16 Наурыз, 2011

Өзібековтің өктемдігі Сабаншиевті сергелдеңге салды

525 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Үкімет назарына

Өзібеков деп отырғанымыз – Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзібеков.  Сабаншиев деп отырғанымыз – осы агенттікке қарасты «Жер ресурстары және жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпор­ны­ның бас директоры Бағжан Сабаншиев. Дұрысы – бұрынғы бас директоры. Ал оны сергелдеңге салған – Агенттік төр­аға­сы­ның 2011 жылдың 24 қаңтардағы №8-л бұйрығы. Соңғы үш жылда еліміздің жер кадастрі мен мониторингін жүргізетін және бәсекелестік ортада тапсырыстар орын­дай­тын «МемЖерҒӨО» РМК» бас директоры болып істеп келген Бағжан Сабаншиевтің тағ­ды­рын шешкен сол бұйрық. Қыз­мет­тен неге кетті? Бағжан Қо­жан­ұлы оның себебін өзі де түсінбейді. Негізінен, Жер ре­сурстарын басқару агенттігінің төрағасы Ө.Өзібековпен ара­да­ғы келісім-шарттың мерзімі үс­ті­міздегі жылдың тамызында тәмамдалуы тиіс-тұғын. Бірақ төраға оның тағдырын сол та­мыз­ға жеткізбей шешіп тас­та­ған. Арызын арқалап, «Егеменге» атбасын тіреген Сабаншиев араша сұрай келіпті. Оның айтуынша, қызмет еткен үш жыл ішінде оған бірде-бір рет әкімшілік шара көрілмеген. Ол басқарған кәсіпорынның жұ­мы­сы тек ілгерілеу үстінде бол­ған. Тіпті, жұмысындағы жетістіктері үшін агенттік  төрағасы оны 2010 жылдың желтоқсан айында Құрмет грамотасымен марапат­таған. Былайша айт­қан­да, оң қолымен сыйлық, сол қо­лымен бұйрық берген төрағаның бұл әрекеті тым түсініксіздеу болған сияқты. Осы түсінік­сіз­деу мәселеге түсініктілеу жауап алу мақсатында агенттік төр­аға­сына қоңырау шалдық. Кездесу ұйымдастыруды өтіндік. Келісілген күні, айтылған уақытта Өзі­бековтің қабылдау бөлмесінде болдық. Осы арада тағы да бір түсініксіздеу жағдай орын алды. Төрағаның шақыруымен ішке кіріп шыққан хатшы қыз маған төраға орынбасары Каналбек Райымбековке жолығуым керек екенін айтты. Арыз төрағаның үстінен жазылған. Арызға негіз болған бұйрыққа қол қойған да сол төраға. Сонда, орынбасар не айтпақ? Не де болса орынба­сар­мен кездесуді ұйғардық. – Үстіміздегі жылдың 24 қаңтарында Жер ресурстарын басқару агенттігінің жабық түр­дегі алқа мәжілісі өткізілді, – деп бастады әңгімесін Каналбек Өтжанұлы, – мұнда қа­рал­ған негізгі мәселе – «Жер ре­сурстары және жерге ор­налас­тыру мемлекеттік ғы­лы­ми-өн­ді­рістік орталығы» рес­пуб­ли­калық мемлекеттік кәсіп­орны­ның бас директоры Бағ­жан Са­баншиевтің үстінен түс­кен арыз. Бұл арыздың иесі осы мем­лекеттік ғылыми-өн­дірістік орталықтың Шығыс Қазақстан облысы бойынша ен­шілес кә­сіпорнының дирек­то­ры Ғалым Жадрин деген азамат. Оның жазуынша, Сабаншиев өзін негізсіз қудалаған. Республи­ка­мызда Бағжан Сабаншиев бас­қарған мемлекеттік ғылыми-өндіріске қарай­тын 18 еншілес кәсіпорын бар. Бұл еншілес кә­сіпорындардың директорлары сол Сабаншиевпен, яғни ғы­лы­ми-өндірістік орталығының бас директоры­мен жасаған келісім-шарт арқылы жұмыс істейді. Осы арыз түскеннен кейін біз агенттік тарапынан қызметтік тексеру жүргіздік. – Бұл тексеру қай кезде жүр­­гізілді? Сабаншиев өзінің ре­дак­цияға жазған арызында оның жұмысына