Қызылордада VIII «Байқоңыр Инвест» форумы болды
Қызылордада «Байқоңыр Инвест» инвестициялық форумы болды. Осымен сегізінші мәрте өткен форумға Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Альберт Рау, бірқатар бизнес қауымдастықтар мен бірлестіктердің, банк саласы мен барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың, ұлттық және шетелдік компаниялардың, Ресейдің, Германияның, Швейцарияның, Францияның, АҚШ-тың және Қытайдың халықаралық қаржы институттарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ Әзербайжанның, Белоруссияның, Бельгия Корольдігінің өкілдері мен Өзбекстанның ресми делегациясы форумда талқыланған мәселелерге үн қосты. Форум жұмысына «Қашаған» кен орнын игеру жобасының негізі операторы – «NCOC» компаниясының делегациясы да келді.
Мүмкіндіктер мекені
Кезекті инвестфорум аясында «Инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері», «Инвесторлар үшін жаңа келешек» тақырыптарында пленарлық отырыстар мен «Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперациясы», «B2B кездесу форматындағы халықаралық ынтымақтастық» бағыттары бойынша секциялар жұмыс істеді. Пленарлық отырыста қаржы институттары шағын және орта бизнесті қаржыландыруға арналған ұзақ мерзімді жобаларын таныстырды. Сондай-ақ, экономиканың басымдыққа ие салаларындағы өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Модераторлық тізгін халықаралық «Эксперт» журналы бас редакторының орынбасары Александр Ивантердің қолында болды. Мәжілісті ашқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр еліне келген қонақтарға жылы лебізін білдіріп, ұзақ мерзімді әріптестікке бастайтын дәстүрлі форумның мүмкіндіктерін атап өтті. Аталмыш жиынға 11 елдің өкілдерінің қатысуы Қызылорда облысына инвестиция салуға қызығушылардың қатары уақыт өткен сайын артқанын айғақтайды. Сондай-ақ, «Қашаған» кен орнын игеру жобасының бас операторы – «NCOC» компаниясының делегациясымен кездесу өңірдегі мұнай сервистік және мердігер компанияларға жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Жалпы Сыр өңірі – туристік саланы дамытуға аса қолайлы аймақ. Көлік-логистикалық инфрақұрылым дамыған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының 812 шақырымы, темір жол, мұнай, газ құбырлары облыс аумағынан өтеді. Байқоңырдағы 2, Қызылорда қаласындағы 1 әуежай кез келген ұшақты қабылдай алады. Елбасы бастамасымен қолға алынған индустриялық-инновациялық бағдарлама шикізатқа тәуелділіктен біртіндеп арылып, өңір экономикасын әртараптандыруға жол ашты. Шикізаттық емес секторды дамыту қарқыны бойынша Қызылорда облысы еліміздегі маңдайалды аймақ болып отыр. Соңғы 3 жылда өңдеу өнеркәсібінің үлесі 3 есеге, экономика секторындағы еңбек өнімділігі 4 есеге артты. Өңдеу секторының осы жылғы 9 айдағы өсімі 16,3 пайызды құрады. Нәтижесінде, өндірістік құрылымдағы өңдеу секторының үлесі 18,9 пайызға дейін артып, 2012 жылмен салыстырғанда 4 есеге ұлғайды. Бұл – экономиканы әртараптандырудағы алға қадам басудың айғағы. Қазақстан әлем бойынша уран өндірушілердің көшін бастап тұрса, Қызылорда облысы сол көлемнің жартысын өндіреді. Ауыл шаруашылығының қарқынды дамуын күрішшілердің 4 жыл қатарынан рекордты өнім жинағанынан-ақ аңғаруға болады. Өткен егін маусымында күріштің ирандық сұрпы, голландтық көкөніс түрлері егілді. Елбасы былтыр ғана қол қойған «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заң