Өткен сенбі, жексенбі күндері Астанада 6500-ден астам азамат тіркеуге тұрса, оның ішінде шамамен 2400 адам уақытша тіркелген, деп хабарлайды Астана қалалық ІІД баспасөз қызметі.
Астана қалалық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Батырлан Есенбайдың айтуынша, тұрғылықты жері бойынша азаматтардың уақытша тіркеуге тұруы туралы көші-қон заңнамасындағы жаңа ережелерге байланысты осы жылдың 7-8 қаңтарында Көші-қон полициясының қызметкерлері Халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтарды қабылдаған.
«Халыққа қызмет көрсету орталықтарында халыққа ыңғайлы жағдай жасау және азаматтардың тіркелу үдерісінен жедел өтуін қамтамасыз ету мақсатында қала, аудандарындағы халықтың тығыздығына байланысты көші-қон полициясының жұмыс орны төрттен алтыға дейін ұлғайтылды. Демалыс күндері Астана бойынша жалпы 6500-ден астам адам тіркелді, оның ішінде 2400 азамат уақытша тіркеуге тұрды», – деді Б. Есенбай.
Айта кетейік, тұратын немесе уақытша тіркеуге тұру үшін пәтер иесінің (пәтер иесі жеке куәлігімен өзі келуі қажет) немесе пәтер иесінің сенімді тұлғасының келісімі қажет. Сонымен қатар тіркелушінің жеке куәлігі мен 226,9 теңге мөлшерінде тұрғылықты мекенжайға тіркелгендігі үшін мемлекеттік салық төлегендігі туралы түбіртегі қажет болады.