09 Қаңтар, 2017

"Болашақ" түлегі ұлттық аксессуар брендін құрды

451 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
2010 жылы "Болашақ" бағдарламасымен Британияда магистратура бойынша білім алып қайтқан Әсел Әділдің мамандығы қаржыгер. Бұл туралы Forbes Қазақстан басылымы жазады. "Мен шет елде оқып жүріп Қазақстанға деген сағынышымды білдіретін ұлттық нақыштағы аксессуар іздедім. Дегенмен, ол кезде тек қолдан жасалған (hand made) бұйымдар ғана сатылатын. Ал олардың сапасы айтарлықтай жақсы емес. Сол кезде маған ұлттық нақыштағы оюлармен өрнектелген, қолдан емес, фабрикада сапалы дайындалған бұйымдар жасау туралы ой келді", - дейді шебер. Жаңа стартапқа әпкесі Әселдің әпкесі Индира да қолдау білдіріп, 15 мың доллар қаржы береді. Осылайша Adili брендімен ұлттық нақыштағы бұйымдар өмірге келеді. "Бастапқыда сату жағы қиындау болды. Фабрикада өндіріс жүру үшін тапсырыс та тиісінше көп болуы керек. Менің Қытайда таныстарым бар еді, солар тапсырыстарымды орындайтын тігін шеберханасын тауып берді. Қазір біз Түркияға да тапсырыс беріп жатырмыз", - дейді Әсел. Апалы-сіңілі Индира мен Әсел басында Қазақстанда тігуді жоспарлаған екен. Дегенмен, елде мұндай тапсырыстарды орындай алатын шеберхана болмаған. Қазір кәсіпкердің негізгі әріптестері Қытайда, алдағы уақытта Әсел Италияның компанияларымен де жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Брендтің пайда болғанынан бергі төрт жыл бойы Әсел жалғыз жұмыс істеп келеді. "Менің бұл салада ешқандай да білімім жоқ. Тек бала кезде шығармашылыққа құмар едім", - дейді Әсел.