ел экономикасына инвестиция салу арқылы инфрақұрылымдарды дамытуды және халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуды көздейді. Осы заң аясында аймақта «Қорқыт ата әуежайының жолаушылар терминалын салу», «Кәсіптік-техникалық лицей құрылысын салу», «Қызылорда қаласында 250 орындық емхана салу» жобаларына конкурс жарияланбақ. Өңір басшысы инвесторларды конкурсқа қатысуға шақырды. Сонымен қатар, Қырымбек Елеуұлы аймақтың инвестиция салуға, бизнесті өркендетуге қолайлы артықшылықтарын атап өтті. Қазақстан – Ресей үкіметаралық комиссиясының 4-отырысында «Байқоңыр» кешеніндегі 14 нысанды Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне беру туралы шешім қабылданды. Өндірістік алаңдар, дүкендер мен тұрғын үйлер, түрлі әлеуметтік нысандар қазір бос тұр. Осы нысандар негізінде шағын және орта бизнесті дамытуға зор мүмкіндік бар. Бүгінде облыстың барлық аудандарында және Қызылорда қаласында индустриялық аймақтар құрылған. Қызығушылық танытушыларға барлық инфрақұрылымы жеткізілген жер телімдері беріледі. Сыр өңірінде жыл он екі ай күн ашық деуге болады. Бұл – жел және күн энергиясын пайдалануға аса қолайлы мүмкіндік. Облыста инвесторлар мен кәсіпкерлерге бір жерден қызмет көрсететін, инженерлік инфрақұрылымдарға қосылуға техникалық құжат беретін орталық жұмыс істейді. Елімізде экономиканың тиімділігін арттыру үшін жүргізіліп жатқан жекешелендіру бағдарламасы аясында инвесторлар тартуға мемлекеттік активтер бәсекелестік ортаға шығарылады. Форумда сөз алған Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Альберт Рау Қызылорда облысының құрылыс қарқынын, инвесторларға қолайлы жағдай жасау талпынысын жоғары бағалады. Еліміздің инвестициялық саясатының басты бағыттарына тоқталды. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы ауқымды бағдарламаның іргетасын қалады. Ал екінші бесжылдықта экономиканы әртараптандырудың алғашқы нәтижелері көріне бастады. Қазіргідей ерекше экономикалық кезеңде жүзеге асқан жобалардың бәсекеге қабілеттілігі байқалады. Вице-министр инвесторлар сарабына 4 мақсатты секторды ұсынды. Машина жасау, химия өндірісі, агроөндіріс кешені және сауда салаларына инвестиция салудың тиімділігі артып отыр. А.Рау Қызылорда облысында жүзеге аса бастаған «Кальцийлендірілген сода шығару» жобасы, шыны зауыты химия өндірісіне ерекше серпін беретінін, сондай-ақ, Байқоңыр қаласында өндірісті, шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты жобаларға қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Құйылған қаржының қайтарымы бар
Ауыл шаруашылығындағы артықшылықтар
VIІI «Байқоңыр Инвест» инвестициялық форумының «Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперациясы» аясында өткен күріш және ет, мал шаруашылығы секциялық отырысында мемлекеттік органдардың, республикалық және халықаралық ғылыми, бизнес-ұйымдардың өкілдері баяндама жасады. Секция жұмысына ғалымдар, инвесторлар мен ауыл шаруашылығы тауарларын жабдықтаушылар, ресейлік және өзбекстандық мамандар және аймақтың ауыл шаруашылығы қызметкерлері қатысты. Шара барысында секция төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов бүгінгі күнге ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің басым бөлігі майда шаруа қожалықтары мен жекелеген адамдардың үлесінде екенін айтты. – Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша, ауыл шаруашылығының жалпы