16 Наурыз, 2011

Жаңа ұсыныс, жаңа тілек

745 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Орталық сайлау комиссиясында өткен кезекті отырыста үш мәселе қаралды. Оның біріншісі – Қазақстан Рес­публикасының кезектен тыс президенттік сайлауына шет елдер мен халықаралық ұйымдардан кел­ген байқаушыларды тіркеу, ОСК-нің саяси партия өкілдеріне кеңес беру құқығын жан-жақты түсіндіретін арнайы хатын дай­ын­дау және үшіншісі – «Азат» жал­пы­ұлттық социал-демократиялық партиясының өкілі Петр Своиктің Орталық сайлау комиссиясына жіберген өтінішін қабылдаудан бас тарту мәселесі. Бірінші мәселе бойынша комиссия мүшесі Татьяна Охлопкова ОСК-ға президенттік сайлауға тағы 61 шетелдік байқаушының тір­келгенін айтты. Оның ішінде Сыртқы істер министрлігінің ұсы­нысымен тіркелген ЕҚЫҰ Де­мо­кратиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы мис­сиясынан  6 адам, ТМД елдерінен 25 байқаушы бар. Сонымен бірге, ол ШЫҰ-дан – 3, халық­ара­лық ұйымдардан – 7, шетелдерден 20 адамның тіркелгенін, сөйтіп, осы кезге дейін елімізде барлығы 152 байқаушы тіркеуден өткенін атап өтті. Отырысқа қатысушылар осы мәліметтерге қатысты өз пікірлерін білдірді. Олар көбіне не­ғұрлым байқаушы көп болса, со­ғұр­лым сайлаудың әділ және ашық өтуіне мүмкіндік болатынын айтты. Екінші мәселе жөнінде ОСК төрағасының орынбасары Владимир Фоос сөз алып, 21 ақпан күні Орталық сайлау комиссиясы ай­мақтық сайлау комиссияларымен және сайлау шараларына қаты­са­тын мемлекеттік орган өкіл­дері­мен арнайы семинар ұйымдас­тыр­ғанын, осы кездесуде «Азат» ЖСДП өкілі Петр Своик дауыс беру құқы бар саяси партия өкіл­де­рінің қызметіне қатысты тиісті ке­ңес беруші хат дайындауды ұсын­ға­нын жеткізді. Осы мәселеге бай­ланысты ОСК мүшелері хаттама жасап, оны тиянақты түрде қарау керектігіне келісті. Ал үшінші мәселе бойынша ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов тағы да сол «Азат» ЖСДП өкілі Петр Своиктің Орталық сайлау комиссиясына жіберген өтінішін қабылдаудан бас  тартылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ОСК құрамын бекіту тәртібі еліміздің Конституциясы мен «Сайлау ту­ралы» Заңында көрсетілген. Осы заңның 10-бабына сәйкес Орта­лық сайлау комиссиясында арнайы өкілдері жоқ саяси партиялар өз адам­дарын сайлау комиссиялары­ның құрамына ұсынуға құқылы болғанымен, олар тек аймақтық және учаскелік сайлау комиссия­ларына ғана мүше бола алады. Солай дегенмен, ол «Азат» ЖСДП-ның ұсынысы Бас прокуратураға жіберілгенін, құзырлы орган Конс­титуцияға сәйкес, ОСК құрамында мүшесі жоқ партиялардың өкіл­дері тек аймақтық және учаскелік комиссиясының жұмысына ғана қатыса алатынын мәлімдеді. Дастан КЕНЖАЛИН.
Соңғы жаңалықтар