23 Қараша, 2016

«APCO Worldwide» – америкалық павильонды ұйымдастырушы компания

308 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
100-851Қазақстан Республикасының Вашингтондағы елшілігінде АҚШ Мемлекеттік департаментінің Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінде америкалық павильонды ұйымдастырушы компанияны таңдау жөніндегі тендердің қорытындылары  жарияланды. Мемлекеттік департамент  «APCO Worldwide» консалтингтік компаниясын осы міндетті атқаруға лайық деп тапты. Іс-шара барысында АҚШ-тың Энергетика министрі Эрнест Мониз, АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия мәселелері жөніндегі көмекшісі Ниша Бис­вал, Америка-Қазақстан іскерлер ассоциациясының атқарушы директоры Сара Фриз сөз сөйлесе, Американың іскер және ресми топтарының, қоғамдық ұйымдарының өкілдері де өздерінің ойларын ортаға салды. Мемлекеттік хатшының көмекшісі Н.Бисвал Қазақстан мен АҚШ қатынастарының одан әрі дамуында ЭКСПО айтарлықтай рөл атқаратынын және оның америкалық компа­ния­ларға болашақ энергиясын пай­даланудағы технологиялық жаңа­лықтарын көрсетуге мүмкін­дік беретінін атап өтті. Сөйтіп, АҚШ өзінің павильонын ұйым­дастырушы компанияны анық­тап, Астанадағы ЭКСПО көр­месіне қатысуға белсенді ат­салыса бастады. Америкалық дип­ломаттың сөзіне қарағанда, бұл Қазақстанмен ынтымақ­тасуға мүдделі жекеменшік компа­ниялардың қаржылай көмегінің арқасында мүмкін болған. Энергетика министрі Э.Мо­низ энергетика, ядролық қауіп­сіздік және таратпау сала­ларындағы екіжақты страте­гиялық әріптестікті жоғары бағалап, Қазақстан осы салаларда АҚШ-тың маңызды әріптесі болып табылатынын атап өтті. Ол өзінің сәуір айындағы Астанаға сапарын жылылықпен еске алып, Қазақстанға қонақжайлылық танытқаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол Қазақстанда өтетін көрменің инновациялық бағыты мен ЭКСПО-2017 көрмесінің «Болашақтың энергиясы» тақырыбының өзектілігін қанағатпен атап өтті. Энергетика министрі АҚШ-тың ұлттық павильонында Американың ғылыми-техникалық жетістіктері көрініс табатынына да назар аударды. «APCO Worldwide» компания­сы жеңімпаз деп танылғаннан кейін оның басшысы Марджери Краус: «Ұлттық павильонды ұйымдастыру құрметті миссиясын атқаруға тағайындалуымыз біз үшін үлкен абырой», деді. Ол, сонымен қатар, павильонның тұжырымдамасын жасауға, тәжірибелі әріптестері тартылатынын да атап көрсетті. Сонымен, павильон жасақтау ісіне құлшына кірісетін персоналдың да дайын тұрғаны белгілі болды. Ал – «The source of infinite energy» («Қуаттың таусылмас қайнар көзі») деп аталмақ. Жақын арада Мемлекеттік хат­шының саяси мәселелер жөнін­дегі орынбасары Томас Шэ­нон бастаған делегация Аста­нада сапармен болып, Амери­каға арналған павильонды қа­рап шықты. Дипломат ғима­рат­қа ризашылығын білдіріп, амери­калық тараптың көрмеге дайын­дықты бастау үшін бюро­кратиялық рәсімдерді тездете­тінін жария етті, деп хабарлады «Астана ЭКСПО-2017» компа­ния­сының баспасөз қызметі.