22 Қараша, 2016

2013 жыл несімен есте қалды?

412 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік – Ұлы Дала жұртының кешегі көксеген арманы. Тәуелсіздік – Ұлы Дала жұртының бүгінгі қол жеткізген ақиқаты. Арманның ақиқатқа айналуы қандай «тар жол, тайғақ кешулерді» артқа тастау арқылы жүзеге асқанын бүгінгі зерделі, зейінді ұрпақ жақсы біледі. Тарихи, танымдық сипаттағы тамырымызды тереңнен тартар тиянақты зерттеулермен жақсы таныс оқырман қауымның Тәуелсіздік хақындағы көзқарасы кең арнаға түскені даусыз. Бұл ұлттық сананың түбегейлі бекіп, ел өткені мен ел бүгіні жайлы тарихи танымның да тиянақ таба бастағанының нышаны. Үш мың жылдан асып жығылар тағылымды тарихы бар елдің өрісін кеңейтіп, өркеніне қанат бітірер, ұлт жаратылысын тануға мол мүмкіндік берер қытай бумаларында қатталған, араб жазбаларында сақталған, тарихшылардың атасы Геродоттың кітабына енген, армян жазуларымен өрнектелген, тасқа қашалған, папирус бетіне түскен ұлы тарихтың шешен тілді, көсем мінезді кешегісіне көз тоқтатқан кез келген білімді, парасатты адам екі мәдениет пен екі өркениеттің өлара тұсына орныққан Ұлы Даланың өткені мен бүгіні туралы осындай басалқы ойға, баянды пікірге ден қояры шүбәсіз. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында әлемнің саяси картасынан тәуелсіз ел ретінде өз орнын алған Қазақстан мемлекеті, сөз жоқ, осынау Ұлы Далада өмір сүрген үлкенді-кішілі мемлекеттердің заңды жалғасы. Мұрагері. Сондықтан Тәуелсіз Қазақстанның араға көп уақыт салып, өмірге қайта келуін феноменалды құбылыс деп бағалауымыз керек. Көк пен жер арасында болатын ғарыштық байланыстың барына сенер болсақ, бұл құбылыс, ең әуелі, ана дүниедегі ұлы аруақтардың қолдауымен, мына дүниедегі жалғастардың жалғасы болған – тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылған тегеурінді ұрпақтың жүрегінің қалауымен болғаны анық. Бұл – объективті тарихи фактор. Кез келген обьективті фактордың қозғаушы күші – субьективті факторы болатынын да ұмытпауға тиіспіз. Субъективті фактор – тұлға! Еуразия кеңістігінде Қазақстан деген әрі байырғы, әрі жас жаңа тұрпатты мемлекеттің қайыра жаңғырып, аяғынан тұруы, әлемге танылуы, түбегейлі мойындалуы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев есімді тұғырлы тұлғаға тікелей байланысты. Осыдан ширек ғасыр бұрынғы тізесі дірілдеп, иығы қусырылған, жадап-жүдеп, еңсесі түскен елді ел ету, шынайы классикалық үлгідегі мемлекет дәрежесіне жеткізу ердің ерінің ғана, тұғыры мықты тұлғаның ғана қолынан келетінін Тәуелсіздіктің 25 жылы дәлелдеп отыр. Жиырма бес жыл! Жиырма бес жылдың әр жылы ғана емес, әр айы, әрбір күні азаттыққа жаны іңкәр алаш жұртшылығы үшін қымбат екені айтпай белгілі. Ақ қағазбен бетпе-бет келіп, қолыма қалам ұстауыма себепкер болған 2013 жылды ой елегінен өткізіп отырып, осындай толқынысты күй кешкенімді жасыра алмаймын. Ел босағасын аттаған жаңа 2013 жылдың 1 қаңтары күні күнделігіме: «Сонымен... Ғалымдар мен әулиелердің, көріпкелдердің айтуына сенсек, заманақыр болуы тиіс 2012 жылдың 21 желтоқсанынан, міне, тұп-тура он күн өтті... Жер орнында... Алты құрлық орнында... Адамзат баласы да орнында... Қазақтың жері де, Қазақтың елі де орнында!... Бәрі орнында! Апыр-ай! Айналып келгенде, бәрі Алланың қолында екенін осы жұмырбас пенделердің жиі-жиі естен шығарып алатыны несі екен?! Ескі аурудан қайтсек құтыламыз?! Тәңірім! Ұлтыма береке! Ұрпағыма ақыл бере гөр!» деген тілек айтыппын іштей. Қағаз бетіне түскен сол тілегімді төмендегі «Жарасым» дейтін өлеңмен жалғаппын.   «Адам-Ата бауырынан өргендер, кернейлетіп түн құшағын тербеңдер! Мүмкін емес заманақыр болуы, Құдай үшін шешім айта көрмеңдер!...   ...Көріпкелдер қаламасын, қаласын, жарамсақтар жапса жапсын жаласын. Жанға-шуақ, жырға шабыт беретін, бұзылмасын бар ғаламдық жарасым.   Қиын кезде бөліп жеген тарыны, Жарасымда бабалардың бар үні. Күй-бесігім... Үйлесімім – Жұмыр жер, Жарасымда – Дүниенің жарығы.   Ағысында дәуір атты көшкіннің, жасырмаймын, жағаласып, кештім мұң. Әр санада құдырет бар, қуат бар, Ұлт ертеңі – қуатында өскіннің.   Сезіп соны қанаттанып, тыңайдым: Жарасымда – ұлы биік, ұлы айдын. Ғалам жайлы айтпас бұрын бөтен ой, Қаһарынан сақтаныңдар Құдайдың.   Өзгерді өмір... Күдігім жоқ, таласым, Адамзатты күтуде алдан жаңа сын. Уламаңдар ұлы жолдың үстінде, Ұлтым менен Ұрпағымның санасын! Кел төрге шық! Кел, Жаңа жыл! Жарасым! Әлем жұртшылығын аласапыран ойлар мен сауалдардың қорығына қамаған 2013 жыл мен үшін «Жарасым» атты осындай көлемді жырмен басталса... Менің туған Қазақстаным үшін бұл жыл ерекше жыл болғаны жады төрінде төмендегідей жаңғырды. 2012 жылдың аяғында, яғни 15 желтоқсан күні Ел Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жаңа Жолдауы жарияланды. Жолдау есік қағып, босаға аттағалы тұрған 2013 жылдың бағыт, бағдарын белгілей отырып, ел дамуының болашағын анықтайтын нақты идеялар мен оны жүзеге асырудың жолдарын ұсынды. Мәңгілік Ел болу мұратына негізделген Ұлттық бағдарлама рухымен қанаттанған қара орман жұртшылық 2013 жылдың қаңтарын үлкен үмітпен, зор сеніммен аттағаны ақиқат. Жаңа жылдың алғашқы күні жасақталғанына 100 күн толған жаңа Үкімет те, Атқарушы билік те осы мерзім ішінде жүзеге асырған жұмыстарына шолу жасап, өз жоспарларын белгілеп жатты... Бірте-бірте тұрлаулы тарихтың еншісіне айналып бара жатқан уақыт соңынан қарап тұрып Тәуелсіздік есімді ұлы дәуірдің әр күні, әр сәті, тіпті әр сағатына дейін қаншама қым-қуыт оқиғаға толы болғанын, әрі осынау оқиғалар төркінінде адам ойы мен санасына қамшы болған кездесулер жатқаны еске түседі. «Өмір – өткен күндер емес, есте қалған күндер» деген нақыл тіл ұшына еріксіз оралады. 2013 жылдың 9 қаңтар күні жылдағы дәстүр бойынша Мемлекет басшысының Алматыдағы резиденциясында әдебиет және өнер қайраткерлеріне президенттік және мемлекеттік стипендиялар тапсырылды. Стипендия тапсыру рәсіміне Елбасы өзі қатысып, жиналған алқалы топтың алдында сөз сөйледі. Белгілі, беделді сөз бен өнер қайраткерлерінің пікірлерін тыңдады. Сұрақтарына жауап берді. Осы бір жұртшылық жадында жақсы қалған кездесуде Президент әлемді алаңдатып отырған, саяси, экономикалық күрделі жағдайларға тоқтала келіп, өнер мен әдебиеттің қоғам дамуындағы рөліне баса назар аударғаны есімізде. «... Зиялылар арасында тіл мәселесі жиі көтерілетіні белгілі. Тіл тағдыры бәрімізді алаңдатуы да заңды. Ұлттың тынысы, сапасы ұлттық тілмен ғана баянды болады. Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Ол Ата Заңмен бекітілген. Ешкімнің оған дау-дамайы жоқ. Ол – тарихи шындық» – дей келіп: «Мен қазақстандық мәдениеттің барлық қайраткерлерін өздерінің еңбегімен қарапайым жалғыз ақиқатты – қуатты әрі ұлы Қазақстанды нығайтуға шақырамын! Ол, ең алдымен, біздің қоғамдағы бейбітшілік пен келісім, халқымыздың бірлігі», – деп түйіндеген болатын. Тәуелсіздік дәуірінің алғашқы кезеңінен бастап Қазақ елінің ішкі сыртқы мемлекеттік саясатын анықтауда ұлтаралық қатынас мәселесіне аса ыждаһаттылықпен қарауға үндейтін Елбасының күретамыр көзқарасы бұл кездесуде де өзінің жалғасты сипатын тапқан еді. Мемлекет басшысы өнер мен әдебиет қайраткерлерін мемлекеттік тілді, ұлттық өнер мен мәдениетімізді жан-жақты игерумен қатар, өзге ұлт тілдері мен өзге де ұлт мәдениеттерін құрметтеу керектігін айтты. Президент әңгіме барысында туындаған сұрақтар мен сауалдарға жауап бере отырып, келешекте қазақ тілін бірте-бірте латын алфавитіне көшіру отандық мәдениетімізді әлемдік еркін кеңестікке алып шығып, дамуына септігін тигізуі мүмкін деген ойымен бөлісті. Ұлт және ұлттық құндылықтар дейтін іргелі ұғымдарды әркез назарында ұстайтын Қазақстан Президентінің 2013 жылғы жұмыс кестесін саралап отырып Батыс пен Шығыс арасында жатқан атажұртымыздың халықаралық абырой-беделін қамтамасыз ететін қым-қуыт мемлекеттік қыруар шаралар арасынан әдебиетімізге, өнерімізге, тарихымызға қатысты оқиғаларға өз пікірін білдіріп отырғанын көреміз. Әсіресе, ел тарихында орындары айрықша екі ұлы тұлғаның: Төлебидің 350 жылдығы мен Абылай ханның 300 жылдығы тұсындағы Елбасының ел өткені мен ұлт тарихы турасындағы толғаныстарын бөле-жара айту керек. «Егемен Қазақстан» газетінің 2 қазан күнгі санында жарық көрген Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абылай аңсаған азаттық» атты мақаласы осы сөзіміздің айғағы. Автор ерлік пен өрліктің, табандылық пен күрескерліктің ғажайып үлгісін көрсеткен кешегі ақылды билер мен айбынды хандардың, от ауыз, орақ тілді ақындар мен қара нардай қайыспас қаһарман батырлардың дәуіріне «Абылай дәуірі – алыптардың дәуірі болды» деген баға береді; Мақаланы «Абылай хан қызғыштай қорып, тұмарындай тәу еткен Қазақ елінің Тәуелсіздігіне біздер, бүгінгі буын қазақстандықтардың жеткені үшін де шексіз тәубе айтып, бөлінуге бастайтын жершілдік пен рушылдық дертінен арылған жөн. Себебі, бүгінгі заманның жаңаша түрленген қауіп-қатері кешегіден кем соқпайды. Ендеше Абылайдың арманына қазіргі Қазақстанның қол жеткізгенін ерекше мақтан тұтып, ішкі ынтымағымызды, сүттей ұйыған татулығымызды сақтауға қызмет ету баршамыздың парызымыз» деген сөздермен түйіндейді. Елбасы аузымен жаңа дәуір ұрпақтарына қаратылып айтылған осынау баянды ой, бағдарлы сөздің төркінінен өз Тәуелсіздігін жариялап, әлемнің алыс-жақын елдерімен, еркін байланыс орната бастағанына 22 жыл толған Қазақ мемлекетінің жүрек соғысын, мақсат-мұратын, тыныс-тіршілігін толық аңғаруға болады. Ойы қазақ деп бұлқынып, жүрегі алаш деп соғар бүгінгі ел тұтастығы жолында жүрген оғылан мінезді ұрпақтың ойы Елбасы сөзімен үндес екені шүбәсіз. «Өнеге болар ұрпаққа Әйтеке мен Қазыбек Әділін айтар ер еді... Терезем тең боп солармен, Елімнің биік төрінен Орын алған Төле едім... Береке-бітім болғанда Еңсесі биік ел едім... Қайсы еліңнен кем едім?!» – деп үш ғасыр ілгеріде айтылған аруақты сөздің Елбасы аузымен қайыра жаңғырып, Тәуелсіз елдің тұғырын бекітуге, абырой-беделін асқақтауға бойымызды да, ойымызды да жұмылдырып отырғанын жан-жүрегімізбен сезінеміз. Осы кездесуден менің есімде қалған мына бір тұс әлі күнге жады төрінде жаңғырады. «Зиялы қауым жиі айтатын» ұлттық идеология туралы! Кез келген