18 Наурыз, 2011

Өзара ынтымақ өрісі

437 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан елшілігінің Мәскеу Үкіметімен қол жеткізген уағда­ластығы аясында соңғы жылдары Ресей астанасының Қазақстан өң­ір­лерімен сауда-экономикалық жә­­не мәдени-гуманитарлық ба­ғыт­та­ғы ынтымақтастығы қалып­ты дамып келеді. Соның бірі – биоконтейнерлерде экологиялық жағынан таза жеміс-көкөніс өнімдерін өсіру жөніндегі Оңтүстік Қазақстан об­лысы мен Мәскеудің бірлескен жобасы. Өткен жылы оңтүстік өңі­рінде осы технология бойынша өсіріліп, жиналған өнім биоконтейнерлерді пайдаланудың тиімділігі жоғары екенін көрсетті. Алдағы уақытта бұл жұмыстың ауқымын кеңейтіп, Мәскеу дү­кен­дері мен базарларына оңтүстіктің осындай өтімді өнімдерін көптеп жеткізу жобалануда. Бұл үшін Бү­кілресейлік көрме орталығын­да­ғы бұрынғы «Қазақстан» павиль­оны­ның мүмкіндіктері де іске қосылатын болады. Қазір жалпы ауданы 4800 шаршы метр бола­тын «Қазақстан» павильонын қал­пына келтіріп, жаңғырту жөнін­дегі мәселелер үкіметаралық дең­гейде қарастырылуда. Жалпы, Кеден одағы мен қа­лып­тасып жатқан Біртұтас эконо­микалық кеңістік жағдайында Мәскеу Үкіметі қазақстандық кә­сіпкерлердің азық-түліктерді мемлекеттік сатып алу және қыз­мет­тер көрсету жөніндегі тендерлерге қатысуына мүдделі. Бұл ту­ра­лы Қазақстан елшісі Зауытбек Тұ­рыс­бековтің Мәскеу Үкіметінің Сырт­қы экономикалық және ха­лық­ара­лық байланыстар департа­мен­тінің басшысы Сергей Череминмен кездесуі кезінде атап көрсетілді. Мәселен, соңғы уақытта дә­йек­тілікпен ілгерілетіле бастаған Мәс­кеу метрополитенінің бір стан­сасына «Қазақстан» атын беру, Ленинград тасжолы бойын­да­ғы Дос­тық паркіне «Астана» мү­сіндік ком­позициясын орнату, «Нұр Отан» және «Единая Россия» партияла­рының басшылы­ғы­мен Ржев-Вя­земск шайқасының мұражайын құру мәселелері өзара ынтымақ­тас­тықтың өрісін кеңей­тіп, бұл жо­баларға екі ел кә­сіп­керлерінің кеңінен қатысуына жол ашады. Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» - Мәскеуден.