16 Наурыз, 2011

Сауд Арабиясы әскери көмек берді

422 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Таяу Шығыс елдерінің төңкерістер мен тәр­тіпсіз­дік­тердің өрши түсуінен үрейлен­ген­дері соншалық, бір-біріне ақшалай ғана емес, сонымен бірге әскери тұрғыда кө­мектесу­ге де әзір. Әлеуметтік жобалар үшін Бахрейнге 10 миллиард доллар бөлгеннен кейін бірнеше күн өткен соң Сауд Арабиясы осы елге әскери бөлімдерін де жөнелтті. Бахрейн өкіметі ереуілшілер полиция шабуылын тойтарып, шешуші жолдарды жауып тастаған ең қатал қақтығыстан кейін Сауд Арабиясынан көмек сұраған болатын. Әділет, сыртқы істер министрліктерінің ғимараттары мен елдің орталық банкі орналасқан ауданда темір заттармен қаруланған топ қоқыс салатын контейнерлерден баррикада тұрғызған. 1000 адамнан тұратын Сауд Арабиясының әскерилері де сол ауданға жіберілген көрінеді. АТОМ СТАНСАЛАРЫ ҚАЖЕТ ПЕ? Еуроодақ  ядролық энергиясыз бола­шақ туралы мәселені тез арада ойлас­тыруы тиіс. Энергетика мәселелері жөніндегі еурокомиссар Гюнтер Оттингер осындай ұсыныс білдірген. Біз таяу болашақта Еуропа ядролық энергияны қолданудан бас тарта ала ма деген мәселені көтеруіміз керек, деп атап өткен ол немістің ARD теле­арнасына берген сұхбатында. Еурокомиссия Жапониядағы апат­ты жағ­дайдағы АЭС ахуалын талқылау үшін энергетика министр­лерінің шұғыл кездесуін өткізбек. Сонымен қатар, Еуроодақ Жапо­ниядағы «Фукусима-1» атом электр стансасына қатысты МАГАТЭ сарап­шы­лары­мен шұғыл мәжіліс өткізуге ниетті екендіктерін де мәлімдеген. ҮДЕУ ҮСТІНДЕГІ ҮНДІСТАН Өңірлік және әлемдік держава болуға талпынысында Үндістан тағы бір қадам жасады – ол қару-жарақты ең көп сатушылар қатарына қосылды. Қару-жарақ саудасына мониторинг жүргізумен айналысатын Стокгольм әлемдік проблемаларды зерттеу институты қару-жарақ импорттауда Үндістан Қытайдан асып кетті деп хабарлаған. Жаңа баяндамаға сәйкес 2006-2010 жылдары дүние жүзі бойынша сатып алынған қару-жарақтың 9 пайызы Үндістанның еншісіне тиесілі екен. Осы баяндамада атап көрсетілгендей, Үндістан таяу уақыттар ішінде бірінші орынды ешкімге бермек емес. Осы орайда, Үндістанның 2011 жылғы әскери бюджетінің шамамен 32 миллиард долларды құрайтынын да айта кету керек. КӨТЕРІЛІСШІЛЕР ШЕГІНУГЕ МӘЖБҮР Ливия көсемі Муамар Каддафидің әскери-әуе күштері елдің шығысын­дағы стратегиялық маңызды санала­тын Аджабия қаласына бірнеше мәрте авиасоққы жасаған. Ливиялық авиация көтерілісшілер орналас­қан елдің шығысын күн сайын әуе соққысының астына алуда. Өткен демалыс күндері үкімет әскерлері Рас-ел-Ануф және Марса-ел-Брега қалаларын өз бақы­лауына алған. Көтерілісшілер шығысқа қарай шегінуге мәжбүр бо­лып, қазіргі кезде өз күштерін Аджабия қаласы төңірегіне шоғыр­лан­дыруда. Дегенмен, саны аз, сапасы төмен көтерілісшілердің ел әскер­лері­не қарсылық көрсете алмайтыны белгілі болып отыр. ТОКИОДА АБЫРЖУШЫЛЫҚ ЖОҚ Токиода радиация деңгейінің жо­ғары­лап кетуінен ешқандай абыр­жу­шы­лық туындаған жоқ. Бұл ­туралы Токио қаласында тұратын Илья Горелов  «Орыс жаңалықтар қызметіне»  берген сұхбатында хабарлаған. Ешқандай дүрлігіс жоқ, жағдай халыққа хабарланып отыратындықтан, жапондар  жарылыстың болғанын, бірақ радиацияның Токиоға жетпейтінін, солтүстіктен келген ауаның желмен теңіз жаққа кететінін біледі, деп атап көрсеткен ол. Қолайсыздықтар бар, адамдардың көңіл-күйлері өзгеше, дегенмен жапондар өз ғасырында жер сілкіністерін де, ядролық бомбаны да көрген, өздерін қалай ұстау керектігін білетін халық дегенді де қосып қойған Токио тұрғыны өз сөзінде. ПХЕНЬЯН КЕЛІССӨЗДЕРГЕ ДАЙЫН Жапониядағы оқиғалар аясында Солтүстік Корея өкі­меті ядролық бағдарлама бойынша алтыжақты келіссөз­дер­ге қайта оралуға дайын екендіктерін мәлімдеген. Өткен жылдың қарашасында Пхеньян уранды байыту зауытында мыңдаған центрифугалардың жұмыс істеп тұрғанын мойындаған болатын. Сонымен бірге ел өкіметі өндірістің тек бейбіт мақсаттарға ғана арналатынына да сендірген. Ал келіссөздерден Пхеньян 2009 жылдың сәуірінде шығып, содан кейін ядролық зарядқа  сынақ жүргізуді қолған алған-ды. НЕМІСТЕР АТОМ СТАНСАСЫНА ҚАРСЫ Германияның социал-демократтар мен «жасылдар» сияқты негізгі оппозициялық партиялары үкіметтің неміс атом электр стансаларының пайдалану мерзімін ұзарту туралы мәселені қарауды тоқтатуына қарсы. Оппозиция елдегі бүкіл АЭС-тер ешқан­дай талқылаусыз жабылуы тиіс деп есептейді. ГФР канцлері Ангела Меркель қолдау көрсеткен бағдарлама АЭС-тер жұмысының мерзімін 2005 жылға дейін ұзартуды қарастырған болатын. Бірақ, қазір канцлердің өзі де Жапониядағы жағдайдың аталмыш бағдарламаға күмән туғыза­ты­нын және неміс АЭС- терінің қауіпсіздік стандарты жаңа тексерулерді қажет ететінін мәлімдеген. ҮЛКЕН «СЕГІЗДІК» КЕЛІСЕ АЛМАДЫ Үлкен «сегіздік» елдері Ливиядағы жағдайға әскери тұрғыда араласу мүмкіндігі жөнінен ортақ келісімге келе алмады,  деп хабарлаған Франция сыртқы істер министрі Ален Жюпе «Европа-1» радиостансасына берген сұхбатында. Оның айтуынша, қазіргі күні халықаралық қауымдастық Муамар Каддафидің оппозицияға қарсы операциялар жүргізуіне тосқауыл қоятындай жағдайда емес. Ол үшін халықаралық қоғамдастық тиісті шешім қабылдамағандықтан, бүгін бізде әскери құралдар жоқ, деп мәлімдеген Ален Жюпе. Сонымен бірге ол үлкен «сегіздік» елдері сыртқы істер министрлерінің қарар қабылдау мәселесі бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде пікірталастар өткізуге келіскенін де жеткізген. Интернет материалдары негізінде әзірленді.