23 Қараша, 2016

Еріктілер еңбегі еленді

666 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Дүниежүзілік еріктілер күні қарсаңында Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Қазақстан жастар конгресі бірлесе отырып, «Үздік волентер-2016» байқауының жеңімпаздарын анықтады. Елордадағы Елбасының кітапханасында өткен шарада министр Нұрлан Ермекбаев қоғамның үздік белсенді жастарын марапаттап, еріктілердің ерік-жігерін жаныды. Байқау ұйымдастырудағы басты мақсат – жыл он екі ай бойы сан түрлі қоғамдық шаралардың мерекелік леппен, жоғары деңгейде өтуіне үнемі ат салысып жүретін еріктілер ұйымдары мен еріктілердің араларынан үздіктерді анықтап, еңбектерін ескере отырып, өзгелерге үлгі ету болатын. Еліміздің ең белсенді әрі ең мақтаулы еріктілерін марапаттау рәсімінде сөз алған министр Нұрлан Байұзақұлы волентерлік қызметтің арман, мақсаттарды жүзеге асыруға таптырмас мүмкіндіктер беретінін атап өтті. «Еріктілік – адамдар алдында ғана емес, өзіңнің алдыңдағы да үлкен жауапкершілік. Волонтер болу, тек шығармашыл болумен немесе белсенді іс-әрекетпен шектелмейді. Ондай болу үшін батыл мінезді әрі соған лайықты болуың керек. Шын жүректен жұмыс жасайтын барлық еріктілер – ерік-жігері мол, шынайы әрі ашық жандар. Біздің қоғамдағы әрбір ерікті әркез құрмет пен қолдауға тұрарлық жастар өкілдері», – деді министр. Содан кейін Н.Ермекбаев респуб­лика өңірлерінен байқауға қатысқан 150-ден астам үміткер ішінен іріктеліп, I орынға лайық деп танылған Латиф Парпиев пен Аружан Құрымбаеваны және «Болашақ» волентерлік орталығын бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ, біздің қоғамда көп ретте еріктілердің еңбегі елеусіздеу қалып жатқанымен, олардың идеологиялық үгіт-насихат жұмыстарындағы қыз­ме­тінің маңызы орасан екендігін атап өт­кен Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкенұлы жеңімпаз жастарды құттық­тап, қуанышына ортақтасты. Ол өз сө­зінде еліміздегі ерікті жастардың осы күндердегі қозғалысы қоғам назары­нан тыс қалмай, керісінше, алыс ауылдар мен шалғай елді мекендерде де қызу қолдау тауып отырғандығын тілге тиек етті. «Әсіресе, Мемлекет басшы­сы біздің жастарымызға қарата айтқан ізгі тілекке толы сөздері мен олар­дың мақсат-міндеттерін айқындауға қатысты озық ойлары кейінгі тол­қын іні-қарындастарымызды жігерлен­діре түсетіні сөзсіз. Оның үстіне Пре­зидентіміз жаңа заманның жас буындарына сенім артып, болашақтарынан зор үміт күтеді. Сондықтан да осы сенім үдесінен шығу үшін жастарымыз білімді әрі белсенді болуы керек деп ізгі ниетін білдіріп, жеңімпаздарға тиесілі жүлделерін табыстады. Айта кетейік, бүгінгі таңда еліміздің барлық аймақтарында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі мен Алматыда өтетін Универсиадаға еріктілерді дайындау клубтары қызу жұмыс жүргізуде. Осындай шараларды қолдап, қуаттау мақсатында ұйымдастырылған бұл байқаудың жалпы жүлде қоры 360 мың теңгені құрады. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар

Құтты мекен – Түгіскен

Руханият • Бүгін, 08:25

Ән аламаны әуеледі

Аймақтар • Бүгін, 08:12

Тобыл өңіріндегі тазалық акциясы

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:10