Нақты статистикаға сүйенсек, бүгінде 329 кәсіпорын іске қосылып, 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Осы аталған өндіріс орындарын құру үшін 360 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды.
Бұл жерде екі индустриялық аймақты ерекше атап өтуге болады. Ол – «Бозарық» пен «Жұлдыз» өндіріс алаңы. Қала әкімдігі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге айрықша басымдық беріп отыр. Осыған байланысты тағам өнеркәсібіне негізделген «Бозарық» индустриялық аймағы ашылды. Бұл өндіріс алаңының аумағы – 132 га. Мұнда 20 кәсіпорын орналасуға тиіс. Қазіргі таңда «Алтай фуд» өндіріс орны ғана құрылысын аяқтап, өнім шығарып жатыр. Кәсіпорын тәтті мармеладтар өндіреді. Бизнес жобаны іске асыруға инвесторлар 500 млн теңге қаржы құйды.
Ал «Жұлдыз» индустриялық аймағы құрылыс өнімдерін шығаруға негізделген. Өндіріс алаңы 306 гектар жерге жайғасқан. Жоспарға сәйкес мұнда 72 кәсіпорын бой көтеруге тиіс. Осы мақсатқа орай 235 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Өндіріс аймағы толық қуатына көшсе, 4 635 адам жұмыспен қамтылады. Ал бүгінгі таңда мұнда 8 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
Олардың үшеуі былтыр іске қосылды. Бұл өндірістер – автоклавты газды бетон шығаратын «Sauran Brikcs», ПВХ құбырларын өндіретін «Политрейд Казахстан» және темірбетон бұйымдарын жасайтын «Altyn Land» ЖШС.
Қалада қазір құрылыс саласы қарқын алып келеді. Пайдалануға берілетін көпқабатты тұрғын үйлер жылдан жылға артып отыр. Одан бөлек әлеуметтік нысандардың құрылысы да көптеп салынып жатыр. Міне, осы ғимараттардың бәріне құрылыс материалдары қажет. Ал құрылыс компанияларының сұранысын толық қанағаттандыру отандық құрылыс өнімдерін көбейту арқылы жүзеге асатыны белгілі. Сондықтан да жергілікті атқарушы билік құрылыс индустриясын өркендетуге ерекше мән беріп отыр.
«Жұлдыз» индустриялық аймағында енді іске қосылатын кәсіпорындар әлі көп. Сол себепті құрылыс заттарын өндіру жағынан Шымкент келешекте көш бастайды деген үміт бар. Сондай-ақ қала әкімдігі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен тамақ өнеркәсібіне айрықша ден қоя бастады. Оған осы саладағы кейінгі жылдары жеткен жетістіктер куә. Соның бір мысалы «Бозарық» индустриялық аймағында қолға алынып жатқан инвестициялық жобалар болса, екіншіден еліміздегі ең ірі жылыжай кешендерінің бірі де осы мегаполисте ашылды.
Дей тұрғанмен аталған өндіріс алаңдарында бүгінде таңда шешімін күткен мәселелер баршылық екен. Ол жөнінде индустриялық аймақтарға жауапты мекеме басшысы Марат Сейдалиев айтып берді. «Бозарықта» қосалқы станса салынып жатыр. Оның құрылысы бітпей кәсіпорындар іске қосыла алмайды. Себебі электр қуаты жетпейді. Ал қосалқы станса құрылысы қашан аяқталатыны белгісіз. Қазір жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Одан кейін жобасы жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтуге тиіс. Бірнеше газ тарату қондырғылары да қолды болып кетті. Суға келсек, қазір мердігер компания мен энергетикаға жауапты басқарма арасында сот болып жатыр. Дегенмен индустриалды аймақта құрылыс жұмыстары тоқтаған жоқ. Оған қажетті 100 кВт электр қуаты жеткілікті. Өндіріске 1000 кВт-дан жоғары электр энергиясы қажет. Ал бұл қуатты беретін тек қосалқы станса ғана. «Жұлдыз» индустриялық аймағында да жарық тапшы. Ол электр энергиясын жанындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан алып отыр. «Жұлдызды» толық электр қуатымен қамтамасыз ету үшін өзіндегі 80 мВт қосалқы стансасын жаңғыртып, қуаттылығын 160 мВт-ға көтеру қажет. Осы мақсатты іске асыру үшін жаңғырту жобасы жасалды. Ол биыл шілдеде мемлекеттік сараптамадан өтіп бітуге тиіс», дейді М.Сейдалиев.
ШЫМКЕНТ