16 Наурыз, 2011

Екі мың жылқылы Боранбай ауылы

1199 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Шалғайдағы ауылға жету де оңай емес. Журналистердің бұл жақ­қа сирек жолдары түседі. Алыс­тығынан емес, тақыр-тұ­қыр жол қиындығынан қашқа­лақтағаннан. Мың­ғыр­ған жыл­қы­сы бар ауыл қай­да­сың деп ертелетіп жолға ша­ғып кетіп едік. Облыс орта­лы­ғынан Ертіс ауы­лына жеткенше жүз бәленбай шақырым, әрі қа­рай тағы да жүзді қосып Бұ­ланбай ауылына да келіп жеттік-ау. Осы жерде Амантай деген аға­мыз тұрады. Жәй адам емес дейді білетіндер. Шаруа қожалығының аты да елден ерекше: Алтай-Қарпық-Сай­долла-Сарытоқа деп аталады.  Бұ­ланбай бөлімшесі Сілеті ауыл­дық аумағына қарай­ды. Бізді арық­ша, қызылшы­рай­лы келген, көргеннен жылы тартып қа­рай­тын жігіт ағасы, сұлу жүзді қара­көз апамыз екеулеп қарсы алды. – Ата-бабалардың қоныс еткен жері Есіл, Нұра, Сарысу, Кө­нек тауы, Амантау, Тоқаның Боз­көлі.  Алтай-Қарпықтар отыз екі болыс болыпты. Қуандық-Қар­пық­тар әулеті, Мұса бабамызға біткен дәулеттің Ертіс өзенінің жағасы, Сілеті даласын мекендеп қалған Сарытоқа аталған бү­гінгі ұрпағына жеткені де тегін емес, әркімге бір екі мың жылқы біте бермес деп ырым етеміз. Біржан мен Сара айтысында: Сұрасаң арғы атамды Қуандықты, Қылыпты заманында жуандықты, Аққошқар Сайдалының заманында, Бір көлден 40 мың жылқы суарыпты, Сұрасаң арғы атамды Алтай-Қарпық, Желіні құрады екен атпен тар­тып, – деген жолдар бар. Амантай аға әңгімесін осы­лай­ша әріден бастады.  Балалық шақ­тың қызығын базарлай алмай, тіршілік тауқыметін тартып өскен, өмірден көрген-түйгені мол адам екені байқалады. Өмі­рінің 40 жылын жылқы бағып, ат үстінде өткізген жылқышының тәжірибесі де  мол көрінеді. Шет елде тәулігіне 360 ша­қырым жер жүретін жылқыны Ги­несстің рекордтар кітабына жа­зып жатады, ал, өзіміздің жа­бы тұқымды жылқылар тәулігіне 500 шақырымға дейін жерді жү­ріп өтеді, дейді Амантай. Сонда сіздің шаруашылық қандай жыл­қы өсіреді деген сұраққа Кереку-Ертіс өңірі, мына біздің Сілеті да­ласының қысы қатты, аязы бет қаратпайды. Солтүстіктің осын­дай ызғарлы  қысына, жаздағы ап­тап ыстығына төзімді, ерекше күтіп-баптауды қажет ете қой­май­тын мал қажет. Даланың ба­йырғы жылқысы осы жабы тұ­қымы, жердің иесі де, киесі де осы деп жауап берді ағамыз. Осы­дан екі-үш жыл бұрын жыл­қы өсіруді зерттейтін академик Игорь Нечаев Алматыдан Бұлан­бай ауылы қайдасың деп Амантай ағамызды іздеп келсе керек. Бір апта Сілеті даласын аралап, Жалаулы көлінің, Ертіс өзені жа­ғасында шұрқырай жайылып жүр­­ген табын-табын жылқы үйі­рін көріп ғажап таңғалыпты. Өт­кен ғасырда құрып біткен деген жабы тұқымының Жалаулының жағасын жарқыратып, толқын­дай толқыған, қалың қолдай қап­таған  өрісіне кайран қалыпты. Со­дан, осы жерде оқығаны мол қала академигі мен жылқы бағу­дың қыр-сырын меңгерген  «дала академигі» алдағы жылдарға кешенді жоспар жасапты. Академик Игорь Нечаев барлық сарап­та­маларын жасап, бұл жыл­қы­лар­дың жабы тұқымы екеніне анық көз жеткізіпті. Бұл күндері Бұланбайдың Амантайы бағатын жылқылар мәселесін «Жылқы ша­руашылығы мал азығын өн­діру ғылыми зерттеу серіктестігі» қолға алып бірлесіп жұмыс жа­сауда. Мақсаттары алдағы жыл­дары осы шаруашылық негізінде жылқы зауытын ашу бо­лып отыр. Жалпы, жылқы саны, биелер саны 400 болуы керек деген, яғни, зауыт ашуға қажетті деген өлшемдердің барлығы бар. Сонымен бірге,  Бұланбайға келген екінші бір қонағымыз бар, ол Жақсылық Үшкемпіров