отаншылдық рух төркінінде «ұлттық идеологияның» тұратыны заңды... Мысалы, біздің дәуіріміздегі ең мықты бірден-бір демократиялық ел АҚШ дейтін болсақ. Менің түсінігімдегі бұл елдің ұлттық идеологиясы – Голливуд! Бізге де осындай көркем тәрбие беретін өнер керек! Ұлттық идеологиямызды санаға, ойға, жүрекке сіңіретіндей мықты өнер керек!» деп еді... ... Міне, Елбасы ұсынар көркемөнер жасаудың концептуалды қазығы, жобалап айтсақ, осы! *** 2013 жылдың айдарын айрықша желбіретер ел өміріндегі іргелі шаралардың бірі – «Қазақстан 2050» Стратегиясын жүзеге асырудың бастапқы сатысының жеті бағытын белгілеп беруі. Бүгінде саяси әлеуметтік өміріміздің өзегіне айналып, «Мәңгілік Ел» ұлттық бағдарламасы түпкі мақсат, түбірлі меже тұтқан еліміздің дамуына тікелей ықпал жасап келе жатқан сол бағыттарды оқырман есіне қайыра бір түсіре еткенді оң көрдік. Сол жеті бағыт мыналар: Бірінші, инфрақұрылымның дамуы – ұлттық экономиканың табысы мен перспективалығының кепілі; екінші, ЕХРO-2017 – инновациялық экономиканы дамытудың маңызды катализаторы; үшінші, азық-түлік саласы – перспективалы инновациялық кластер; төртінші, шағын және орта бизнесті дамыту; бесінші, қаржы жүйесін нығайту; алтыншы, әлеуметтік жаңғырту процесі; жетінші, әкімшілік реформа. Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков келтірген цифрлар мен нақты деректерге сүйенер болсақ, Қазақстанның әлемнің анағұрлым дамыған 30 елінің қатарына қосылуын қамтамасыз етудің алғы шарттарын белгілеп берген 2013 жыл бойында «Шетелдік сапарларды, өңірлерге жұмыс сапарларын, түрлі отырыстар мен мәжілістерді, халықаралық және республикалық форумдардың жұмысына, конференциялар мен сьездерге қатысу, шетел мемлекет және қоғам қайраткерлерін қабылдау, жұртшылық өкілдерімен және еңбек ұжымдарымен кездесу, өнеркәсіп кәсіпорындары мен әлеуметтік нысандарға баруды қоса алғанда, жыл бойы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен 700-ден астам хаттамалық іс-шара болып өткен». Орташа есеппен алғанда Елбасы 365 күннен тұратын (сенбі, жексенбі, демалысын қоса есептепгенде) бір жылдың әр күнінде екі шараға қатысып отырған. Әр шара ел мен ел тұтастығын қамтамасыз етер ойды, қиялды, сөзді, істі керек ететіні белгілі. 2013 жылдың толық кескіні мен келбетін елестету үшін, үкімет, парламент, атқару орындары мен алуан түрлі қоғамдық ұйымдар тарапынан атқарылған ұлан-асыр іс-шараларды түгендеп жатпай-ақ (ол мүмкін де емес), бір Елбасының жұмыс кестесіне кірген шаралардың орындалуын, жүзеге асуын зерделесек те жеткілікті болары анық. Өйткені... Елбасы өмірі ел өмірімен біртұтас. Қоғамды демократияландыру, ел өміріне инновациялық өзгерістерді еркін енгізу, ғылым мен білімді жетілдіру, әдебиет пен өнерді өрістету, өркендету, ұлт генофоны саналар ауыл өмірін көркейту, мемлекетті басқару жүйесін орталықсыздандыру, әкімшілік реформаны жүзеге асыру, құқықтық жүйені жаңғырту, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту... Міне... Қазақстан секілді тәуелсіз мемлекеттің түн ұйқысын төрт бөлген бұл айтулы шараларды жүзеге асыру мен ұлттың саяси, экономикалық және рухани даму принциптерін анықтау міндеттері 2013 жылдың еншісіне тигенін байқаймыз. Қазақы ұғыммен айтар болсақ, пәлен атанға жүк болар, нардың нары ғана қайыспай көтерер осынау дәуір аманатының қалай атқарылғаны, атқарылып келе жатқаны – қара орман жұртының