Торғай театрының тың табысы
Сахналанған әр жаңа қойылым өнерсүйер қауымның қызығушылығын тудырады. Ақын Несіпбек Айтовтың «Тілеп – Сарықыз» поэмасы бойынша дайындалған қойылымды астаналықтар жақында Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театры сахнасынан көріп тамашалады. Қойылымды Арқалық жасөспірімдер театры көрсетті. Әрине, көрермендердің көпшілігі торғайлықтар болғаны түсінікті десек, кезінде Серке Қожамқұлов атындағы музыкалық драма театры республикамыздағы маңдайалды театрлардың бірінен саналып, атағы дүрілдеп-ақ тұрды. Театрдың Алматыға барған әр гастрольдық сапары жайында басылымдар жарыса жазып жататын. Театр сыншыларының ауызымен «Торғай театры шалғайдағы театр емес, маңдайдағы театр» атанған. Сол тамаша театр кейін 1988 жылы Торғай облысы алғаш жабылғанда Жезқазған қаласына берілді.
Торғай облысы 1990 жылы қайта ашылғанда, театр да қайта құрылып, Ахмет Байтұрсынов атына ие болды. Облыс қайта жабылғанда театр енді Қостанай қаласына қоныс аударды. Сөйтіп, бұрын қазақ драма театры болмаған екі қаланы торғайлықтар театрландырды. Бірақ Арқалық қаласы театрсыз қалған жоқ. Амангелді және Жангелдин аудандарының халық театрларының әртістері мен басқа да өнерлі, талантты жастары жасөспірімдер театрын құрды. Сөйтіп, аңыздағы өртелсе де күлден қайта түлеп, тіріле беретін Феникс құс тәрізді Торғай театры өмірге қайта келіп, Арқалық қаласы тұрғындарына ғана емес, ел көлемінде гастрольге шығып, өз өнерлерін көрсетіп жүр.
«Тілеп – Сарықыз» поэмасы бұдан екі ғасыр бұрын өмір сүрген, атақты қобызшы бақсылар туралы сыр шертеді. Тілеп бүкіл қазақ даласында аты кеңінен жайылған Қойлыбай бақсының шәкірті болып, одан қобыз тарту өнерін де, бақсылықтың тылсым сырларын да үйреніп, меңгеріп алады. Қойлыбайдың қызы Бүлдіршін де Тілеппен бірге әкесінен қобыз үйренеді. Екі жастың арасындағы шәкірттік сыйластық кейін махаббатқа ұласады. Тілеп өз ауылына оралып, елде қобыз тартып, бақсылық жасап бірнеше жыл жүріп, ел түр-түсіне қарай Сарықыз атандырып жіберген Бүлдіршінді қайта іздеп келеді.
Әкесі қайтыс болғаннан кейін, Сарықызды жұрт Қойлыбаймен көңілдес пері әйелінен туыпты-мыс деп өсекке таңады. Онымен қоймай, перілермен, жындармен байланысы бар, елге бақытсыздық әкеледі деп ауылдан қуып жібереді. Тілеп оны Ақкөл жағасында қобызын күңірентіп жүрген жерінде жолықтырады. Бір-бірін аңсап, сағынып көріскен Тілеп пен Сарықыз бақыт құшағында жарасып, қобыз тартысып қуанышты күй кешеді. Екеуі үйленбекші болады. Бірақ Сарықызға жауыққан ауыл есерсоқтарының бірі тасаланып келіп, садақ тартады. Сарықыз ауыр жараланып, Тілептің көз алдында, қолында қайтыс болады. Қобыздың қасиеті де, Тілептің бақсылық өнері де туралап келген ажалдан Сарықызды аман алып қала алмайды.
Қойылым көрсетілімінде, міне, осы оқиғалар көз алдыңнан өтіп жатады. Ал енді әртістерінің ойынына келсек, бұл поэманы сахналау оңайға түспегені анық. Өйткені, мұнда әртістердің ойнауларына жеңілдік келтіретін драмалық шығармаға тән диалогтар жоқтың қасы. Бірақ соған қарамастан, театр әртістері, оның қоюшы режиссері Тасеменова Сәлима жап-жақсы қойылым жасапты. Иә, актерлер айтатын бар ойды, оқиғаларды ыммен, мимикамен, балетке тән пластикалық қозғалыстармен көрермендерге жеткізе білді.
Бұл қойылымда бар болмысымен көрермендер көңілін жаулап, баурап алатын, сөйлейтін басты кейіпкер – қобыз, қазақтың қара қобызы. Қойылымның ұзына бойында Қобыз үні бірде күңіреніп, бірде боз інгендей боздап, енді бірде қос ғашықтың жүрек сырларын, ынтық та ыстық махаббат сезімдерін, көңіл күйлерін бебеулете шертеді. Қойлыбай да, Тілеп те, Сарықыз да, басқа бақсылар да қобызшылар. Домбыра қазақтың сал, серілерінің, әнші, жыршы, жырауларының саз аспабы болса, қобыз бақсылардың қаруы болған. Қазақ – қайғысы мен қасіреті, шеккен азабы мен көрген қорлығы, мұңы көп халық. Соның бәрі, халқымыздың жүрегіне байланып қатқан шемен шері, мұң-зары қобыз үнінде, қобыз күйінде қалған. Қойылымда тартылған қобыз үні бебеулеп халқыңның басынан өткен қилы тарихын, кешкен сор, көрген нәубеттерін көз алдыңа әкеледі.
Қойлыбай да, Тілеп те өз бастарының ғана емес, халқының мұңын мұңдап, шерін шерлеп, жоғын жоқтап, қылқобыз шанағынан бебеулетеді.Қойлыбай рөліндегі Ерхан Барақов, Тілеп рөліндегі Нұрлан Байшин, Сарықыз рөліндегі Сымбат Хасеновалар жақсы ойын көрсетті. Өз рөлдерінің мәнін терең түсініп, болмысына еніп шынайы шығарды. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» деп Абай айтқандай, Нұрлан мен Сымбат Тілеп пен Сарықыздың бір-бірлеріне деген ғашықтық құштар сезімдерін әдемі де әсем пластикалық қимылдармен, ынтыққан көзқарастарымен, айқасқан ыстық құшақтарымен бедерлеп-бейнелеп бере білді.
Қойылымда поэмадан үзінділер берілуі де орынды шыққан. Көріністерде ауысып отырған жыршылардың орындаушылық шеберліктері, үні, мақамдары, әрине, әртүрлі деңгейде.Спектакль соңынан пікір білдірген поэма авторы Н.Айтов «бірнеше жыршы жырлағаннан гөрі үні мен мақамы жақсы бір-ақ жыршы орындағаны дұрыс болатын еді» деген. Шынында бұл сөздің жаны бар сияқты. Неге десеңіз, жыршы автордың рөлінде ойнайды емес пе. Сол жыршылардың ішінде Қостанай, Торғай өңіріне елге аты белгілі Бөлтірік Молдашевтың орындауы көрермендер көңілінен шықты десек, бұл артық айтқандық емес.
Қойылым бағдарламасында бақсылар деп он актердің аттары жазылып көрсетілген. Бірақ көрермен қауым олардың балет әртістеріне тән қаздай қалқып жүретін нәзік қимыл-қозғалысына, жүріс-тұрыстарына, аппақ киімдеріне қарап, бақсылар емес, Қойлыбай мен Тілепті жебеп-желеп жүрген періштелерге ұқсатты.
Қалай болғанда да Арқалық қазақ жасөспірімдер театры қойған «Тілеп – Сарықыз» қойылымы сәтті шықты деп нық сеніммен айта аламыз. Көрермендердің әртістер ойынына жиі қол соғып, қошемет көрсетіп отырғаны соның бірден-бір дәлелі десек, осынау Торғай театрының Астана төрінде өнер көрсетуі елорда жұртшылығы, мұндағы жерлестері үшін зор қуаныш болды.
Соның бір дәлелі, спектакль соңында сахнаға көтеріліп, алғыс айтушылар қатары да мейлінше мол болды. Айталық, Парламент Мәжілісінің депутаты Кенжеғали Сағадиев театр ұжымын құттықтай келіп, Торғай жерінің қайта түлеп, шаруашылықтарының өркендейтінін, келер жылы Арқалыққа қарай Ақтөбе облысының Ырғыз қаласынан теміржол тартыла бастайтынын, соған қажетті қаржы қаралғанын айтып, сүйінші сұрады. Одан кейін Торғай түлектерінің бірі, белгілі кәсіпкер һәм меценат, Тілеп бақсының тікелей бесінші ұрпағы және осы қойылым демеушісі Сапар Ысқақов та өз ризашылығын білдірді.
Сапардың біз білмейтін бір қызметі бар екен. Ол Мәскеуде орналасқан халықаралық «Жүз жылдықтың жомарттары» (Меценаты столетия) қорының академигі көрінеді. Сол қордың өкілдігімен Арқалық театры ұжымын Астанаға бастап келген Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының бастығы М.Слесарьды, театр директоры О.Мұхатованы, «Тілеп – Сарықыз» поэмасының авторы Н.Айтовты жоғарыдағы қордың «Честь и польза» атты омыраулық медалімен марапаттады.
Иә, ләйім өнер өрге өрлей бергей!
Жұма- Назар СОМЖҮРЕК, жазушы.