2008
* 8 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР астанасы Бейжіңде өткен ХХІХ жазғы Олимпия ойындарының салтанатты ашылуына қатысты. Төрт жылдықтың ең басты спорттық жарысының ресми ашылу салтанатына әлемнің 80-нен астам елінен мемлекет және үкімет басшылары келді. Осы Олимпия ойындарында қазақстандық спортшылар спорттың 6 түрінен 13 медаль иеленді.
* 13 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында осы елдің Президенті Құрманбек Бакиевпен кездесті.
* 25 тамызда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Сыртқы істер министрлері кеңесінің ІІІ отырысы өтті. Алқалы жиын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кіріспе сөзімен ашылды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 26 тамыз күнгі нөмірінде «Нұрсұлтан Назарбаев: Сыртқы саясаттағы жалғыз дұрыс қағида – төзімділік пен жауапкершілік, үнқатысу» тақырыбымен мақала жарияланды.
* 28 тамызда Тәжікстан астанасы Душанбеде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-елдер басшыларының саммиті өтті. Отырыста Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Мемлекет басшысы ұйымның даму қарқынына және алға қойылған міндеттердің шешілу барысына қанағаттанатындығын білдірді. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік пен тұрақты дамуға қатер төндіретін бірқатар мәселелерді атап көрсетті.
* 3 қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен елімізге келген Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Президенті Хорст Келермен кездесті. Президенттер саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша екіжақты келіссөздер жүргізді.
* 5 қыркүйекте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу қаласында болып, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) отырысына қатысты.
* 22 қыркүйекте Ақтөбе қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің қатысуымен екі елдің шекаралас өңірлері басшыларының V форумы өтті.
* 5 қазанда Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс Қазақстанға бір күндік, яғни қысқа мерзімді ресми сапармен келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Мемлекеттік хатшысымен Ақордада кездесіп, келіссөз жүргізді. Тараптар халықаралық, аймақтық мәселелердi талқылады. Кездесуде Қазақстан-АҚШ қатынастары көпсалалы екені, арада ешқандай түсінбеушілік жоқ екені сөз болды.
* 10 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бішкекте өткен ТМД-ға мүше-мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысына, сондай-ақ, ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесі және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуіне қатысты. Саммит қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжаттар қабылданды. Олардың арасында Достастықтың аймақ-аралық және шекара ынтымақтастығы жөніндегі кеңесі туралы келісім, есірткі заттарымен, психотроптық заттармен және олардың прекурсорларымен күресудегі ынтымақтастықты жандандыру туралы Бірлескен мәлімдеме де бар.
* 13 қазанда Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазына» тұрақты даму қоры мен «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару холдингі біріктіріліп, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры құрылды.
* 14 қазанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде алғаш рет қазіргі заманғы технологиялар көмегімен салынған Астана-Щучье автобанының ашылу рәсіміне қатысты.
* 31 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Вэнь Цзябаоны қабылдады. Тараптар саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.
* 6 қарашада Астанада «Нұр Отан» партиясының бастамашылығымен жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі форум болып өтті. Форумда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Форумда Елбасы: «Жемқорлық – мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет», – деп атап көрсетті. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 7 қараша күнгі нөмірінде «Бұл – намыстың ісі» тақырыбымен мақала жарық көрді.
* 21 қарашада Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Президент жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесінің алғашқы пленарлық отырысы өтті. Жиында мемлекет пен бизнестің бірлесуі нәтижесінде қаржы дағдарысынан шығуға байланысты өзекті мәселелер талқыланды.
* 2 желтоқсанда 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы Үкімет қаулысымен бекітілді.
* 10 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Кодексіне қол қойды.
* 15 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайында ел Тәуелсіздігінің 17-ші жылдығына байланысты өткізілген салтанатты жиында сөз сөйледі. «Біз бүгін Тәуелсіздік мерекесін тұңғыш рет Астананың елордалық сипатын аша түсетін аса айшықты нысан – Тәуелсіздік сарайында қарсы алып отырмыз. «Қазақ Елі» мемориалдық кешенін, Бейбітшілік пен келісім сарайын және Тәуелсіздік сарайын бүгінгі Қазақстанның ажырамас ең қастерлі үштаған символдық белгісі деп айтуға болады. Елорданың бұл жаңа нысандары – бабаларымыз бізге аманат етіп қалдырған қасиетті атамекенге, бүгінде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп, халықтар достығы, бейбітшілік пен келісімді ту еткен Отанымызға деген ортақ тағзым мен құрметті білдіреді», – деді өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
* 25 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Бәсекелестік туралы» Заңына қол қойды.
* 29 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылды қорытындылап, еліміздің жетекші БАҚ басшыларына сұхбат берді. Әңгіме барысында Президент 2008 жылдың қауырт шаруаларға толы болғанын, қолға алынған шаралар еліміздің дағдарыс салдарын сәтті еңсеруге септігін тигізгенін айтып, оған нақты мысалдар келтірді.