артық ештеңе жоқ деп ойлайды. Бәріміз де дәл осылай пендешілік ойға берілсек, қатты қателескен болар едік. Шын мәнінде мемлекетті басқарудан, елді жан-жақты өркендету ісіне жауапты болу ең қиын жұмыс деп ойлаймын. Мемлекет басшысы үнемі ат үстінде жүргендей болады. Өйткені, Елбасының ел алдындағы арқалаған жауапкершілігі да зор, атқаратын жұмысының көлемі де ауқымды. Ұлттық экономиканы, халықтың әлеуметтік ахуалын жаңа деңгейге көтеру үшін тынбай еңбектенеді. Сол себептен, өзгелеріміз секілді мезгілінде тынығуына да, мезгілінде еңбек демалысын алуына да мұршасы бола бермейді. Тіпті, оның аз ұйықтап, көп жұмыс жасауына тура келеді. Осы тұрғыдан айтқанда, қазір Нұрсұлтан Әбішұлының әлемнің барша елімен сауда-экономикалық, іскерлік, дипло­матиялық байланыстар орнату үшін апталап шет мемлекеттерге барған сапарларының жемісін көріп отырмыз. Жалпы, мемлекет басқаратын тұлғаның білімі – терең, тілі – шешен, көшбасшылық пен тұлғалық, кісілік пен кішілік, көсемдік пен парасаттылық, қайырымдылық пен мейірімділік қасиеттері мол болса ғана елінің абыройы да, мәртебесі де биіктей түседі. Нұрсұлтан Назарбаевтың бойынан осынау адами қасиеттердің бәрі табылады. Бір басында сан өнер де топтасқан. Қазақ елінің бақуатты тұрмысы мен кемел келешегі, халқының намысы мен абыройы үшін ұлағатты іс атқаруды парызы санаған Ердің – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлікке пара-пар еңбегінің жемісін баршамыз көріп отырмыз.