Кеше Сенаттың кезекті жалпы отырысында палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, аталған мерекенің тәуелсіздіктің арқасында жаңа сипатқа ие болғандығын ерекше атап өтті.
Күн тәртібіне сәйкес депутаттар «1992 жылғы 23-25 қарашада Копенгагенде қабылданған Озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль хаттамасына Түзетуді және 1997 жылғы 15-17 қыркүйекте Монреальда қабылданған Озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль хаттамасына Түзетуді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады. Аты айтып тұрғандай, заңдық құжатты қабылдау еліміз кәсіпорындарына қаржылық және техникалық көмек алуға, балама және неғұрлым қауіпсіз технологияларға көшу кезінде шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сенаторлар Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов таныстырған заң жобасын бірауыздан қабылдады.
Жалпы отырыс барысында сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Аталған заң жобасы 5 кодекс пен 52 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Бұдан басқа Сенат «Лицензиялау туралы», «Этил спирті және алкоголь өнімінің өндірілуі және айналымын мемлекеттік реттеу туралы», «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы», «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» және «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңдарға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынды. Талқылау нәтижесі бойынша заң жобасы Сенат енгізген өзгерістер және толықтыруларымен Парламент Мәжілісіне жіберілді.
Отырыс соңынан БҰҰ Бас хатшысының орынбасары әрі аталған Ұйымның Женевадағы орталығының директоры болып тағайындалған Қасым-Жомарт Тоқаев осы жүйедегі жоғары лауазымына қатысты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне түсінік берді. Бұл лауазымға білікті дипломатты Елбасы Н.Назарбаев өзінің БҰҰ Бас хатшысымен келіссөз барысында ұсынған-ды. Егер Мемлекет басшысының мұндай беделі болмағанда, тиісті шешім қабылданбас та еді, деген ойын білдірген Сенат Төрағасы бұл, сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің өсіп отырғандығын айғақтайтынын айтты. Сондай-ақ, Елбасының 2010 жылы өткен Ядролық қарусыздану және таратпау жөніндегі жаһандық саммитке қатысуы, маңызды да тартымды ойларды ортаға салуы Қазақстанның бұл саладағы айтарлықтай жетістіктерін паш етті. Қасым-Жомарт Тоқаев осының барлығы оның БҰҰ жүйесіндегі жоғары лауазымға тағайындалуына себепші болғандығын баса айтып өтті.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.