22 Қараша, 2016

Сырдария неге қатпай жатыр?

517 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
iroir Биыл қыс ерте түсті. Арқа арқырап тұр. Шығысыңыз шыңылтыр аяздан шықыр-шықыр етеді. Алатауға алпыс сантиметрге жуық қар түсіп, жүру қиындап қалды. Батысыңызда ұшақ қатынамайтын ара-райы орнапты. Жылы дейтін оңтүстікте де қыстың сызы байқалады. Осындай ретпен келгенде, жазы аптап, қысы қатал Қызылордаңызға да кәрі құда ерте сәлем бере келіп еді. Әдетте, желтоқсанның соңына дейін қар көрмейтіндей едік. Биыл қарашаның қақ ортасында аспаннан ақ ұлпа төгіп кеп берді. Осымен Жаңа жылға жетерміз деп жүргенде, қар тағы да жауды. «Қар жауды деп қуанба, артында аязы» бар деуші еді бұрынғылар. Сол айтқандай қардың аязы желге оранып, суығы күшейіп, адамдарды бүрсеңдетіп-ақ тастаған. Кеше жел ішінен тынып, аязы ғана қалды. -20 градус аязыңыз бетті қытықтайды. Бірақ Сырдария қаннен-қаперсіз, дым болмағандай сызылып ағып жатыр. Оған қоса, табаны көрініп қалған дария толып, ернеуіне келіпті. Бұл қалай? Оның сыры мынада екен. Сырдың өзі оңтүстіктен солтүстікке қарай ақпай ма? Анау Ферғана жақтың жылы ауа-райынан бастау алған су Қызылордаңызға келгенде де аса суымайды. Содан оңтүстіктен келген жылы су біздегі аязбен араласқанда Сырдың беті буланып кетеді. Оның үстіне түнімен суықтың құрсауында жатып, күннің аздап сәулесі түскенде де дарияның бойы бусанып сала беретін болса керек. Бұл будың айналасындағы өсімдіктерге пайдасы да бар. Өйткені ол орман-тоғайға шық болып қонып, нәр береді. Ал дарияның тасу себебі де осында жатыр. Бас жағы еріп, соңы қатып, қатқақ мұз кептеліп, ақыры дарияны ернеуінен асырып жібереді. bd Дария дегеніңіз кәдімгі тірі организм. Үнемі ағып жатады. Қозғалыс бар. Ал қозғалыс болған жерде, тоқтаудың болмайтыны анық. Ағын судың мынадай сары аязда қатпай жатуы да заңдылық. «Сырдария неге қатпай жатыр?» деген сұраққа осылай жауап берер едік. Сайлаубай аға Жұбатыров айтады. «Бұл өте қатал өзен ғой. Сейхун дегеннің өзі қазақтың сойқан дейтін сөзінен шыққан. Сыр – Сойқан, Аму – Жойқын. Сейхун, Жейхун деп өзге жұрттың өзіне икемдеп алғаны». Сол айтқандай, Сойқан судың жағасында тұрмыз. Буы бұрқырап жатыр. Бір сәтке дария кәрі құданың ырқына бағынбай, айтқанына көнбей, аязына төзбей, қатпай, мұз құрсанып жатпай, осылай еркін ағуға ұмтылатындай боп әсер етіп кетті. Табиғаттың өзі азат болуды, бағынышты болмауды аңсайтын сияқты. Ғасырлар бойы отарлықтың қамыты мойынынан түспеген қазақ халқы биыл Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойын тойлап жатыр. Тәуба! Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.