22 Қараша, 2016

Барымызды бағалай білейік

330 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елбасының «Ұлы Дала ұлағаттары» атты еңбегін «Егемен Қазақстанда» жарияланып жүрген үзінділерін үзбей оқып келемін. Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан әр салада орын алған жағдайлар жалпылама демесек, бәрі бірдей көпшіліктің есінде сақталуы қиын. Ал Президент соның бәрін санасына түйіп, қойын кітапшасына түртіп отырғандай түгендеген екен. Бір адам соның бәрін қалай ойлап, пайымдап, басқарып отырады екен деп еріксіз таңғаласың. Нұрсұлтан Әбішұлының қай сөзі де көкейге қонымды. Маған, әсіресе, ол кісінің өнер саласына, рухани құндылықтарымызға қатысты айтқан ой-тұжырымдары ерекше әсер етті. «Егер біз мемлекет болып тұрғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халықтың руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн», – дейді Президент. Сонау тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңдерде өнер саласы өгей баланың күйін кешкені жасырын емес. Басқасын айтпағанда, сахналар қаңырап, дарынды жандар базар жағалап кетті. Бірақ соның өзінде мемлекетіміз мәдениет пен өнерге қолдау көрсетудің амалдарын тауып, бас көтерер азаматтар рухани дүниелерден ажырап қалмауымызға дәнекер болды. Елбасы жазғандай, қоғамның демокра­тиялық үрдістерін әуелгі кезде дабыра дау-дамайға, кейіннен сыпыра саяси саудагерлікке салып, одан соң «бара жатқанның балтасына, келе жатқанның кетпеніне» жабысумен сындарлы пікірталастың сынын кетіріп, шырайын бұзған кезі де болды. Бірақ өнер біржола тоқыраған жоқ. Барған сайын тынысы ашылып, өрісі кеңіп, қазір рухани дүниелеріміз мақтанышпен айтуға боларлықтай деңгейде. Рухани жұтаңдық қоғам болмысын да аздыратыны ақиқат. «Мемлекеттің дамуы – рухани әлемінің дамуымен тікелей сабақтас. Адамның эстети­калық және этикалық талғамы қатар өскен жағ­дайда, елдің де зерде-зейіні толығып, қоғам­ның моральдық келбеті кемелдене түседі. Қоғамның таза көңілі осы кезде өзінің бойын­дағы талғамның талапқа толықтай жауап бе­руіне жол ашып, ұлттың өзін өзі тану жағ­дайы жаңа белес­терге көтеріледі. Зиялы қауым­ның уақыт алдындағы жауапкершілігі артып, мә­дениет қайраткерлерінің ар тазалығы мен жан та­залығы алдыңғы орынға шығады. Өнер сонда қанатын кеңге жаяды», – деп жазыпты Нұр­сұлтан Әбішұлы. Ақиқаты сол! Ең алдымен адамның рухани әлемі, жаны таза болуы керек. Келешек ұрпақты биік адамгер­шілік ұғымдарға, кісілік келбетін сақтай білуге үйрету қажет. Мемлекет басшысы осы орайда өнердегі жас ұрпаққа да сөз арнаған екен. «Өнерде жүрген жас өрен, өр бол, бірақ кең бол. Ең бастысы, кіршіксіз таза бол. Өнерге өзімшілдік те, күндестік те қауіпті. Жаның жайдары, жарасымың ибалы болсын. Өнердегі бәсекелестік іштарлық пен қызғаншақтыққа бой алдырмасын. Мұндай дерттің де өнер саласында кездесіп қалатыны шындық. Озсаң – өнеріңмен оз, талантыңмен таныл, дарыныңмен даралан. Құр еліктеу мен сергелдең солықтаудан сақ бол», – дейді Ұлт Көшбасшысы. Өнер мектептерінде көр­нек­ті тұсқа жазып қоятын аманат сөз. Өз мә­де­ниетіміз бен өнерімізге, ұлттық құнды­лық­тары­мызға өзіміз, соңымыздан ерген ұрпақ­­тарымыз қамқор, жанашыр болмасақ, басқа кімге керек?! Барымызды бағалай білейік те. Рымбала ОМАРБЕКОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚАРАҒАНДЫ