09 Қаңтар, 2017

Кітап. Қолтаңба... және той

1496 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

karashash-apay-2

Жақында бір туысымыздың туған күніне не сыйласақ екен деп санамыз сан саққа жүгіріп тұрғанда, басымызға бір идея сарт ете қалды. «Баяғыда бір-бірімізге шын көңілмен кітап тарту етіп, ішіне он ойланып, жүз толғанған ізгі тілегімізді, тіпті кейде жырдың шымыр шумағымен өріп, мәз-мейрам болып жатпаушы ма едік. Көптен бері үзіліп қалған сол рухани байлықпен жарылқау дәстүрін неге қайта жаңғыртпасқа?» деген ой ғой мазалаған. 

Әбден ойланып, ең соңғы рет кімнің мерекеде кітап сыйлап, құттықтағаны еске әзер түскені-ай. Сонда бұл неден? Адам өзгерді ме, заман өзгерді ме? «Заманның бүлінген түгі жоқ, адамдардың ниеті, пиғылы тарылып, бұзылғандықтан» деп баяғыда жарықтық қариялар әлденеге күй­зелгенде, көңілдерін осылай кірбің-көлеңке үйіретін еді. Рас-ау, қазір мате­риалдық байлыққа тәуелді адам­дар көбейіп кетті. Өзіңізді һәм жайғасатын орныңызды тойына апарған қолыңыздағы ақшаңыздың құнына қарай өлшейтін құлқынның құлдары азаймай тұр.  Той-томалақта еңкейген қарттан елпеңдеген жасқа дейін дүйім жұрттың алдында сыйлығын әспеттей атап, абырой-беделі тек сол әкелген қымбат бұйымының бағасына байлаулы тұрғандай  қипалақтап қалатыны тағы шындық. Қадау-қадау қазынаның арасынан шіркін, «Кітап – үйдің ашулы тұрған терезесі», «Кітап – ғасырларға сапар шеккен ақыл ескерткіші», «Келешектің бақыты мен құдіретті күші жолында адамзат жаратқан күллі кереметтердің ең күрделі де ұлы кереметі кітап бола алады»... деп қашаннан қастерленген рухани байлықтың не үшін көрінбей кеткеніне бір сәт көңіл дүрбісін салу еді мақсатымыз. Осы қалада өзіміз сыртынан құрмет тұтып сыйлайтын  ел ағаларының бірі ұзатылып бара жатқан қызының жасауына том-том кітабын сыйлағанда, дүйім ел сүйсінді. «Міне, қазақтың мұнан кейінгі келешек ұрпағына табыс етілер басты мұрасы осы болуы керек, ертеңгі көкжиегіміз кең, аспанымыз ашық болсын десек, біз оларға ең асыл қазынамыз – кітап сыйлауды, білімнің кілті сонда екенін айтуды ұмытпауымыз керек» деген сондағы лебіз­ді жандары қалмай құптаған көп­шіліктің көңіл күйі еміс-еміс есі­мізге түскенде, ол жайлы әңгімені әр кез қаузай бергіміз келіп тұратыны рас. ...Жақсы кітап болсын, сапасы нашар кітап болсын, кітапты рәсуә етуге, тастауға болмайды. Сөреміздегі кітаптарды сұрыптап отырғанда, Қал­тай Мұхамеджановтың 1998 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген көк түсті кітабы көзге оттай басылды. Мұнда қаламгер ағамыздың: «... өнер – әдебиет сапарындағы еңбегің хал­қымыздың игілігіне айнала берсін!..» деген айшықты қолтаңбасы бар. Белгілі ғалым, марқұм Рахманқұл Бердібаевтың «Байқалдан Балқанға дейін» кітабын ашқанда: «...бұл кітаптың рухын қолдар деген сенім­мен, ақ тілекпен Рахманқұл. Санкт-Петербург. 28.04.97.» деген лебіз тұр. Мән берсек, қолтаңба жыл өт­кен сайын құны арта беретін өте бір маңызды мұраңыз екен. Оқысақ, Өзбекәлі Жәнібеков, Мүсілім Базар­баев ағаларымыздың үйіндегі апаларымыз тарту еткен, сондай-ақ Фариза Оңғарсынова, Фарида Шәріпова, Сәбит Досанов, Рахымжан Отарбаев, Баянғали Әлімжанов, Кәмел Жүністегі... сияқты мұнан да басқа бірталай қаламгер аға-апаларымыздың кітаптарындағы қолтаңбалар, тілектер қандай әсерлі десеңші... Бірақ біздің бүгінгі әңгімеміздің мақсаты  мерекелерде, тойларда бір-бірімізге тек пүліш шапан жаба бермей, бір ауық кітап та сыйлап тұруды қазақы дәстүрімізге айналдырайық деген ойды көпшілік талқысына тастау еді. Яғни, өткен күндердің еншісіндегінің бәрін ескіліктің сарқыты деу қате.  Соның бірі – кітап сыйлау. Бұрын балалар мұғалімдеріне, достарына мерекеде кітаптан басқа ештеңе тарту етпейтін. Бұл түсінік өмірде кітапқа жететін байлық жоқ деген бекзат ұғымды мегзейтін. Қазір сол дәстүр сақталған ба? Ең аяулы ұстазына, досына бүгінгінің өрендері не сыйлайды? Жүрегінің жылуын кітаптағы қолтаңбаға мөлдірете төге алып жүр ме? Осы туралы айтайы­н дегенбіз. Өткен шақтың шаңына көміліп қалуға тиіс емес мұндай жауһар қазынаны қалай ұмытасың, қалай естен шығарасың?! Кітаптан артық сыйлық жоқ.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».