10 Қаңтар, 2017

Қаланы көріктендірген қар мүсіндер

767 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ақтөбе қаласында жергілікті басқарушы компаниялардың қатысуымен өткен қардан жасал­ған мүсіндер байқауы қоры­тын­дыланып, ең үздіктері анықталды. Қалалық әкімдік ұйымдастырған байқауға қаладағы 28 басқарушы компания қатысты. Байқауды өткізудегі мақсат  тұрғын үй аула­­ла­рында қардан мүсін жасап, шаһарды шырайландырып, оқу­шылардың демалыс уақыт­та­рын тиімді пайдалануға жағдай жа­сап, қала тұрғындарына көте­рің­кі көңіл күй сыйлау болып табылады. Шарада сөз алған қала әкімі Ілияс Испанов мұндай байқау­лардың әлі де жалғасатынын тілге тиек ете келіп, жаз айларында аулалардың ішін абаттандыру  жұ­мыстары жүргізілетінінен хабардар етті. Байқау нәтижесі бойынша Есет батыр көшесіндегі  №105 үйдің ауласында жасалған сырғанақ  бірінші орынды иеленді. №14 басқару компаниясы жасаған сырғанақтың ерекшелігі тауық жылын бейнелеуімен құнды. Қызылды-жасылды түстерге боялған мүсіннің биіктігі – 4 метр, ал сыр­ғанақтың ұзындығы 20 метрге жуық болып қалады. Екінші орын №11, ал үшінші орын №4 басқару компания­ларының еншісіне бұйырды. Жеңімпаз және жүлдегер   басқару­шы компанияларға  арнайы сертификат табысталды. Қазір Ақтөбе қаласында тұр­ғын үйлер аулаларын қысқы кезеңге сай көріктендіру және спорт алаңдарын ашу жұмыстары жүргізілуде. Мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдердің қысқы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында 60-қа жуық мұз айдыны ашылып, игілікке қызмет етуде. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» АҚТӨБЕ 1453363618_2-ak-orda 1453363621_dsc_0831 1453363618_1tasbaa 1453363610_5-ekspo 1453363588_3-aliya-men-manshik