ағамыз екен. Спортшы ағамыздың соң­ғы жылдары жылқы шаруа­шы­лы­ғын өркендетуге үлес қосып келе жатқанын бәріміз де білеміз. Бұл ағамыз да жабы тұ­қым­ды жылқы өсіруге ден қойып Аман­тай ағаның табынынан 200 жылқы сатып алыпты. Облыс әкі­мі Бақытжан Сағынтаев та алыс­тағы ауылдарды аралайтын жол­сапары кезінде келіп кеткен. Сілеті көлі мен Жалаулы көл­дерінің ара қашықтығы 40 ша­қы­рым шамасында екен. Осы екі көл­дің басын тұйықтап  тұрған бас­­қа да ірілі-ұсақты көлдер бар, барлығының арасы үлкен бір тү­бек­ті құрайды, ал, дәл шығар ауы­зында Бұланбай ауылы тұр. Бұл «бекіністі» қаһарлы қыста да, жай­дары жазда да жылқы табы­ны­ның саяқ шығып кетпеуіне де, ұры-қарының әрекетіне де тос­қауыл бола алатын табиғи қорған деуге болады. Екіншіден, аязды, бо­ранды  күндері көл жиегіндегі қа­мыс құрақтар қарды өз бойында ұстап қалады да, екі көлдің ара­сындағы қар жұп-жұқа күйінде қалады, бұл табынның қиын­дық­сыз тебіндеуіне жақсы мүмкіндік береді. Ал осындай табиғи мүм­кін­дікті ұтымды пайдаланбай, та­бын-табын жылқы өсірмей көр,  дейді ағамыз бізге көлдің сол бір тұсын қолымен нұсқап көрсетіп. Иә, мұндайды сезе білу тек та­биғат сырын жанымен түсінген адам­ның ғана қолынан келеді. Қыс­қы кең дала. Жалаулы көл жа­ғасы. Ұйыса, тербетіле жайылған қа­лың жылқы. Осы бір ғажап кө­рініске қызыға қарап қалыппыз. Былтыр қыс қанша қатал болса да жылқышыларымыз 600 құлын ал­ды. Мұның өзі бір табын. Биыл да сондай болар, деді жылқышы көл жағалай кетіп бара жатқан та­бынға қарап тұрып. Құпиясы мол Жалаулы көлінің жағасында тұрмыз. Пайдасын кө­ре­мін деген адамға, бұл көлде тұз қоры да, балығы да молынан жетеді. Және де көлден тұздан бөлек дәрі-дәрмектік қасиеті бар бешофит, Менделеев таблицасындағы өзге  де  минералдарды  мол өнді­ре алар едік, дейді аға. Енді бұл істі мықтап қолға алу үшін, керек құрал-жабдықтарды Германиядан арнайы заказбен алдырмақшы. Ал, көлдің қалың шөп өсетін ай­на­ла­сы кезінде атақты байлардың жай­лауы, мыңғырған жылқы жүрген жер деседі. Сол заман қайта орал­ғандай. Бүгінде Амантай Мусин­нің екі мың жылқысы осы көлдің жағалауында жайылып жүр. Әлгі айтып отырған минералдарыңыз­дың малға да, жанға да пайдасы қа­лай тиіп отырғаны енді түсінікті болар. Мыңғыртып жылқы малын өсіру шұрайлы, сулы, нулы жерге де байланысты, екіншіден, жаңа тұ­қым алу, жылқылар арасын жа­ңартып, жаңғыртып отыру жыл­қы­шылар үшін басты міндет. Са­ны да көп, сапасы да осал бол­мауы керек. Сапалы тұқым болған соң да жылқы малының саны көбейеді. Осы мақсат үшін жаз айында жыл сайын жылқы шаруа­шылығы саласын зерттеп жазып жүр­ген еліміздің ғалымдарын Бұ­ланбайға шақырып, ғылыми түрде зерделеп жұмыс жасауға тура келеді. Жылқышы мыңғырған жыл­қым жетеді, толдым-болдым деп ауылында отыра бермейді екен. Елі­міздің аудан, ауылдарын аралап, әр табыннан тұқымы жақсы ерекше жылқыларды таңдап алып, өз жылқыларының арасына әке­ліп, табын ортасын жаңартып тұ­ра­ды екен. Өзі құрған жылқы ша­руашылығында балалары да бірге бірлесіп еңбек етеді. Осы Бұланбай ауылы кеңес өкі­меті жылдарында «Сілеті» сов­хо­зының фермасы болды. Совхоз мүл­кі жекешелендірілгеннен кейін ауыл тұрғындары тарап жан-жақ­қа кетті де қалды. Үйлер дегеніңіз бос қалды. Сол бос қалған үйлер­дің біріне Амантай аға жайғасып, ен далада мал, әсіресе, жылқы өсі­ре бастады. Барлық ой-арманы кең даланы аманаттап ұрпағына қал­ды­рып кеткен ата-баба жолын қу­ып, осы күнгі жаңа қазақ байының үлгісін