ешқандай тек­­серу жүргізілмегенін айтады. – Жадриннің арызы 2010 жыл­дың желтоқсан айында түс­кен бо­латын. Тексеру де сол кезде жүр­гізілді. Желтоқсан айы­ның 15-ші жұлдызы әлде 20-сы ма, қазір есімде жоқ. – Сол тексерудің қоры­тын­дысы бар ма? – Қорытындысы бар. Оның қорытындысы жабық алқа мәжі­лі­сіне қатысушыларға таныс­ты­рыл­ды. Қорытынды бойынша біз­дің са­лалық департаменттер со­ның ішін­де Жерге орналас­ты­ру жә­не мем­лекеттік бақылау жө­нін­дегі де­партаменттің бас­ты­ғы өзі­нің қо­ры­тындысын берді. Сабан­шиев­тің айтуы бойын­ша 18 еншілес кә­сіп­орынның ішін­де ең тө­менгі көр­сет­­кіш Шығыс Қа­зақ­стан облыс­тық еншілес кәсі­п­ор­ны­на тиесілі дей­ді. Дегенмен, оның бұл уәжі дәлел­денбеді. Себебі, аталған еншілес кәсіп­орын­ның көрсеткіші жоға­ры да емес, төмен де емес, орташа көрсет­кіш­ке ие екені тексеру арқылы анық­талды. Екінші мә­селе Сабаншиев мырза өзіне қа­расты сол 18 еншілес кәсіп­орынның 17 дирек­торы­мен 3 жылға келісім-шарт жасай­ды да, ал Жадринмен 1 жылға ке­лі­сім-шарт жасап отыр­ған. Біздің заң басқармасының қо­ры­тын­ды­сы бойынша бұл ретте Еңбек ко­дексі­нің 29-шы бабын Сабан­шиев­тің бұзғаны анықталып отыр. Неге бұлай? Неге 17 кәсіп­орын ди­рек­­торымен 3 жылға, ал Жадринмен 1 жылға шарт жаса­сып отырған? Оның себептері Жад­рин­нің қыз­мет­тік жазба­сын­да көр­се­тілген, ол өзінің осы ары­зында Сабаншиев тарапынан оған боп­салау жасалғанын айт­қан. Са­бан­шиев­тің бұл әрекет­тері үлкен алаң­дау­шы­лық туды­ра­тын мәселе. Жа­бық ал­қа мәжі­лісінде агенттік төр­ағасы өзінің атына «домалақ» (анонимка) арыз­­­дың түскенін және он­да да осы­ған ұқсас боп­салау­шы­­лық мә­се­лелердің бол­ға­нын айт­ты. Бұл жағдайлар уа­қытында Сабаншиевке ескертілген. Бірақ, өкініш­ке орай, бұ­рынғы бас директор бұ­дан нәти­же шығарма­ған. Яғни, ескертулерді ескермеген деуге болады. Өзіңіз байқап отырған бо­лар­сыз. Мен мына алдымдағы хат­­та­ма, яғни, жабық алқа оты­ры­сының хаттамасына сүйеніп сөй­леп отыр­мын. Осы хаттамада Са­бан­шиев­тің Жадринге орын­сыз тиі­сетіндігі жазылған. «Се­нің қа­зақ­тық қаның жоқ. Күрек­тей дип­ломдарымен қа­зақ­тың жі­гіттері жұмыссыз жүр­ген­­де жастары зейнеткерліктен асып кеткен өзге­лер­ді ұстап отыр­сың» деген сияқты Жадриннің ар-на­мысына тиетін сөздер айтқан. Айта кететін тағы бір мәселе, Сабаншиев өзінің редакцияға жаз­­­ған арызында ешқандай әкім­ші­­лік шара алмағанын айтады. Сабаншиев мырзаның бұл сөз­дерінің негізсіз екенін дәлелдей аламын. Мә­се­лен, Жадрин тара­пы­нан мұн­дай арыз 2009 жылы да жазылған. Сол жыл­ғы 3 сәуірде агенттік төр­аға­сының бұй­ры­ғы­мен комиссия құ­ры­лып, Са­­бан­шиевке қатысты қыз­меттік тек­­­серу жүргізілген. Сол тек­серу нә­ти­жесінде 22 сәуір­де Сабаншиевке қа­таң ескерту берілген. Сон­дай-ақ 2009 жылдың 4 ма­мы­рын­да №74-б бұйрығымен Ақмола еншілес кә­сіп­орнында анық­­тал­ған өндірістік қа­те­лерге және қар­жы­лық кемшіліктерге байл­а­ныс­ты оған ескерту жа­салған. Соны­мен қатар, 2009 жыл­дың 7 шілдесі күні №114 бұйрық бо­йынша Сабаншиевке Алматы қа­ла­­с­ын­дағы еншілес кәсіпорнында орын алған жем­қор­лыққа бай­ла­ныс­ты қайтадан екінші рет