назарында. Бұл жылы атқарылған шаралардың қай-қайсынан да «Қазақстан-2050» Стратегиясының рухы аңғарылып тұрады. Менің есімде айрықша қалған халықтық сипатта өткен бірегей шаралардың бірі – ел шежіресіне айшықты әріптермен түсетін елеулі оқиға – аудандық маңыздағы қалалар, селолық округтер, селолық округтердің құрамына кірмейтін поселкалар мен селолар әкімдерінің сайлауы. Иә... Демократияның алтын арқауы құқықтық қоғам болған да, негізі – сайлау. Бұл – уақыт, заманалар сынынан мүдірмей өтіп келе жатқан шындық. Соңғы ширек ғасыр ішіндегі әлемнің геосаяси картасына түбірлі, түбегейлі өзгерістер енгізген тарихи оқиғалардың бірден-бір алып кеңістігіне айналып отырған Еуразия континентіндегі жаһанданудың әралуан көріністері демократия дейтін аса нәзік құралға үлкен білгірлікпен қараудың қажет екеніне көзімізді жеткізе түсуде. Бұл – өзін-өзі сақтап қалуға ұмтылар кез келген үлкенді-кішілі мемлекеттердің басты қағидасы. Бұл – ғаламдық қағида! Ғаламдық қағидаға бағынбаудың ақыры – қатер. Ғаламдық қағиданы өз ыңғайына бейімдеу – наразылық басы. Наразылық та, қатер де түптің-түбі жақсылыққа апармайтынына көзіміз жетіп келеді. Қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде түс көру, қазақ тілінде ойлап, қазақ тілінде мемлекет ісін жүргізу міндеті мен жауапкершілігі пешенесіне жазылған бүгінгі ұрпақ ұлт пен ұлыс тұтастығын сақтаудың, тәуелсіз Қазақ елінің өмір сүру қабілетін қамтамасыз етудің бірден-бір өміршең үлгісі мен өріс кеңейтер қағидасы да осы демократия дейтін аса нәзік, алмастай өткір құралды қалай пайдалана білуімізге тікелей қатысты екенін жан-жүрегімізбен сезіне түсудеміз. Жалпы, Қазақстанның 7 жарым миллионнан асып жығылар қомақты бөлігінің мүддесін қорғайтын, сол ел-елде, жер-жерде тұрып жатқан ауыл, село, шағын селолық кенттердегі отандастарымыздың, турасын айтсақ, күнге күйіп жер еміп, желге тотығып жүрген қаракөздеріміздің тағдыр-талайын таразыға салған баламалы негізде өткен бұл сайлауға бұрынғы әкімдермен қатар, біраз жаңа, жас есімдер де еркін келіп, өз бақтарын сынап бақты. Тіпті, кейбір округтерде күтпеген есімдер ат ойнатып, мәреге бұрын келіп те жатты. Жанама сайлаудың арқасында ел сайлаған аудандық мәслихат депутаттары өз құқықтары мен мүмкіндіктерін толық пайдаланды. Иә... «Көппен көрген – ұлы той», көптен күткен үлкен науқан әкімдіктен дәмелі біраз азаматтарымыздың көңілін күпті етіп, өкіндіргені де, опындырғаны да, біраз азаматтарымыздың жүрегін шымырлатып, тізесін дірілдеткені, салмақ жүктегені де рас. Қалай болғанда да, барынша құқықтық-демократиялық ұстанымға қазық байлап, конституциялық заң аясында өткен жергілікті әкімдердің сайлауы өз мәресіне жеткен болатын. 2013 жылдың 16 қаңтары күні «Еліміздің басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шығып, бірқатар министрліктер мен комитеттер қайта ұйымдастырылды. М.Тәжин Қазақстан Республикасының Мемлекет хатшысы қызметіне, Б.Сағындықов Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі қызметіне, М.Құл-Мұхаммед Мәдениет және ақпарат министрі қызметіне, Е.Досаев Экономика және бюджетті жоспарлау министрі қызметіне тағайындалды. «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратында Қазақстан Президенті партия Төрағасы Н.