өндірісінің 45,7 пайызын үй іргесіндегі бау-бақша секторы, 31,1 пайызын шаруа қожалықтары, қалғанын ауыл шаруашылығы кәсіпорындары егеді екен. Мұндай үдеріс біздің облыста да қалыптасып отыр. Бұл, әсіресе ет пен сүт өндіруде байқалады. Мысалы, біржылдық есеппен салыстыратын болсақ, былтыр 33,0 мың тонна ет өндірілсе, оның 86,5 пайызы, ал өндірілген 87,5 тонна сүттің 85,4 пайызы жеке секторлардың үлесінде. Сондықтан, қазіргі кездегі мақсат жеке секторды ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру болып отыр, – деді ол. Айта кетер жайт, биылғы жылдың 1 қаңтарында күшіне енген «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңын түсіндіру мақсатында жұмысшы топ құрылған болатын. Жұмыс тобы аудандарда, ауылдық округтерде шаруашылық өкілдерімен кездесіп, кооперациялаудың тиімділігін жеткізген еді. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары кооперативке бірігу арқылы өнім өндіруші майда шаруашылықтардың лизингке техника мен жабдықтарды, субсидия және несие алуға мүмкіндігі арта түсетіндіктері туралы айтты. Секция отырысында сөз алған «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Наметов «Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік қолдаудың жаңа саясаты» тақырыбында баяндама жасады. Онда агроөнеркәсіп кешені саласына мемлекет тарапынан басым бағыттар берілгенін, ауыл шаруашылығының мемлекеттік қолдаудың барлық түрімен қамтылғанын айта келіп, жаңа саясаттың өзекті тұстарын түсіндіріп өтті. Мұнан соң облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов аймақтағы жаңадан құрылған өндірістік кооперативтер мен АӨК дамуының рөлі жайында баяндама жасаса, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы директоры Бақытжан Әбиев «50 ауыл» жобасы жайын тарата айтты. Ал қызылордалық «Іскер-М» серіктестігінің директоры Ержан Сүгіралин Сырдың бал татыған сары қауыны мен қара күләбісі көршілес елдерде зор сұранысқа ие екенін жеткізді. Бір кездері еліміздің абыройын еселеген қаракөл елтірісі бүгінде емге тапшы. Бұл жөнінде белгілі ғалым, академик Хисметолла Үкібаев өз баяндамасында айтып өтті. Спикерлер қатарында ауылшаруашылық техникалық көліктерін және құралдарын шығарумен танымал қостанайлық «Спецстальконструкции» компаниясының директоры Николай Феленчук пен ресейлік «Селхоз Лидер» компаниясының өкілі Анастасия Обидина да болды. Олар өз компанияларындағы ауылшаруашылық техникаларының заманауи мүмкіншіліктерімен таныстырып, шағын зауыттардың жұмыс тәсілін, өнім шығарудағы артықшылықтарын баяндады. Сонымен қатар, өзбекстандық ауылшаруашылық көлігін шығарушы кәсіпорын мамандары өнімдерін бейнеролик арқылы көрсетіп, техникалар құнының қолжетімділігін, сапалы және нарыққа белгілі екендігін айтты. Секция жұмысы соңында іскерлік аясында бірнеше меморандумдарға қол қойылды. Атап айтсақ, «Мирас» сауда үйі мен Өзбекстан Республикасы «Узтадбиркорэкспорт» акционерлік қоғамы арасында, Қызылорда қаласы әкімдігінің қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мен «Ман Авто Узбекистан» ЖШҚ арасында, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ мен «Узавто Трейлер» жауапкершілігі шектеулі қоғамының және «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ мен «Ман Авто Узбекистан» ЖШҚ кәсіпорны арасында бірлескен экономикалық ынтымақтастық келісімдері жасалып, серіктестер жаңа жобалар бойынша бірлесіп жұмыс жасайтын болады.Ықпалдастық ынтымаққа бастайды
