15 Наурыз, 2011

Штабта жұмыс қызған шақ

478 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сайлау өтер күн жақындаған сайын президенттіктен үміткерлердің штабтарында қарбалас тірлік қайнай түскен. Осы орайда біздің тілшіміз президенттікке кандидат ретінде  «Қазақстанның патриоттар партиясы»  қоғамдық бірлестігі ұсынған Ғани Қасымовтың Астанадағы сайлауалды штабының бас жетекшісі Гүлдана Нұртілесоваға бірнеше сауал қойған еді. – Сайлауалды үгіт-насихат жұ­мыс­тары қалай жүргізіліп жатыр? Жалпы, сіздің партияластарыңыз өз кандидаттарына қолдауларын қалай көрсетуде? – Қазіргі күні республика бойынша барлық облыстарда үміткерімізге қол­дау көрсететін штабтар құрылып, жұ­мыс жүргізіп жатыр. Ғани Есенгел­ді­ұлының сенім білдірілген адамдары бел­гілі, штабтардағы жұмыс тура қай­наған қазандай. Бір жағынан үгітші-насихатшыларымызбен, бір жағынан бай­қаушыларымызбен семинар-тренинг­тер өткізіп, енді бір жағынан БАҚ-тармен жұмысты да үздіксіз жүргізіп жатырмыз. Штабтағы телефондарға да дамыл жоқ, сайлаушылар хабарласып, өзде­рінің Ғани Қасымовқа дауыстарын бергілері келетіндіктерін айтуда. Олардың жас мөлшерлері де, мамандықтары да әртүрлі. Қариялар мен жастар, арасын­да ғалымдар, дәрігерлер, мұғалімдер, өнер адамдары да бар, көпшілік қолдауларын білдіріп жатыр. Сондай-ақ штабтарда отырған біздің кәсіби заңгерлеріміз азаматтарға қажетті кеңес беріп, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, заң аясында қандай қадамдар жасау керектігін айтуда. – Ал байқаушылар жұмысы жай­ында не айтасыз? – Әрине, сайлау деген байқау­ш­ы­лар­сыз өтуі мүмкін емес. Сондықтан біздің әрбір сайлау учаскелерімізде өз байқаушыларымыз болады. Жоғарыда олармен семинар-тренингтер өткізіліп жатқандығын айттым. Және де ол бай­қаушылар тек өзіміздің арамыздан шыққандармен шектелмей, үкіметтік емес ұйымдармен қатар, шетелден келгендермен толыға түспек. – Ғани Қасымовтың сайлау қоры құрылған ба? Үгіт-насихат жұмыс­та­ры тек мемлекет бөлген қаражатпен ғана жүргізіліп жатыр ма, әлде қордағы қаржы пайдаланылуда ма? – Мемлекет тарапынан заңға сәйкес бөлінген қаражаттың дені бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт-на­си­хат жүргізуге, өзге де үгіт мате­риа­л­да­рын шығарып, таратуға жұмсалып жа­тыр. Сосын біздің партия керемет бай партияның санатына жатпайды, сон­дық­тан, партия тарапынан бөлінген қара­жат жұмсалып және үгіт шаралары партиямыздың қарапайым мүшелерінен құрылған еріктілер күшімен өтуде. Олар шынымен тегін жұмыс істеп жүр. Нағыз еңбек солардікі, наурыз туған­мен, көктем келе қойған жоқ қой, еріктілеріміз ақ қар, көк мұзда уақытпен санаспай тынымсыз сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. – Ал  бұқаралық ақпарат құрал­дары тарапына айтылар реніш жоқ па, олардың тарапынан ешқандай алалау, әлде бір бүйрек бұру секілді жәйттер кездеспеді ме? – Ақпарат құралдарына үлкен риза­шы­лығымызды білдіреміз. Газеттер болсын, телеарналар мен  радио болсын, барлығының да сайлауалды үгіт науқа­нына араласуы өте жоғары деңгейде. Ол жағынан ешқандай олқылық жоқ. – Әңгімеңізге көп рахмет. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.