18 Наурыз, 2011

«Тілеп – Сарықыз» қойылымы

998 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Торғай театрының тың табысы Сахналанған әр жаңа қойылым өнерсүйер қауымның қызығушы­лы­ғын тудырады. Ақын Несіпбек Айтов­тың «Тілеп – Сарықыз» поэ­ма­сы бойынша дайындалған қо­йы­­лым­ды астаналықтар жақында Қ.Қуа­­нышбаев атындағы музыка­лық драма театры сахнасынан көріп тамашалады. Қойылымды Арқалық жасөспірімдер театры көрсетті. Әри­не, көрермендердің көпшілігі торғайлықтар болғаны түсінікті десек, кезінде Серке Қожамқұлов атын­­дағы музыкалық драма театры рес­публикамыздағы маңдайалды театр­лардың бірінен саналып, атағы дү­ріл­деп-ақ тұрды. Театрдың Алматыға барған әр гастрольдық сапары жа­йын­да басылымдар жарыса жазып жататын. Театр сыншыларының ауы­зымен «Торғай театры шалғай­дағы театр емес, маңдайдағы театр» атанған. Сол тамаша театр кейін 1988 жылы Торғай облысы алғаш жабылғанда Жезқазған қаласына берілді. Торғай облысы 1990 жылы қай­та ашылғанда, театр да қайта құ­рылып, Ахмет Байтұрсынов аты­на ие болды. Облыс қайта жабылғанда театр енді Қостанай қаласына қо­ныс аударды. Сөйтіп, бұрын қазақ драма театры болмаған екі қаланы торғайлықтар театрландырды. Бі­рақ Арқалық қаласы театрсыз қал­ған жоқ. Амангелді және Жангелдин аудандарының халық театр­лары­ның әртістері мен басқа да өнерлі, та­лантты жастары жасө­с­пі­рімдер теат­рын құрды. Сөйтіп, аңыз­дағы өр­телсе де күлден қайта түлеп, тіріле беретін Феникс құс тәрізді Тор­ғай театры өмірге қайта келіп, Ар­қалық қаласы тұрғындарына ғана емес, ел көлемінде гастрольге шы­ғып, өз өнерлерін көрсетіп жүр. «Тілеп – Сарықыз» поэмасы бұ­дан екі ғасыр бұрын өмір сүр­ген, атақты қобызшы бақсылар туралы сыр шертеді. Тілеп бүкіл қазақ даласында аты кеңінен жайылған Қойлыбай бақсының шәкірті болып, одан қобыз тарту өнерін де, бақсылықтың тылсым сырларын да үйреніп, меңгеріп ала­ды. Қойлыбайдың қызы Бүл­дір­шін де Тілеппен бірге әкесінен қобыз үйренеді. Екі жастың ара­сындағы шәкірттік сыйластық кейін махаббатқа ұласады. Тілеп өз ауылына оралып, елде қобыз тар­тып, бақсылық жасап бірнеше жыл жүріп, ел түр-түсіне қарай Са­рықыз атандырып жіберген Бүлдіршінді қайта іздеп келеді. Әкесі қайтыс болғаннан кейін, Сарықызды жұрт Қойлыбаймен кө­ңіл­дес пері әйелінен туыпты-мыс деп өсекке таңады. Онымен қоймай, перілермен, жындармен байланысы бар, елге бақытсыздық әкеледі деп ауылдан қуып жібереді. Тілеп оны Ақкөл жағасында қобызын күңі­рен­тіп жүрген жерінде жолықтырады. Бір-бірін аңсап, сағынып көріскен Тілеп пен Сарықыз бақыт құша­ғында жарасып, қобыз тартысып қуа­нышты күй кешеді. Екеуі үй­ленбекші болады. Бірақ Сарықызға жауыққан ауыл есерсоқтарының бірі тасаланып келіп, садақ тартады. Сарықыз ауыр жараланып, Тілептің көз алдында, қолында қайтыс бола­ды. Қобыздың қасиеті де, Тілептің бақсылық өнері де туралап келген ажалдан Сарықызды аман алып қала алмайды. Қойылым көрсетілімінде, міне, осы оқиғалар көз алдыңнан өтіп жатады. Ал енді әртістерінің ойы­нына келсек, бұл поэманы сахналау оңайға түспегені анық. Өйт­кені, мұнда әртістердің ойнаул­ары­на жеңілдік келтіретін драмалық шығармаға тән диалогтар жоқтың қасы. Бірақ соған қарамастан, театр әртістері, оның қоюшы режиссері Тасеменова Сәлима жап-жақ­сы қойылым жасапты. Иә, актерлер айтатын бар ойды, оқиғаларды ыммен, мимикамен, балетке тән пластикалық қозғалыстармен кө­рер­мендерге жеткізе білді. Бұл қойылымда бар болмысы­мен көрермендер көңілін жаулап, баурап алатын, сөйлейтін басты ке­йіпкер – қобыз, қазақтың қара қо­бызы. Қойылымның ұзына бойын­да Қобыз үні бірде күңіреніп, бірде боз інгендей боздап, енді бірде қос ға­шықтың