09 Қаңтар, 2017

Қырғыз өнімдерінің Ресейге Қазақстан арқылы өтуіне рұқсат берілді

267 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қырғыз ауылшаруашылық өнімдерінің Ресей Федерациясына Қазақстан арқылы тасымалдауына рұқсат берді. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті. Мұндай шешімге 2016 жылдың 26 желтоқсанында Санкт-Петербургтегі Еуразиялық экономикалық одақтың Жоғары кеңесінің экономикалық комиссиясында қол жеткізілген. Оған сәйкес, Қырғызстан ауыл шаруашылық өнімдерінің 102 тауары еліміз арқылы Ресейге, ары қарай Беларусь нарықтарына шыға алады. Дегенмен қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасы аумағында санитарлық-ветеринарлық бақылау сақталған. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бұл шешім Қырғызстанның Кедендік Одаққа енуі аясындағы негізгі міндеттемелердің бірін орындау мақсатында жасалып отыр. "Қырғызстанмен арадағы тауарайналымын арттыру мақсатында, ветеринарлық-санитарлық бақылауда тұрған қырғызстандық өнімдердің Қазақстан аумағы арқылы Ресейге транзиттелуін, сонымен қатар Қырғызстанның мал және балық шаруашылығы өнімдерін еліміздің оңтүстік өңірлеріне жеткізілуін қамтамасыз ету ұсынылды", - деді Г. Исаева. Бүгінгі таңда ЕАЭО мүше-мемлекеттерінің өкілетті инспекциялық органдарының бірлескен қорытындысы бойынша қырғыздың 15 мекемесі ресейлік нарыққа және 8 мекеме қазақстандық нарыққа (оңтүстік аймаққа) ветеринарлық бақылауға жататын белгілі бір тауарларды жеткізуге мүмкіндік алды. Мысалы, термикалық (жылу) өңдеуден өткен сүт өнімдері, дайын ет және балық өнімдері. Онымен қоса, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің және «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның «Қырғызстан Республикасынан Ресей Федерациясына Қазақстан Республикасының территориясы арқылы карантиндік фитосанитарлық бақылауға және ветеринарлық-санитарлық бақылауға жататын карантиндік өнімдерді темір жол көлігімен транзиттеу тәртібін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, Қазақстан территориясы арқылы қырғызстандық карантин өнімдерін Ресейге транзиттеу 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, темір жол көлігімен қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасы аумағына кіргенде - Луговой Эксп бекетімен, РФ территориясына шыққанда - Илецк Эксп бекеті арқылы  жүргізіледі.