Назарбаевтың қатысуымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысы өтті. Отырыста «Нұр Отан» партия Төрағасының бірінші орынбасары қызметіне Бауыржан Байбек тағайындалды. *** Көріп отырсыздар, Елбасы белгілеп берген желкенді жеті бағыт арада өткен үш жылдан астам уақыт ішінде ел экономикасы мен әлеуетінің қанат жайып дамуына мол мүмкіндік берді. Әсіресе, бұл бағыттағы атқарылған істер алты құрлық аясын қыспаққа алып, жер үсті тіршілігін қиындатып жіберген қаржы дағдарысы тұсында ел тұрмысының тұралап қалуына жол бермегені бәріміздің жадымызда. Әрине алып дүниенің бір бүтін, бір тұтас ғалам екені қалай ақиқат болса, сол алып ғаламда болып жатқан күнгейлі, көлеңкелі құбылыстар мен оқиғалардың жұмыр жердің кез келген бұрышына, кез келген еліне салқынын тигізбеуі мүмкін емесі де сондай шындық. Бұл, әсіресе, қазіргідей жаңа дәуір қалыптастырып отырған жаһандану жағдайындағы аса күрделі өмір, заман мінезі екені айтпай белгілі. Бұл тығырықтан әлемді тек тең дәрежелі, тең иықты келіссөздер мен шебер мәмілегерлік қана алып шығатынына көзіміз жетіп келеді. Осы ретте Қазақстан атынан өркениеттер өрісін тарылтпай мүдделер мен мақсаттардың үддесінен шыға отырып, Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі, Еуропалық комиссияның вице-президенті Кэтрин Эштонды, сондай-ақ Иран Ислам Республикасы Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Саид Джамалиді қабылдауы екі ғасыр тоғысындағы мәмілегерліктің жаңа тынысын ашқан тарихи қадам болғанын үлкен дүние лажсыз мойындады. Осы кездесулердің нәтижесінде Алматы қаласында Иран және Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер жүргізуші елдер «алтылығының» екі раундпен, сондай-ақ Ауғанстан мәселесі бойынша Ыстанбұл процесіне қатысушы елдердің министрлік конференциясының өткізілуі әлемдік деңгейдегі дипломатияның жетістігі мен жеңісі болғаны белгілі. Қазақ елінің Президенті Ұлы дала төсінде көк туын көтерген күннен бастап, Алаштың ата жұрты бейбіт сүйгіш ел екенін дәлелдеп келеді. Бұл – біздің халқымыздың бойына ондаған ғасырлар дарытқан өмір сүрудің өрісті, өркенді үлгісі. Осы қалып, осы үлгі, осы қасиет біздің жұртымызды ондаған ұлы қырғындар мен сандаған соғыс өртінен тізесін бүктірмей, намысын ықтырмай аман алып шыққанын тарихтан жақсы білеміз. Өйткені, біздің халық – осынау ұлы байтақты семсердің жүзі, найзаның ұшымен ғана қорғамаған, қажетті жерінде ақыл мен парасатты іске қосып, сөз дейтін ұлы құралды да шебер пайдалана білген әрі жауынгер, әрі мәмілегер ел. Тұрлаулы тарихтың еншісіне айналып бара жатқан 2013 жылдың айдынды кеңістігіне көз жүгірте отырып, Тәуелсіз Қазақстанның ұлы тарихына енер әлденеше екіжақты қарым-қатынастардың жүзеге асқанын зор ризашылықпен айтқымыз келеді. Осы жыл ішінде Қазақ елінің басшысының 7 шетелдік сапарда (3 ресми, 4 жұмыс сапары) болған. Бұл барған елдердің қатарынан Қытай, Ресей, Өзбекстан, Монако, Испания, Иран секілді әлем назарында тұрған елдер бар. Әсіресе, Қазақстан секілді екі мәдениет пен екі өркениеттің шекарасында орныққан, күрделі геосаяси кеңістікте өмір сүріп жатқан жері кең, халқы аз, ұлттық құрамы әр текті мемлекет үшін мұндай беделді байланыстардың қажеттілігі еш дау тудырмаса керек. Іргеңнің беріктігі жақын көршіңмен тату, алыс көршіңмен сыйлас болуға байланысты екенін 2013 жыл ашық дәлелдеді. Біздің жадымызда ел Тәуелсіздігінің 22 жылы, міне, осындай қазыналы мінезімен, қабырғалы іс-әрекетімен қалары шүбәсіз. Нұрлан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты