22 Қараша, 2016

Мемлекеттік рәміздерге арналған жиын өтті

471 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Ұлы Дала Елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» атты жұлдызды 25 күн аясында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрайымдылығымен Мемлекеттік рәміздер және ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, қоғам қайраткерлері, мәдениет және спорт салаларының өкілдері, ғалымдар қатысты. Жиында сөз алған Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу бойынша Тұжырымдама жасалғанын, оған сәйкес, Тәуелсіздіктің ширек ғасырға толған торқалы тойын атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспарлары қабылданғанын атап өтті. «21 қараша мен 15 желтоқсан аралығында өтетін іс-шаралар «Тәуелсіздіктің 25 жұлдызды күні» аясында өтеді. Осыған орай, күні кеше еліміздің 16 жасқа толған азаматтарына жеке куәліктерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өткізілсе, бүгінгі жиын Тәуелсіздіктің басты нышаны – Мемлекеттік рәміздерге арналып отыр», – деді Гүлшара Наушақызы. Сонымен қатар, ол ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында биылғы жылдың сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты 24-інші сессиясында «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің қабылданғанына тоқтала келе, бұл тарихи құжатта Мәңгілік елдің мызғымас 7 тұғырын нығайту, сақтау, ұрпақтан ұрпаққа аманат ету міндеттері белгіленгенін жеткізді. «Олар Тәуелсіздік және Астанаға, жалпыұлттық бірлікке, бейбітшілік пен келісімге, зайырлы мемлекет және жоғары руханиятқа, инновация иірімдеріне, тұрақты экономикалық өсімге, жалпыға ортақ еңбек қоғамына, тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығына, ұлттық қауіпсіздік пен Қазақстанның жалпы әлемдік және өңірлік проблемаларын шешуге тікелей байланысты», - деді Мемлекеттік хатшы. Жиын аясында Гүлшара Әбдіқалықова еліміздің барлық өңірінде мемлекеттік рәміздерге арналған байқаулардың, патриоттық іс-шаралардың жүргізіліп жатқанын айта келе: «Мемлекеттік рәміздер – ел ішіндегі тұрақтылықтың, қоғамдық келісім мен патриоттық тәрбиенің аса маңызды құралы», – деді. Отырыста Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков Тудың, Елтаңбаның, Әнұранның Қазақстанның, оның Тәуелсіздігінде алатын орнына тоқталса, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков алғаш Тәуелсіздік алған жылдардағы естеліктерімен бөлісті. «Оңай болған жоқ. Мұны ұрпақ білуі керек. Қуанған да, қорыққан да бірдей деген. Сол кезде жұрттың есі шығып кетті. Соның бәрін ұстап, дұрыс қалыпқа салу, әрине, оңайға түскен жоқ. Бұл жерде Елбасының төзімі де жетті, ақылы мен парасаты да жетті. Соның арқасында бабаларымыз, қолына қару алған батырларымыз, көсемдеріміз, даналарымыз, ақындарымыз, жырауларымыз, хандарымыз жете алмаған, осының жолында басында  басын бәйгеге тіккен, бірақ, жаны қиылған, өмірі өткен Тәуелсіздікке біз, қазақ халқы жеттік», – деді Мырзатай Жолдасбеков. Оның айтуынша, ол жылдары қазақ халқының саны 39 пайыз болған екен. «Сол кезде бізді бұрыннан бері Қазақстанда өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері де қолдады. Біз мұны ешқашан ұмытпауымыз керек. Қазақстанның желбіреген көк Туының тұғыры халқымыздың мызғымас бірлігі мен ынтымағының арқасында биіктеп тұр», – деді Мырзатай Жолдасбеков. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».