жүрек сырларын, ынтық та ыстық махаббат сезімдерін, көңіл күй­лерін бебеулете шертеді. Қой­лы­бай да, Тілеп те, Са­ры­қыз да, басқа бақсылар да қо­быз­шылар. Домбыра қазақтың сал, серілерінің, әнші, жыр­шы, жы­рауларының саз аспабы болса, қобыз бақсылардың қаруы бо­л­ған. Қазақ – қайғысы мен қасіреті, шеккен азабы мен көрген қорлығы, мұңы көп халық. Соның бәрі, хал­қы­мыздың жүрегіне бай­ла­­нып қат­қан шемен шері, мұң-за­ры қобыз үнін­де, қобыз күйінде қал­ған. Қо­йы­лымда тар­тыл­ған қо­быз үні бебеулеп хал­қың­ның ба­сынан өткен қилы тари­хын, кешкен сор, көрген нәубеттерін көз алдыңа әкеледі. Қойлыбай да, Тілеп те өз бас­тарының ғана емес, халқының мұ­ңын мұңдап, шерін шерлеп, жоғын жоқтап, қылқобыз шанағынан бе­беу­летеді.Қойлыбай рөліндегі Ерхан Барақов, Тілеп рөліндегі Нұрлан Бай­шин, Сарықыз рөліндегі Сымбат Хасеновалар жақсы ойын көрсетті. Өз рөлдерінің мәнін терең түсініп, болмысына еніп шынайы шығарды. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» деп Абай айтқандай, Нұрлан мен Сым­бат Тілеп пен Сарықыздың бір-бір­леріне деген ғашықтық құштар сезімдерін әдемі де әсем пластикалық қимылдармен, ынтыққан көзқарас­тары­мен, айқасқан ыстық құшақ­тарымен бедерлеп-бейнелеп бере білді. Қойылымда поэмадан үзінді­лер берілуі де орынды шыққан. Кө­рі­ніс­терде ауысып отырған жыр­шы­лардың орындаушылық шеберліктері, үні, мақамдары, әрине, әртүрлі деңгейде.Спектакль соңынан пікір білдірген поэма авторы Н.Айтов «бі­рнеше жыршы жырлағаннан гө­рі үні мен мақамы жақсы бір-ақ жыршы орындағаны дұрыс бола­тын еді» деген. Шынында бұл сөз­дің жаны бар сияқты. Неге десеңіз, жыршы автордың рөлінде ойнайды емес пе. Сол жыршылардың ішінде Қостанай, Торғай өңіріне елге аты белгілі Бөлтірік Молдашевтың орын­дауы көрермендер көңілінен шықты десек, бұл артық айтқандық емес. Қойылым бағ­дар­ламасында бақсылар деп он актердің ат­тары жазылып көр­се­тілген. Бірақ кө­рер­мен қауым олар­дың балет әртістеріне тән қаздай қалқып жүре­тін нәзік қимыл-қоз­ғалысына, жүріс-тұ­рыс­тарына, аппақ киімдеріне қарап, бақсылар емес, Қой­лыбай мен Тілепті жебеп-желеп жүрген періштелерге ұқсатты. Қалай болғанда да Арқалық қазақ жасөспірімдер театры қой­ған «Тілеп – Сарықыз» қойы­лы­мы сәтті шықты деп нық сеніммен айта аламыз. Көрермендердің әртістер ойынына жиі қол соғып, қошемет көрсетіп отырғаны со­ның бірден-бір дәлелі десек, осы­нау Торғай театрының Астана тө­рінде өнер көрсетуі елорда жұрт­шы­лығы, мұндағы жерлестері үшін зор қуаныш болды. Соның бір дәлелі, спектакль соңында сахнаға көтеріліп, алғыс айтушылар қатары да мейлінше мол болды. Айталық, Парламент Мәжі­лі­сінің депутаты Кенжеғали Саға­диев театр ұжымын құттық­тай келіп, Торғай жерінің қайта тү­леп, ша­руашылықтарының өр­кен­дейтінін, келер жылы Арқа­лыққа қарай Ақ­төбе облысының Ырғыз қаласынан теміржол тар­ты­ла бастайтынын, со­ған қажетті қаржы қаралғанын ай­тып, сүйін­ші сұрады. Одан кейін Тор­ғай түлек­терінің бірі, белгілі кәсіпкер һәм меценат, Тілеп бақсы­ның тікелей бесінші ұрпағы және осы қойы­лым демеушісі Сапар Ыс­қақов та өз ризашылығын білдірді. Сапардың біз білмейтін бір қызметі бар екен. Ол Мәскеуде ор­наласқан халықаралық «Жүз жыл­дық­тың жомарттары» (Меценаты столетия) қорының академигі кө­рі­неді. Сол қордың өкілдігімен Ар­қа­лық театры ұжымын Аста­на­ға бастап келген Қостанай облы­сы әкім­дігінің мәдениет басқа­р­ма­сының бастығы М.Сле­сарь­ды, театр ди­рек­торы О.Мұхатованы, «Тілеп – Сарықыз» поэмасының ав­торы Н.Айтовты жоғарыдағы қор­дың «Честь и польза» атты омырау­лық медалімен марапаттады. Иә, ләйім өнер өрге өрлей бергей! Жұма- Назар СОМЖҮРЕК, жазушы.