«Ашу – дұшпан» деген рас екен. Ашуланған кезде адам баласын жақтырмай кетесің ғой. Мен ашуланған кезде келіншегім үйде аяғының ұшымен жүреді. Аузындағысын айтсам ба екен, айтпасам ба екен дегендей қас-қабағымды бағып отырады.
Өткенде үйге өзімше ашуланып келгенмін ғой. Қабағым түксиіп, тынысым тарылып, тарс-тұрс етіп жүрсем, келіншегім бірнәрсені айта алмай, әрі-бері көлбеңдей береді. «Не болды?» дедім бірден. Күмілжіп тұрып айтты. Күн сайын жетінші сыныпта оқитын баламды көлігіммен мектептен алып қайтып жүрмін ғой. Кешкі сағат тоғыздан кейін. Енді бүгін бір ата-ана келіншегіме телефон шалып, жұмыстан шыға алмай жатқанын айтып, баласын үйіне жеткізіп тастауды өтініпті. Бірақ ол бала қаланың екінші басында тұрады екен. Біздің үй мен ол жақ тіптен алыс.
– Сонда түн ішінде қаланың ана басына, темір жолдың ар жағына барамын ба?
– Енді амал жоқ қой, Орал! Бір өтініп қалған екен...
– Машинасы жоқ деп айта салмайсың ба?
– Енді ұят қой, Орал...
Сонымен, қабағым түксиіп мектепке кеттім. Менің балам мен әлгі бала мектеп қақпасының алдында тұр екен. Сигнал бастым. Жүгіріп кеп екеуі салонға отырды. Әлгі бала қолын созып амандасып жатыр. Салқын амандастым-ау деймін. Екі бала да көңіл күйімнің жоқ, ашулы екенімді бірден сезді. Рульге жабысып бедірейіп отырмын. Тіпті екеуі отырған арт жаққа мойын бұрмаймын. Тым-тырыс келе жатырмыз. Құдай біледі, екеуі де сөйлеуге менен бата алмай отыр.
Айттым ғой, «Ашу – дұшпан» деп... Ашуланғанда көзің тұманданып, айналаңды көрмей қаласың ғой деймін. Мектептен енді ұзай бергенде бағдаршамның сары шамына өтіп кетіп, МАИ-дың ысқырығы шыр ете қалғанда есімді бір-ақ жинадым.
Иә, МАИ қызметкері маған ысқырыпты. Қызыл таяғын шолтаң еткізді де, көшенің шет жағын көрсетіп, тоқтауымды өтінді.
Ал сонымен басталды. Құжаттарды көрсеттім. Бір қарады да көліктің ішінде отырған МАИ қызметкеріне бере салды. «Журналист едім» десем, түсінбейді. Хаттама толтырайын деп жатыр. Танитын МАИ қызметкерлерімнің аты-жөнін айтып, тізіп шықтым. Пысқырмады да... «Соларға телефон шалайын» десем, «Сөйлеспеймін» деп бедірейеді.
Не істерімді білмей, сыртта мәңгіріп тұр едім. Көліктен әлгі бала түсті. «Әй, шықпаңдар көліктен, тыныш отырыңдар...» дегенімше болған жоқ. Әлгі бала көше бойында тұрған МАИ қызметкеріне: «Бақтияр көке, қалайсыз? Мен ғой... Біржан» деп, айқайлады. Ұзын бойлы МАИ қызметкері жақын кеп жарықты қолымен көлегейлеп, тесіліп қарады. Сөйтті де: «Ой, Біржан, сен қайдан жүрсің?» деді күлімдеп. Зу етіп мен де жетіп бардым.
– Сабақтан шықтым. Мына ағай үйге жеткізіп тастауға апара жатыр... Мен бұл кісінің баласымен бірге оқимын...
Формалы жігіт маған бір, жас балаға бір қарады.
– Жүр, біздің көлікке мін. Өзім жеткізіп тастаймын.
– Жоқ, осы көлікпен-ақ бара беремін, – деді бала.
– Иә, иә... Өзім-ақ жеткізіп тастаймын ғой. Баратын жері мына тұрған жер... Әуре болмай-ақ қойыңыз, – деп, мен де зуылдай бастадым. Әлгі ашуымнан жұрнақ та қалмаған.
– Жақсы, онда жолдарың болсын! Әпкеме сәлем айт!
Ұзын бойлы МАИ қызметкері көлігіне барды да, құжаттарымды лезде алып шықты.
– Бауырым, інімді үйіне дейін жеткізіп тастай сал... Мақұл ма? – деді құжаттарымды қолыма ұстатып жатып...
– Әрине, әрине...
Үшеуміз жолда келе жатырмыз. Тағы да тым-тырыс отырмыз.
– Сабақтарың қалай? – дедім бір кезде. Даусым жұп-жұмсақ.
– Жақсы.
– Бүгін баға алдыңдар ма?
– Жоқ, бүгін баға қоймады...
– Сенің есімің Біржан ба?
– Иә, Біржан...
– Жаңағы МАИ кімің болады?
– Нағашы ағам...
– Ә, дұрыс екен... Папаң мен мамаңа айтып қой, егер жұмыстан шыға алмай жатса бірден бізге телефон шалсын... Онсыз да мектепке күн сайын келемін ғой... Апарып тастауға қиналмаймын...
– Мейлі, айтамын...
«Ұялған тек тұрмас» деген, содан сол баланың үйіне жеткенше үшеуміз әңгіме айтып бардық.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»