ескерту жасалған болатын. Сондай-ақ ол кісі осы жұмысқа келгелі бері біз­дің өзіміздің тарапы­мыз­дан жа­салған тек­серу жұмыс­тары нәти­же­сінде осы мемлекеттік ғылы­ми-өндірістік ор­­талыққа қа­рай­­тын 7 еншілес кә­сіпорнында анық­­­талған кемшіліктер бір-біріне ұқ­сас кемшіліктер болып шықты. Сондықтан бұлар жүйелі кемшіліктер деп аталады, оларды жою­ға бұрынғы бас директор Сабаншиев тарапынан әрекет жасал­ма­ған. Мұн­дай кемшіліктер туралы агент­тіктің 2008 жылғы 30 шілдедегі №2 қау­лысында, 2009 жылғы 19 қаң­тар­дағы №1 қаулысында, 2009 жылғы 31 наурыздағы №2 қау­­лы­сында, 2010 жылғы 20 қаң­тар­дағы №1 қау­лысында, 2010 жыл­дың 22 шілдесіндегі №3 қаул­ы­сында және де 2010 жылдың 28 қазандағы №4 қаулысында көрсетілген бола­тын. – Сабаншиевтің бас директор қызметіне тағайын­дал­ған­нан бас­­­­­тап, кешегі қызметтен кеткенге дейінгі аралықтағы кемшіліктері жө­нінде айтып отырсыз. Осын­­дай ескертуден көз ашпаған адам­­ды агенттік төрағасы Өмір­зақ Өзібеков 2010 жылдың 16 жел­тоқсаны кү­ні Құрмет грамо­та­сымен ма­ра­паттаған ғой. Мұн­дай қара­ма-қайшылықты қалай түсінуге болады? – Бұл жердегі мәселе мақтау грамотасын берді екен деп, оның жұ­мыстағы кемшіліктеріне көз жұ­мып қарамауымыз керек. Мақ­тау гра­мо­тасы салалық жұмыс­тағы көр­сет­кіштерге байланысты берілген. Жа­сы­ратыны жоқ, Са­бан­шиев­тің жұ­­­мы­сында жетістіктер бар. Өн­ді­рістік көрсеткіштері жоғары. Оның жаса­ған жұмыс­тары бұр­на­ғы жыл­дар­мен салыс­тыр­ғанда ілгерілеп отыр­­­ғанын да мойындаймыз. Дегенмен, бұл мақ­тау қағазы да, жұ­мыс­тағы жетістіктері де өзі жіберген кемшіліктер, әсіресе, жем­қор­лық­қа бай­ла­нысты бопсалау­шы­­лық­тарын еш­­қандай ақтай алмаса керек... Оқырман қауымға түсінікті болу үшін агенттік төрағасының орын­басары Каналбек Райым­беков­­пен болған әңгіменің дик­то­фонға жа­зыл­ған үлгісін толық жариялап отыр­мыз. Сондықтан бұл әңгімені талқылаудың қа­жеті де бола қоймас. Осы кездесуден кейін арыз иесімен ұшы­ра­сып, кейбір мәселелерге бай­ланысты түсінік алуды ұйғардық. – Мен Шығыс Қазақстан об­лыстық еншілес кәсіпорнының ди­ректоры Ғ.Жадринді қудалай­тын­­дай әрекеттер жасағаным жоқ, – деді Сабаншиев бізбен әң­гі­ме­сінде. Оны­мен жасалған келі­сім-шарт мер­зімі 2010 жыл­дың 29 желтоқсанында аяқ­тал­ды. Осы­ған байланысты тағы бір жылға келі­сім-шарт жасал­ды. Неге? Себебі, Ғ.Жадрин бас­қара­тын Шы­ғыс Қа­зақ­стан об­лыс­тық еншілес кәсіп­орны қар­жы-шаруа­шылық жо­спары бо­йынша 550 мил­лион тең­генің өні­мін өндіру керек болса, бұл жоспарды ол 20 миллион тең­ге­ге кем орындады. Сондық­тан Ғ.Жадринмен бірден үш жыл­ға емес, бас­тапқыда бір жыл­­ға ке­лі­сім-шарт жасауды ұйғар­дым. Жұ­мы­сын жөн­де­сін, көрсет­кі­шін жақ­­сартсын деген мақсат­пен. Ал оған өзге ұлт өкіл­­дері­нің кадр­ларын жұ­мыстан шы­ға­рып, тек қазақ­тарды ғана жұ­мысқа қа­былда деген сөз­ді айт­қа­ным жоқ. «Зейнет жасын­дағы адам­дар­ды ұстап отыр­ған­ша, қол­­дарын­да күректей диплом­да­ры бар қазақ­тың жігіттерін неге жұмысқа ал­май­сың» деп айт­қаным рас. Ұлт­тық кадр­­ларға қол­дау жасау керек екенін жә­не олар­ды өсіріп, тәрбиелеу қа­жет екенін ылғи да айтып келемін, қа­зір де ай­тарым сол, мүмкіндік туып жатса, алда­ғы уақытта да сол бағытымды өз­гертпеймін. Тағы да қайталап ай­та­мын, біз ұлттық кадр­лары­мыз­дың өсуі һәм өр­кен­деуі үшін бар­лық мүм­кіндіктерді жа­сауы­­­мыз керек. Менің бұл сөзім, өз­ге ұлт кадр­ларын қудалау арқылы деген сөз емес, менің айт­пағым – зей­нет­кер­лерді демалыс­қа жіберу ар­қылы жастарды жұ­мысқа тарту. Әл­бетте, зейнеткерлерге құр­мет көр­­­­сетіп, ша­маң кел­се, шапа­ның­­ды жауып, алғы­сыңды айтып шы­ғарып сал дегенім рас. Бұл тек қа­на Жадринге айтылған сөз емес. Барлық дирек­тор­ларға осылай айт­тым. Шы­ғыс Қазақстан облыстық еншілес кә­­сіп­орнындағы жағдай Павлодарда да, Солтүстік Қазақ­стан об­лы­сын­да да, Ақмола, Қос­танай облыс­та­рын­да да, тіпті Ас­тананың өзінде де бар. Бірақ сол облыстардағы еншілес кә­сіп­орын директорлары бұл тығы­рық­тан шыға білді. «Өгізді де өлтір­мей, ар­баны да сын­дыр­май» кадр да­­­йын­­даудың мүмкін­шілігін тапты. – Сіз өзіңіздің редакцияға жазған арызыңызда қызмет еткен мерзіміңізде агенттік төр­­ағасы тарапынан еш­қан­дай сөгіс немесе ескерту алған емеспін дейсіз. Ал агенттік төр­аға­сының орынбасары Каналбек Райымбеков сізге бірнеше мәр­те қатаң ескерту де, сөгіс те берілгенін айтады... – Агенттік тарапынан маған ешқандай тәртіптік шара көріл­ген емес. Соған қарағанда сырт­тан жазалай салатын әдеттері болса керек. Себебі, менің жұ­мы­сымды тексеріп, акті жасап, түсінік алған емес. Егер ондай құжаттары болса, көрсетер еді ғой. Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасы Ө.Өзібеков мені қыз­­меттен босату жөніндегі бұй­­­рықты осы агенттіктің 2011 жыл­ғы 20 қаңтарда өткен кеңейтілген алқа отырысының қаулысы және агенттіктің жабық алқа отыры­сы­ның 2011 жылғы 24 қаңтар­дағы №2 хаттамасына негіздеп шығарған. Бірақ осы екі құ­жат­ты да маған таныстырған емес. Себебін өзім де шама­лай­мын. Өйткені бұл құжат­тарға сүйе­не­тіндей төрағаның негізі жоқ... ... Бұл мәселеге байланысты алып-қосарымыз жоқ. Пікір білдіруді  де қажетсінбеген едік. Де­­генмен, Сабаншиевті сергел­дең­ге салған сол бұйрықтың ши­­кілігі байқалып тұрғандай. Олай деуімізге себеп, адам тағ­дырын шешіп отырған сол бұйрықтың Сабаншиев айтқан­дай негізі әлсіздеу сияқ­ты. Негізі әлсіз нәрседе нақтылық бол­майды. Ал нақтылық бол­маған жерде түсініксіздік пайда болады. Сол түсініксіздік – Сабаншиевтің айыбы неде, кі­нәсі қайсы деген сұрақтарға нақ­ты жауап болмаған­дық­тан туындап отыр. Редакциядан: Мақалада көтерілген мәселе бойынша Б.Сабаншиев өзіне қатысты агенттік төрағасының бұйрығын заңсыз деп табу жөнінде сотқа жүгінген екен. Осыған байланысты сот­тың шешімі шыққаны және бұл шешім бойынша Б.Сабан­шиев­тің талабы қанағаттандырылғаны туралы хабар келді. Астана қаласы Есіл аудандық сотының судьясы А.Сүлейменовтің төраға­лы­ғ­ымен болған сот отырысында Бағжан Қожанұлы Сабаншиевті қыз­метіне қайта тағайындап, мәжбүрлі бос жүрген күндерінің жал­ақысын, ақшалай өтемақысын төлеу, моральдық шығынды өтеу жөнінде шешім қабылданыпты. Сонымен Сабаншиевті сергелдеңге салған Өзібековтің бұйрығы бұзылды. Құқықты мемлекетте солай болуға тиісті де. Шарафаддин ӘМІР.