23 Қараша, 2016

Мәңгілік Елдің мерейін жастар үстем етеді

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қостанайда «Менің елім – Мәңгілік Ел!» республикалық акция­сы аясында облыстық патриоттар форумы өтті. Оған жастармен қатар аға ұрпақ өкілдері қатысты. Еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдық тойына дейінгі 25 жұлдызды күннің басталуы қостанайлық жас патриоттар форумы өткен күнге тұспа-тұс келді. Бұл мереке ел тарихындағы ірі оқиға. Сонымен қатар, Елба­сы Нұр­сұлтан Назарбаевтың басшылығымен 25 жылда елімізде бұрын-соңды бол­маған жетістіктерге қол жетті, тарих дамуының өлшемімен қарағанда, осынша аз уақытта Қазақстан деген елді әлем танып үлгерді. Мәңгілік Ел идеясы да Тәуелсіздік тұғырын бекіте түсуді меңзейді. Облыстан облысқа беріліп келе жатқан «Мәңгілік ел жастарының жетістіктері кітабында» Тәуелсіздік жылдары жастар атқарған істер, олар­дың еліміз дамуына үлесі айқын көрініс табады. Осы форумда об­лыс әкімі Архимед Мұхамбетов фо­рум­ға жиналғандарды алдымызда келе жатқан ұлық мереке – ел Тәуел­сіздігімен құттықтады. – Жетісудан басталған эстафета Қостанайға да келіп жетті. Тәуелсіздік жылдары облыс жастарының қандай жетістікке жеткені кітапқа толтырылады. Біздің өңірде тамаша дәстүр қалыптасқан еді. «Қостанай облысы жастарының Алтын кітабына» осы күнге дейін өмірдің әр саласында жетістікке жеткен облыстағы 72 жастың есімі алтын әріппен жазылған. Олардың өндірісте, бизнесте, өнер мен спортта, әлеуметтік салада жұлдызы жарқырады. Елге қызмет етудің үлгісіне айналды. Сонымен қатар, Тәуелсіздік жылдары мемлекет тарапынан жастарға жасалған қамқорлық та аз болған жоқ. «Бо­лашақ», «Жұмыспен қамту­дың жол картасы-2020», «Диплом­мен – ауылға!» сияқты көптеген бағ­дар­ламалар арқылы жастар өз мүм­кін­діктерін кеңейте түсті. Бола­шақта олар жеткен табыстар арқасында Қазақстан мойыны озық 30 елдің қатарынан орын алатын болады, – де­ді Архимед Бегежанұлы. Қазақ­стан Тәу­елсіздігінің 25 жылдығы та­қы­­ры­­бына арналған видеороликтер об­­­лыс­­тық байқауының жеңімпаз­да­ры­на облыс әкімі жүлделер табыс етті. Форумда ардагер Кенжебек Үкин, Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының көшбасшысы Максим Споткай форумға қатысушыларды құттықтады. Кенжебек Үкіұлы Тәуелсіздіктің арқасында жаңа елге айналғанымызды, көк Туымыздың БҰҰ төрінде желбіреп тұрғанын тілге тиек етті. Жалпы, еліміз Тәуел­сіздігінің қолға қонуына жастардың үлесі аз емес екенін де айтып өтті. –  Күлтегін бабамыз VIII ғасырда Мәңгілік ел өсиетін тасқа қашап жазып кеткен еді, оны Елбасымыздың бастауымен бүгінгі ұрпақ құрды. Жастар Мәңгілік Елді алға апарады. Мәңгілік ел болу үшін алдымен бүгінгі ұрпақ Отанды, жерді, елді, дәстүр мен тілді сүюі керек, – деді Кенжебек Үкіұлы. Тәуелсіздік жылы туған ұландар қазір 25 жасқа толды, олар білім алып, бір-бір мамандық иесі атанып, елге қызмет етіп жүр. Сахнаға Тәуелсіздіктің қостанайлық құрдастары шақырылды. Солардың бірі «Қостанай облысы жастарының Алтын кітабының» лауреаты Олжас Дүйсеков форумға қатысушы жастардың Елбасына үндеуін оқыды. Қостанай жастарының Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері баян етілген мерейтойлық кітап Павлодар облыстық «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Жақия Қайратқа салтанатты түрде табыс етілді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ
Соңғы жаңалықтар

Құтты мекен – Түгіскен

Руханият • Бүгін, 08:25

Ән аламаны әуеледі

Аймақтар • Бүгін, 08:12

Тобыл өңіріндегі тазалық акциясы

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:10