жасап, елге, өзге жұртқа та­ныту болды. Мынадай жерің, мы­надай елің тұрғанда мал бағып, жылқы өсіру дегенің нағыз бай­лық, жақсы өмір сүрудің  қолыңа өзі келіп түскенімен бірдей. Бейнеті де жетеді. Сілеті даласы на­ғыз табын-табын жылқы өсіретін жер екеніне көзі жетті. Әкелері, ауылдың шалдары жыр ғып ай­тып отыратын Аққошқар-Сай­да­лы, Мәті-Дәулен секілді жыл­қы­ла­рының саны 10-15 мыңға жеткен қазақ байларының болғаны да шындық қой. Әттең,  кеңестік ке­зеңде мыңдап жылқы ұс­тауға рұқ­сат етілмеді. Қазір заман өзгерді. Екі күннің бірінде келіп, ма­лың­ды санап отыратын бұ­рын­ғы өкімет жоқ. Қайта Елбасы мал өсір, ауылда кәсібіңді аш, өз кү­ніңді көр, байы, шалқып өмір сүр деп отыр ғой. Құдай-ау, бұ­дан артық енді не қажет. Қазір өзі қайда барсаң да игерілмей бос жатқан ұшы-қиырсыз кең да­ланы көре­сің. Тіпті, жерді сатып алып оны пайдаланбай, кейін қым­баттаған кезде үстеме баға­мен сатып бай­лыққа батамын деп отыр­ғандар да бар. Көп мал ұстауға ұры­лардан бір, бөріден екі сескенсе, «бай-құлақ» атанудан қорқып бой­ға сіңіп қалған үрей тағы бар. Мал өсірдің бе, жыл­қы өсірдің бе, үлкен жауапкершілік алу керек. Жылқыны кү­тіп-баптауды Амантай аға жақ­сы біледі. Бір жыл емес, 40 жыл жылқышы, қолында қам­шы­сы, ат үстінде келеді. Өзі өте әңгі­мешіл, тарих, шежіре, аталар жо­лын айтқанда сүйсініп оты­рып тың­дайсың. Байсалды адам. Жыл­қы баласы адам мінездес, жылқы бақсам, өсірсем деген арман  әуелі көңілге бітеді дейді ол кісі. Бұрын қазақ жылқыны қа­лай баққан деген сұрағымызға жыл­қысы қанша көп болса да әр­қайсысының құйрығынан ұс­тап жүріп баққан дейді. Осы күнге де­йін оны өйтетін себебіміз, мы­салға, 5-10 мың жыл­қы­ның ішінде, қанша байтал бар, соның бә­рінің құйрығын күзе­ме­се, «қы­зыл­шу» деп аталатын жұқ­палы ауруға шалдығады. Ал, бұлай ауыр­ған мал не өледі, не енесі құлын тастайды. Иесі мә­пелеп күтсе, жылқы ауырмай құ­лыны да сүйкімді туады. Ол үшін енесі күйлі болуы керек, деп жауап қай­тарды тәжірибелі жыл­қышы. Түскі астан соң, ағаның өз қа­ражатына салған үш пәтерлі екі үйін барып көрдік. Жарқырап тұр. Алдағы жылдары да үйлер сал­мақшы. Бұланбайға жастар кел­сін дейді. Былтыр аудандық бюджет қаржы бөліп, бастауыш сыныптар үшін шағын мектеп са­лып беріпті. Мектеп жанынан шағын орталық ашылыпты. Ау­ыл­да бие сауып, қымыз өндір­мек, шұжық жасамақ ойлары бар екен. Саусақпен санарлықтай аз­ғана үйлі шалғайдағы ауылды қатарға қосып, өркендету үшін жас мамандар келсе, еңбек етсе деп армандайды. Омбымен көр­ші­лес Сілеті даласындағы Бұ­лан­бай ауылынан осы аз ғана отбасы көшіп кетсе, елдің, жер­дің жағдайы, болашағы не бол­мақ деп күніне жүз ойланады. – Ауылда жұмыс бар, мың­ғырған жылқыны жылқышы, та­бын­шы жастар бақпағанда 70-ке келген біз бағамыз ба енді, келсін, үйлерін береміз, жағдай­ла­рын жа­саймыз деп отырмыз, дейді Амантай аға. – Мына ауыл­да қазір жүр­ген жастар бастауыш сы­ныптан кейін балаларымызды оқы­та ал­май­мыз дейді де, басқа жер­лерге көшіп кете барады. Қа­зір бүкіл шаруашылық қазақ дәстүрі бо­йын­ша кіші ұлы Дулат Мусинге табыс етілген. Әкенің қойшы тая­ғын ұлы қолына алды. Ауыл іргесіндегі Бұланбайдың Амантайы атанған ағамыз еліміз өз алдына отау тігіп, тәуелсіздік алғалы ал­ғаш рет мыңдап жылқы айдаған «байларымыздың» бірі. Ал, біз елімізде осындай ең­бекқор ағалар көбейе берсе екен деген игі тілек қана білдіргіміз келеді. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы, Ертіс ауданы.