15 Наурыз, 2011

Кандидаттардың сайлауалды үгіт жұмыстары қалай жүзеге асырылады?

1008 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстан» газетінің сұрақтарына Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшелері, заң ғылымдарының докторлары Аманжол НҰРМАҒАМ­БЕ­ТОВ пен Виктор МАЛИНОВСКИЙ жауап қайтарады. – Президенттікке канди­дат­­тың өз кандидатурасын а­лып тастауға құқығы бар ма? – Президенттікке кандидат тіркеуге дейін кез келген уа­қыт­та және дауыс беруге екі күн қал­ғанға дейін Орталық сайлау ко­миссиясына бұл туралы жазбаша өтініш бере отырып өз канди­датурасын алып тастай алады. – Республикалық қоғам­дық бірлестіктің жоғары орга­ны Қа­зақстан Республика­сы­ның пре­зиденттігіне ұсынған кандидат туралы өз шешімін өзгертуге құқылы ма? – Республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы тіркеуге дейін және тіркеуден кейін кез келген уақытта тиісінше Ор­талық сайлау комиссиясына ұсы­ныс жасау арқылы президенттікке кандидат ұсыну жө­ніндегі өз шешімінің күшін жоя алады. Дегенмен, бәсеке­лестікке кепіл ретінде және «Сайлау туралы» Заңның ережесінде белгіленгеніндей, тіркеу мерзімі аяқталған­нан кейін кандидат­тар­дың шы­ғып қалуы нәтижесінде президенттікке екіден кем кандидат қалған жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы өз қаулы­сымен сай­лаудың мерзімін ұзар­та алады. – Қазақстан Республика­сы­ның президенттігіне ұсы­ныл­ған кандидат туралы шешім кү­­шін жойған немесе канди­дат­­тың өзі кандидатурасын алып тастаған жағдайда үміт­кер рес­пуб­ликалық бюджет шығы­ны­ның орнын толтыра ма? – Егер президенттікке кандидат өз кандидатурасын алып тас­таған немесе кандидатты ұсыну туралы шешімнің күшін жою осыған мәжбүр ететін себептерсіз жүргізілген болса, онда Ор­та­лық сайлау комиссиясы сайлау науқанын өткізуге респуб­ли­ка­лық бюджет қаражатынан жұм­­салған шығыстың бір бөлі­гін кан­дидаттың немесе тиісінше оны ұсынған қоғамдық бір­лес­­тіктің есебіне жатқызуға хақылы. – Қазақстан Республикасы­ның президенттігіне кандидаттар сайлау науқаны кезе­ңін­де атқарып жүрген қызмет­те­рінен уақытша босатыла ма? – Президенттікке кандидаттар олардың тіркелген күнінен және сайлаудың қорытындысы жа­рия­ланғанға дейін жұмыс­тары­нан, әскери қызметтерінен және әс­ке­ри жиындардан боса­тылады. Кан­дидаттың сайлау науқаны ке­зеңінде жұмыстан, әскери қыз­меттен және әскери жиындардан бо­сатылуын немесе босатыл­май­тындығын президенттікке үміт­кер­дің өзі шешеді. – Қазақстан Республикасы­ның Іс басындағы Президенті пре­зиденттікке бір уақытта кан­­дидат болып табылатын бол­­са, сайлауалды науқаны ке­зеңінде Мемлекет басшысы мін­детін атқарудан босатыла ма? – Босатылмайды. Қазақстан Республикасы Конституция­сы­ның 42-бабы 3-тармағына сәй­кес, республика Президентінің өкі­леттігі республика президенттігіне қайта сайланып, президенттік лауазымына кіріскен, сондай-ақ, президент лауазымы­нан мерзімінен бұрын босатыл­ған немесе оның қайтыс болған кезінен бастап тоқтатылады. Консти­ту­ция­ның 47-бабы 1-тар­ма­ғына сәйкес Қазақстан Рес­публикасының Пре­зиденті ау­руына байланысты өз қызметін жүзеге асыруға қа­білетсіздігі жағдайында лауа­зы­мынан мерзімінен бұрын босаты­луы мүмкін. Сонымен қатар, Негізгі Заңның 47-бабы 2-тармағын­да белгіленгеніндей, республика Президенті мемлекеттікке опа­сыз­дық жаса­ған жағдайда лауа­зымынан шеттетілуі мүмкін. Ел Конститу­циясында Қазақстан Рес­публи­ка­сының Президентін лауа­зымынан босату туралы бұдан басқа тәсілдер қарастырылмаған. – Cайлау науқаны бары­сында президенттікке канди­дат­тардың қызметіне қандай кепілдіктер белгіленген? – Президенттікке кандидаттар тіркелген күнінен бастап және сайлаудың қорытындысы жария етілгенге дейін оларды жұ­мыс­тарынан босатуға бол­май­ды. Сон­дай-ақ олар өздері­нің келісімінсіз басқа жұмысқа немесе өзге лауазымдық қыз­мет­ке ауыс­тырылмайды, іс­са­пар­­ға жіберілмейді, әскери жиын­дарға ша­қы­рылмайды. Пре­зиденттіктен үміт­керлердің сайлауға қатысу ке­зең­дері тіркелген күніне дейінгі ма­ман­дығы бойынша істеген жұмы­сы еңбек өтілі ретінде есептеледі. – Кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы деген не және оның мазмұны қандай? – Президенттікке кандидат­тың әрқайсысының болашаққа бағдарланған сайлауалды бағ­дар­­ла­масы