VІІІ «Байқоңыр Инвест» инвестициялық форумы аясында B2B кездесу форматындағы халықаралық әріптестік мәселелері талқыланды. Осыған дейін облысқа әртүрлі қаржы ұйымдарынан 100 миллиард теңгеден астам қаржы тартылып, көптеген игілікті жоба жүзеге асты. Солардың арасынан «Шалқия» тау-кен металлургия кешені, шыны және цемент зауыттарын атап өтуге болады. Форум секциялары аясында B2B форматындағы бизнес ынтымақтастықтың барынша пайдалы жолдарын талқылаудың сәті түсті. Шетелдік инвесторлар облыстың шағын және орта кәсіп иелеріне өз өндірісін таныстыруға мүмкіндік алды. Сұхбат алаңы қос тарап үшін де пайдалы болды. Жасы жетпістің үстіндегі Сүйіндік Аманжолов форум өтетінін естіп, Шиелі ауданынан арнайы келіпті. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде «Даму» кәсіпкерлікті қолдау орталығы арқылы 3 миллион теңге қайтарымсыз несиеге қол жеткізген ол бүгінде отбасылық кәсіпті дөңгелетіп отыр. 2014 жылдың мамыр айынан бастап сол қаражат есебінен инкубациялық аппарат, тірі балық тасымалдайтын автокөлік, контейнерлер сатып алды. Осыдан кейін Алматыдағы Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдарымен тәжірибе алмасып, уылдырықтан шабақ шығару технологиясын іске қосты. – Инкубациялық балық өсіру цехында бірнеше балық түрлерінің уылдырықтарынан балық өсіріп, балық шаруашылығын дамытуға үлес қосып келеміз. Қосымша, қаз, үйрек, қырғауыл жұмыртқаларынан балапандар шығарылуда, – дейді «Сүйіндік» шаруа қожалығының төрағасы. Ақсақал инвестфорум нәтижесінде кәсібін алға жылжыту үшін тиімді инвестор табылып қалар деген ойда. Өзге мемлекеттерден келген бизнес өкілдерінен кеңес алудың өзі – ол үшін үлкен мүмкіндік. Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылында тұратын Роза Әлибатырова қарамағына жүзден астам шәкірт жинап, жас ұрпаққа қазақтың қолөнерін үйретіп келеді. – Мақсатым – түкті кілем тоқу өнерін жоғалтпау, ұмытылып бара жатқан ұлттық дәстүрді қайта жаңғырту, – дейді ол. Ауылдағы еңбекке епті қыз-келіншектерді осы кәсіпке баулып, жастардың қызығушылығын оята білген Роза апай шеберхана жұмысын дамытуды қалайды. Аталған мақсатта форумға қатысып, Азия даму банкі өкілдерімен кездесті. Банк тарапынан кәсіпкерлерді қолдау үшін несие беру мүмкіндігі қарастырылған. Ендігі ретте қолөнерші ұсынысты ой елегінен өткізіп көрмек. Секция жұмысы барысында шетелдік меймандар дәстүрлі инвестфорум туралы әсерлерімен бөлісті. – Ресейдің инвестициялық белсенді аумақтарының арасынан Қызылорда облысы секілді жылына екі мәрте инвестициялық форум өткізетін белсенді аймақты атау қиын, – дейді халықаралық «Эксперт» журналы бас редакторының орынбасары Александр Ивантер. Америкалық «AECOM» компаниясының аймақтық директоры Марина Костанян да форумның тараптар үшін тиімділігін тілге тиек етті. – Шараның жоғары дәрежеде ұйымдастырылғаны және ауқымды түрде өткені көңілге қонады. Өзім бірінші рет қатысып тұрмын. Қызылорда көзтартар көркімен, халқы қонақжайлығымен бірден баурап алды. Бүгінгі жиында серіктестермен кездесіп қана қойғанымыз жоқ. Облыс әкімдігі қажетті әрі тиімді байланыстар орнатуға мүмкіндік жасады, – дейді Марина Костанян. Осылайша, кезекті инвестициялық форум өз мәресіне жетіп, жүктелген міндетті толық атқарып шықты. Сондай-ақ, өңірді дамытуға байланысты бірнеше меморандумдарға қол қойылды. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» ҚЫЗЫЛОРДА