болуы тиіс. «Сайлау ту­ралы» Заңда сайлауалды бағ­дар­ла­малардың мазмұны туралы арнайы талаптар белгіленбеген. Тәжірибеде президенттіктен үміт­­керлердің бағдарламала­рын­­да экономика, саяси және әлеу­меттік даму, сыртқы қатынастар, қорғаныс, білім беру, мәдениет, мемлекеттік органдарды жетілдіру және басқа да салаларға қа­тысты мәселелер көрініс табады. Бірақ сайлауалды бағдар­ла­ма­ларда конституциялық құры­лыс­­ты күштеп өзгерту, мем­ле­кеттің тұтастығын бұзу, мемлекет қауіп­сіздігіне нұқсан келтіру, әлеумет­тік, таптық, ұлттық, діни тұрғы­да­ғы идеяларға ша­қы­руға, сон­дай-ақ заңнамаларда қарасты­рыл­маған әскерилен­діріл­ген құ­ры­лымдарды құруға жол берілмейді. Аталған талаптар бұзыл­ған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы кандидатты тіркеуден бас тартады. Ал президенттікке ұсынылған кандидат­тың тіркелгеннен кейінгі сай­лауал­ды бағдарламасында осы­лар көрсе­тіл­ген жағдайда, Ор­та­лық сайлау комиссиясы үміт­керді тіркегендігі туралы шешімінің күшін жояды. – Президенттікке канди­дат­­тың сайлауалды бағдарла­ма­­сы­­мен шығуы міндетті болып табыла ма? – Бұл кандидатқа міндетті емес, ол өзінің құқығы. Жоғары мем­лекеттік қызметке үміт­кердің әрқайсысы сайлаушылар­дың көп дауысын алуға ұмты­латыны белгілі. Сондықтан да, президенттіктен үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасының маз­­мұны мен жан-жақтылы­ғына, оның тар­тым­дылығына, сай­лаушылардың кө­ңі­лінен шы­ғуына ерекше ба­сымдық береді. Егер қандай да бір себептерге байланысты кандидат өзінің сай­лауалды бағ­дар­ламасымен шық­қысы келмесе, ол – үміткердің өз еркі. Бұған қа­тысты «Сайлау туралы» Заңда қандай да бір заңнамаларды бұзу­шылық сал­да­ры қарастырылма­ған. – Президенттік сайлауда бас­тамашы топтарды құруға бола ма? – Жоқ. «Сайлау туралы» Заңда бастамашы топты құру қарастырылмаған. – Президенттікке канди­дат­­тар­дың сенім білдірілген адам­дарының құқықтық мәртебесі қандай? – Кандидаттар өздерінің сенім білдірілген адамдарын құру­ға құ­қылы. Олар үміткерлерге сайлау науқанын өткізу бары­сында кан­дидаттардың мүддесі үшін сай­лау­алды үгіт жұмыс­тарын жүр­гізуге көмектеседі. Президенттіктен үміткерлер сенім білдірілген адамдарды өзі­нің қалауы бой­ын­ша анық­тай­ды. Сенім білдірілген адам­дардың саны әрбір учаскелік сайлау комиссиясында үш адамнан аспауы тиіс. Сенім білдірілген адамдарды тіркеу үшін үміт­кер ол жөнінде сайлау комис­сияларына хабарлауы қажет. Сайлау комиссиясы сенім білдірілген адамды тіркегеннен кейін оған тиісті куәлік береді. Сенім білдірілген адам Қазақ­стан Республикасының азаматы болуы керек және ол қандай да бір сайлау комиссиясының мү­шесі, сондай-ақ  мемлекеттік саяси қыз­метші болмауы тиіс. Дегенмен, егер кандидаттың сенім білдірілген адамы  мемлекеттік әкім­шілік қызметші ретінде ең­бек демалысында болса, оған тый­ым салынбайды. Ал сенім білдірілген адам өзінің мәрте­бесін сайлау науқаны аяқталған соң, президенттікке кандидат­тың шешімі бойынша доғарады. – Сайлауалды үгіт деген не және оны жүзеге асырудың тәртібі қалай? –  Сайлауалды үгіттің мақса­ты – президенттікке канди­даттар­дың сайлаушыларды өзіне дауыс беруге үндейтін басты насихат­тық құралы. Шетелдік­тердің, азаматтығы жоқтардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халық­аралық ұйымдардың үгіт жұмыс­тарын жүргізуіне бол­майды. Сайлауалды үгіт кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған кезден басталып, жергілікті уақыт бойынша дауыс беретін күнге бір тәулік қалғанда аяқталады. Яғни, 2011 жылғы 3 наурыздан басталады және 1 сәуір күнгі сағат 24.00-де аяқ­талады. Ал сайлауалды үгіт жұмыс­тары бұқаралық ақпарат құрал­дары арқылы, сондай-ақ сайлау­алды шараларды өткізу бойын­ша, кандидаттар мен олардың сенім білдірілген адамдарының сайлау­шы­лармен кездесуі жолы­мен және баспалық, аудио­көрсетілім­дер, тағы басқа да үгіт мате­риалдары негізінде жүзеге асы­рылады. Сайлауалды үгіт ж­ұ­мыстарын мемлекеттік орган­дар­дың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, Қарулы Күштер әскерилерінің, басқа да әскери құрамалардың, ұлттық қауіп­сіздік органдары қызмет­кер­лерінің, құқық қорғау орган­дары мен судьялардың, сайлау комис­сиялары мүшелерінің, діни бір­лес­тіктерінің жүргізуіне тыйым салынады.